Жөргенбаев урбанизация туралы қаншалықты рас сөйледі?

22 ақпанда өткен сенат отрысында депутат Жанболат Жөргенбаев урбанизация туралы айтып, бірнеше дерек келтірген.

Factcheck.kz сенатор сөзінің қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамына көз жүгіртсек, 2050 жылға қарай урбанизация 70%-ға дейін жетуі мүмкін.

Жанболат Жөргенбаев

Үкім: Шындық

Біріккен ұлттыр ұйымының дерегінше, расымен қалада тұратын халық саны 2050 жылға қарай 70%-ке өсуі мүмкін.

Ұйымның жазуынша, қала тұрғындарының өсуінің басым бөлігі Азия мен Африкада, әсіресе туу деңгейі жоғары Қытай, Үндістан мен Нигерияда болады.

Мәлімдеме: Мәселен, статистикалық мәлімет бойынша қала тұрғындарының үлесі 56%-дан 62%-ға дейін өсті. Ауылдарда тенденция басқаша. Ауыл халқы тиісінше 43,9%-дан 38,8%-ға дейін төмендеген. Мәселен, бүгінгі күнге елімізде халық саны 50 адамнан аз 549 ауыл бар.

Жанболат Жөргенбаев

Үкім: Шындық

Депутат нақты қай уақыт аралығын меңзегенін айтпаған. Дегенмен, 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша, 1999 жылы қалада халықтың 56,4%-і тұрса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 61,2%-ке өскен. Ауыл халқы осы уақыт аралығында 43,6%-тен 38,8%-ке төмендеген.

Экономикалық зерттеулердің мемлекеттік институты жергілікті органдардың деректеріне сүйеніп, Қазақстанда 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 50 адамнан аз халық тұратын 549 ауыл бар екенін, оларда 14 мыңнан астам адам тұратынын хабарлады.

Мәлімдеме: Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнің мәліметі бойынша жыл сайын тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шамамен 2 миллион адам өтеді.

Жанболат Жөргенбаев

Үкім: Шындыққа жақын

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, жыл сайын 1,7 млн астам азамат тұрғылықты жері бойынша тіркеуге қатысты өтініш білдіреді.

Министрліктің жазуынша, қазір қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

Мәлімдеме: Дамыған елдерде халықтың төрттен үш бөлігі қалаларда тұрады.

Жанболат Жөргенбаев

Үкім: Шындыққа жақын

Депутаттың “дамыған елдер” дегені түсініксіздеу әрі аудиторияны шатастыратын мәлімдеме болуы мүмкін. Себебі мемлекеттердің “дамығанын” өлшейтін көрсеткіштер методологиясы мен зерттеу тақырыбына қарай бір-бірінен ерекшеленеді.

Дегенмен, депутаттың мәлімдемесінің жаны бар: Eurostat дерегінше, 2015 жылы Еуропа халқының төрттен үшке жуығы қалада тұрған. Ал G7 (экномикасы дамыған елдер) қатарына кіретін АҚШ халқының 89,16%-і, Канада халқының 81,75%-і, Жапония адамдарының 91,96%-і қалада тұрады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz