Жозеп Боррель еуро-дипломатия Украинаны ЕО-ға қосу үшін тер төгуге мәжбүрлеу керек деп айтты ма?

1 қазанда желінің орыс тіліндегі бөлігінде Еуроодақтың шетел істері мен қауіпсіздік саясаты бойынша жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Киевтегі жұмыс сапары кезінде Украинаны ЕО-ға кіру алдында «үлкен жекпе-жек» күтіп тұрғанын, «еуропалық дипломатия Украина қоғамын ол үшін тер төгуге мәжбүрлеу керек» деп мәлімдеді деген ақпарат (ТАСС, «Газета.ru», «Известия», «Коммерсантъ», The Moscow Times, Мария Захарова, Московский комсомолец, Страна.ua, УНИАН, Zakon.kz) тарады. Боррель «Украина «үнемі екі алып империя арасында тепе-теңдік ұстап отырды» және қазір «еуропалық құндылықтарға бейімделіп келе жатыр» деп айтты делінген.

Біз Украинаны екі фронтта да – соғыста және оның Еуропалық одақ мүшесі болуын да қолдаймыз. Біріншісі – сұмдық айқас болса, екіншісі – күрделі айқас. Сұмдық болмау себебі – адамдар өлмейді, бірақ бәрібір қиын болады және сіз украин қоғамын тер төгуге мәжбүрлеу үшін бәрін істеуіңіз керек. Бұл – Еуроодақтың маңызды уәдесі. Бұл жағдай [Украинаның қосылуы] ертең, арғы күні де бола қоймайды, бірақ біз оның тезірек қосылғанын қалаймыз. Себебі ол Украина қауіпсіздігі үшін ең жақсы кепіл.

ТАСС бойынша Жозеп Боррель айтқаны

Осыған ұқсас ағылшын тіліне аударылған мәтін Caliber.az, RuNews24.ru, Tellerreport.com сайттарында пайда болды.

Боррель шынында осындай мәлімдеме жасады ма? Factcheck.kz редакциясы тексеріп көрді.

Үкім: Жалған

Желіден кілт сөздер бойынша іздеп және Жозеп Боррельдің Украинада болған кездегі ресми сөз сөйлеген сәттерін тыңдап мұндай сөз айтпағанын анықтадық.

ТАСС хабарлауынша, ол мәлімдемені Еурокомиссияның баспасөз қызметі жүргізген тікелей эфир кезінде жасаған. Дегенмен органның ресми сайты мен әлеуметтік желілерінен мұндай трансляцияны таппадық. Күмән тудыратын тағы бір жайт – Жозеп Боррель айтты делінген сөз орыс тілді ақпарат көздерінде жарияланған. Бұған дейін айтылған ағылшын тіліндегі жариялымдар да ТАСС немесе «Коммерсантъ» басылымдарына сілтеме жасаған. Ал Коммерсантъ УНИАН-ға сілтеген. УНИАН болса – сөзді сайтта емес, Telegram-арнасында ТАСС-тан кейін бірнеше сағаттан соң және ешқандай сілтеме көрсетпей жариялады.

Сондай-ақ ТАСС бұл сөз «қауымдастық миссиясы қызметкерлерінің» алдында сөз сөйлеген кезде айтылғанын атап өткен, бірақ қандай миссия екені – Еурокомиссия ма, Украинадағы Еуропалық одақ Консультатив миссиясы ма, әлде басқа туралы айтылды ма – белгісіз.

Бұл – желіде трансляцияланып, бірақ жазбасы сақталмаған жеке кездесу болды дегеннің өзінде, логикаға салсақ, оны тек Ресей журналистері ғана бақылап отырмайды.

Толығырақ

Бізді Боррельдің 1 қазанда Киевте жасаған мәлімдемелері қызықтырып отыр, себебі осы күні Боррель мәлімдемесі туралы жаңалық пайда болды, ал локацияны дереккөздер атап өткен. Соған қарамастан біз оның бұрын айтқан, мәселен, Одессаға барған кезде жасаған мәлімдемелерінің бәрін тексереміз.

Сонымен, Еуропалық сыртқы байланыс қызметінің сайтында 1 қазанда ресми тұлғалардың сөз сөйлегені туралы деректер базасында біреуі ғана бар – Боррельдің баспасөз алдында ресейлік ақпараттық манипуляция мен әскери агрессия тақырыбындағы сөзі. Онда сыртқы саяси қызмет басшысы соғыс, Ресей дезинформациясымен күрес тәсілдері, Украинаны ЕО және АҚШ елдерінің қаржылай және әскери қолдауы туралы сөз қозғады. Бірақ Украинаның ЕО-ға кіру мәселесі талқыланбады.

30 қыркүйекте Жозеп Боррель Одессаға барды. Саясаткердің сапар кезіндегі екі мәлімдемесі жарияланды. Біріншісі Одесса мәдени мұрасын Ресейдің жоюына қатысты болса, екіншісі Одесса портына барған кезде айтылды. Онда Боррель портқа дрондармен шабуыл жасауды және Украина астығы экспортын бұғаттауды сынға алды.

Әлеуметтік желілермен қатар, Еуропалық комиссия сайтындағы баспасөз хабарламаларының тізімінде де Боррельдің Украинаға барғаны туралы ешқандай ақпарат жоқ. Еуроодақтың Украинадағы Консультативтік кеңес сайтында да, Украина Сыртқы істер министрлігінің сайтында да ешқандай есеп жоқ. Түсінгеніміз бойынша, Жозеп Боррельдің сапары мен іс-әрекеттерінің бәрін Еуропа сыртқы байланыс қызметі тіркеп отырған. Бұл мекеменің әлеуметтік желісіне алда қайта ораламыз.

30 қыркүйектен 1 қазанға қараған түні Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде Сыртқы байланыс қызметі Боррельдің Одессада үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп жатқан сәтінен шағын видео жариялады. Сонда ЕО Сыртқы саясат қызметінің басшысы мағынасы бойынша Әлеуметтік желіде тараған мәлімдемеге келетін бірдеңе айтып жатыр.

Мен украиналық адамдарға таңғаламын, себебі олар бір уақытта бірнеше нәрсені жасауға мәжбүр. Олар соғыста жеңіске жетіп, тұрақты саяси жүйе құруы керек. Сіздер бір сәтте, тіпті соғыс болып жатса да сайлау өткізу керек боласыздар. Сіздер Еуропалық одақ мүшесі болуға дайындалу керексіздер. Себебі ол көп күшті, қоғамда барлық дәрежеде бейімделуді қажет ететінін тәжірибемнен білемін. Мүше болу (ЕО-ға) Украина үшін шамшырақ (үміт шамшырағы) екенін түсінемін, біз үшін де бұл – Еуропалық одақтағы маңызды өзгеріс. Біз сізбен және басқалармен басқа одақ боламыз…

Жозеп Боррель

Десе де, бұл мәлімдемеде де, басқаларында да Украинаны «күрделі жекпе-жек» күтіп тұрғаны, империялар арасындағы тепе-теңдік пен еуропалық дипломатия Украина қоғамын жұмыс істеуге мәжбүрлеу керегі туралы ештеңе айтылмаған.

Боррельдің X желісіндегі жеке парақшасында да мұндай мәлімде жоқ.

Украинаның Еуроодаққа жолы

Украина 2022 жылдың 28 ақпанында Еуропалық одаққа мүше болуға ресми өтініш жолдады. 23 маусымда Еуропа парламенті көп дауыспен Украинаның ЕО-ға үміткер дәрежесін қолдау туралы резолюция қабылдады. Шешім ішкі саяси реформалардың жеті шартын бекіткен Еуропалық комиссияның тұжырымдамасына негізделді. Оған сәйкес, Украина сот жүйесін реформалап, жемқорлықпен күресті күшейтіп, антиолигархия жобасын жүзеге асырып, БАҚ туралы жаңа заң қабылдап, азшылықтың құқын қорғауы керек. 2023 жылғы маусымның соңындағы жағдай бойынша, Украина Еуропалық комиссияның жеті шартының екеуін орындады.

Украина тәуелсіздік алғалы бері Еуроодаққа кіруге ұмтылып келе жатқанын еске сала кетейік. Жоғарғы Раданың 1993 жылдың 2 шілдесіндегі «Украинаның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары» туралы қаулысында «Еуропа қауымдастықтарына, сонымен қатар басқа да Батыс Еуропа немесе жалпыеуропалық құрылымдарға мүше болуға» ұмтылу керегі декларацияланған.

Бір қызығы, 29 қыркүйекте, Жозеп Боррель сөзі туралы жалған ақпарат пайда болғанға дейін екі күн бұрын Украинадағы ЕО елшісі Катарина Матернова «Европейская правда» басылымына берген сұхбатында Украинаның Еуроодаққа мүше болуы мүмкін мерзім – 2030 жыл деп мәлімдеді. Көп жұмыс істеп, реформа қарқынын ұстап тұрса, мүшелікке қол жеткізуге болады.

Контекст

2023 тамызында Боррель Украинаға 2024–2027 жылдарға арналған әскери көмек қорын (EPF) құруды ұсынды. Жыл сайын қордан Киевке 5 млрд еуроға дейін бөлініп отырады. Сонымен қатар ЕО дипломатиясының басшысы Еуропада оқитын Украина әскері санын алдағы айларда 40 мыңға жеткізуді ұсынып, қазіргі күні дайындықтан 25 мың адам өткенін тілге тиек етті. Ол миссия украиналық пилоттарға F-16 истребительдерін басқаруды үйретуге үлес қоса алады деп толықтырды.

30 қыркүйекте АҚШ президенті Джо Байден сенат (жоғарғы палата) мен өкілдер палатасының (төменгі палата) ізін ала ел үкіметін қаржыландыруды 45 күнге созу туралы жобаны бекітті. Оған үкіметті қаржыландыру мен табиғат апаттарынан зардап шеккендерді қолдау кірді, бірақ тізімде Украинаға көмек жоқ. Бірақ АҚШ президенті тағы бір дауысқа салу құрылып, Украинаға қаржылай көмек көрсететін жаңа пакет қабылданатынынан үмітті екенін жеткізді.

Біз қандай жағдай болса да Американың Украинаға қолдауын тоқтата алмаймыз. Менің екінші тараптағы достарым (республикашылар) Украинаны қолдаймыз деген сөзінде тұрады деп үміттенемін. Олар Украинаға бөлек дауыс беру арқылы қолдау көрсетеміз деп мәлімдеген. Біз Украинаны Американың қолдауын тоқтатуға жол бере алмаймыз.

Джо Байден

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz