Телефон радиациясы баланың психоэмоцианалды дамуына теріс әсер ете ме?

Әлеуметтік желіде «‎телефон радиациясының баланың миының қабылдау дәрежесі»‎ деп көрсетілген видео тарады. Бейне авторы, үш сурет көрсетіп, 5 жасар баланың, 10 жасар баланың және ересек адамның миының радиация қабылдау деңгейі осындай дейді (1, 2, 3). Одан соң, мұның себебі баланың миында судың көбірек екені, ол радиацияны көбірек өткізетіні туралы айтады. Автордың айтуынша, телефон радиациясы баланың психо-эмоцианалды дамуына кері әсер ететін бірден бір фактор.

Телефон радиациясы баланың психоэмоцианалды дамуына теріс әсер ете ме?
Желіде тараған ақпараттың скриншоты

Factcheck.kz редакциясы шынымен де телефон «‎радиациясы»‎ бала денсаулығына зиян деген мәлімдеменің қаншалықты рас екенін тексерді.

Үкім: Дәлелденбеген

Factcheck.kz қарастырған ғылыми әдебиет пен ғылыми орталықтардың деректеріне сүйенсек, телефон мен смарфондар ақпарат алмасу үшін пайдаланатын радиотолқынның зиян екені дәлелденбеген (1, 2, 3, 4). Бұл тұста экран алдында ұзақ отыру баланың психо-эмоцианалды дамуына теріс әсер ететіні рас екенін айта кеткен жөн. Бірақ мұның радиотолқынға байланысы барына дәлел жоқ, бала сау өсуі үшін мүмкіндігінше көп қимылдап, жақсы ұйықтауы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 5 жасқа дейінгі балаға экран алдында күніне 1 сағаттан артық отырмауға кеңес береді.

Бұл тұста радиотолқынды радиацияға теңеудің өзі қате, өйткені радиотолқын иондамайтын диапазонға жатады, ол атомдар мен ДНҚ-ға әсер ете алмайды. Ал иондаушы (рентген сәулелерін, радонды және ғарыштық) сәулелердің энергиясы адамға расымен зиян болуы мүмкін. Дей тұрғанмен, баланың денесі мен миы ересектерге қарағанда кішкентай екенін, сондықтан да радиотолқын оған көбірек әсер ететінін де айта кету керек.

Бұл тақырыпты талдауды күрделендіретін тағы бір мәселе — деректердің көбі телефон пайдаланатын радиотолқын мен балаларда ісіктің пайда болуы арасындағы байланысқа арналған. Дегенмен көптеген ұйым радиотолқынның басқа да зияны бары дәлелденбегенін жазады.

Мысалы, 2018 жылы жарияланған ғылыми жұмыста балалардың миы ересектерге қарағанда ұялы телефоннан тарайтын сәулені көбірек сіңіретіні және әлі де зерттеулердің қажет екені айтылады.

Радиотолқын, орталықтардың позициясы және ми ісігі жөніндегі алаңдаушылықтар

АҚШ-тың аурудың алдын алу және бақылау орталығының (CDC) жазуынша, ұялы телефондар мен сымсыз телефондар сигналдарды жіберу үшін радиожиілік (радиотолқын) сәулеленуді пайдаланады. Радиотолқын сәулеленуі радиацияның басқа түрлерінен (мысалы, рентген сәулелері) ерекшеленеді. Ұялы телефондардың радиотолқын сәулеленуі бірнеше жылдан кейін денсаулыққа байланысты проблемаларды тудыруы мүмкін екенін нақты дәлелденбеген.

Ұйым одан бөлек, қазір денсаулық проблемаларын ұялы телефонды пайдаланумен байланыстыратындай дәлел жоқ дейді. Ұялы телефонды пайдалану денсаулыққа әсер ететінін дәлелдеу үшін ғылыми зерттеулер әлі де жүргізіліп жатыр.

CDC оның үстіне ұялы телефонның пайдасын да ескерген жөн екенін ескертеді. Смартфонды пайдалану шұғыл немесе төтенше жағдайда пайдалы болуы мүмкін.

АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасының (FDA) жазуынша, ұйымның дәрігерлері, ғалымдары мен инженерлері ұялы телефондардың радиотолқынының денсаулыққа әсеріне қатысты ғылыми зерттеулер мен жарияланымдарды үнемі талдап отырады. Ұйымның мәліметінше, 30 жылға жуық ғылыми деректер ұялы телефондарды пайдаланудан болатын радиотолқын энергиясының әсерінен қандай да бір мәселеге себеп болатыны дәлелденбеген.

FDA тағы бір жарияланымында Еуропаның 14 елінде ұялы телефондардың 10 мен 24 жас аралығындағы жастарға әсері туралы эпидемиологиялық зерттеу туралы жазды. Бірақ ол зерттеу телефонның ми ісіктерінің қаупін арттыратынын бағалау үшін жүргізілген. Зерттеуге телефонды тұрақты пайдаланатын ми ісігі бар 899 және ми ісігі жоқ, бақыланған топ — 1 910 адам қатысқан. Зерттеу жастардағы ұялы телефонды қолдану мен ми ісіктері арасындағы байланыс туралы ешқандай дәлел жоқ деген қорытындыға келді.

Ал Cancer.gov сайтының жазуынша, ұялы телефонның денсаулыққа ықтимал әсерін талдағанда балаларды бөлек зерттеу керек екендігі туралы айтылып тұрады және бұл негізсіз емес. Балалардың жүйке жүйесі әлі де дамып жатыр, сондықтан кейбір факторларға осал болуы мүмкін. Балалардың басы ересектердікіне қарағанда кішірек, сондықтан ұялы телефондар пайдаланатын радиотолқын пропорционалды тұрғыдан көбірек әсер етеді. Сондай-ақ, балалар ересектерге қарағанда ұялы телефонның әсеріне көбірек ұшырайды (уақыт тұрғысынан).

Дегенмен бұл ұйым да зерттеулер ісік пен радиотолқын арасында байланыс табылмағанын жазады.

2011 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бөлімшесі — қатерлі ісіктерді зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік (IARC) ұялы телефонды пайдалану туралы барлық қолда бар дәлелдерді тексеру үшін сарапшылардың жұмыс тобын тағайындады. Олардың мақсаты телефон пайдалану мен ми обыры арасындағы байланысты түсіну еді. Бірақ жұмыс тобы адам зерттеулерінің шектеулі екенін, кеміргіштердегі радиотолқын мен қатерлі ісік зерттеулерінің шекті екенін және механикалық зерттеулердің қарама-қайшы нәтижелеріне сүйеніп, ұялы телефонды пайдалануды «адам үшін канцерогенді болуы мүмкін» деген қорытындыға келген.

FDA жазуынша, қазіргі ғылыми деректер ұялы телефон пайдаланушыларына радиотолқын энергиясынан, соның ішінде балалар мен жасөспірімдерге қауіп бар екенін көрсетпеген. Сондай-ақ кез келген адам, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер радиотолқын әсерін азайтқысы келсе, келесі қарапайым қадамдарды істей алады.

  • Ұялы телефонды пайдалану уақытын азайту қажет;
  • Ұялы телефонды басқа жақындатпау үшін динамик режимін, құлаққаптарды пайдалану керек;
  • Сигнал әлсіз болған кезде қоңырау шалудан аулақ болу қажет, себебі бұл ұялы телефондардың радиотолқын тарату қуатын арттырады;
  • Сөйлесуден гөрі мәтіндік хабар алмасуды қарастырған жөн, бірақ көлік жүргізу кезінде хабарлама жазбаған дұрыс.

ДДСҰ не дейді?

Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нақты балаларға арналған радиотолқынға қатысты ұсыныстары мен позициясын таба аламдық. Дегенмен ұйымының 2019 жылғы рекомендацияларына сәйкес, бес жасқа дейінгі балалар дені сау болып өсуі үшін экран алдында немесе арбалар мен балалар орындықтарында аз уақыт өткізіп, жақсы ұйықтауы және көп ойынауы қажет.

ДДСҰ сарапшылар тобы ұйқының азаюы мен экран алдында немесе жабық кеңістікте биік орындықтар мен арбаларда өткізген уақыттың кішкентай балаларға әсерін талдаған. Сондай-ақ, мамандар дене белсенділігінің жоғары деңгейінің пайдасы туралы деректерді сараптаған.

Ұйымның ұсыныстарының бірі — 1 сағаттан астам қозғалмай отырмауға (мысалы, беседкаларда/арбаларда) кеңес береді. Экран алдында күніне 1 сағаттан артық отырмау ұсынылады; яғни экран алдында неғұрлым аз отырса, соғұрлым жақсы. Баланың қимылдауы аз кезде онымен ересек адамның сөйлесуі (мысалы, ертегілер мен әңгімелерді оқу) ұсынылады.

Сурет қайдан шықты?

Байқауымызша, сурет орыс тіліндегі желіде кем дегенде 2013 жылдан бері тарап келеді және әртүрлі платформада (кейде презентацияның бір беті ретінде), форумда жарияланған (1, 2, 3, 4, 5). Оның үстіне бұл үлкен суреттің кесіп алынған бөлігі болып шықты.

Телефон радиациясы баланың психоэмоцианалды дамуына теріс әсер ете ме?
Суреттің толық нұсқасы

Дегенмен бұл иллюстрацияның түпнұсқасы 1996 жылы Юта университетінің проффесорлары жариялаған «‎Ұялы телефондар 835 және 1900 МГц жиілікте жұмыс істеген кезде адамның басы мен мойынындағы электромагниттік толқындардың жұтылуы»‎ атты еңбектен алынғанға ұқсайды. Бұл жұмыста авторлардың мақсаты 835 және 1900 МГц жиілікте жұмыс істейтін ұялы телефондар пайдаланатын электромагниттік энергияны зерттеу еді.

Авторлар ұялы телефондардың электромагниттік энергиясын зерттеу үшін соңғы айырмашылық уақыт домен әдісін және миллиметрлік рұқсаты бар жаңа анатомиялық негізделген адам моделін пайдаланған. Желіде орыс тілінде тараған сурет 835 МГц жиілікте жұмыс істейтін ұялы телефондар пайдаланатын электромагниттік энергияның жұтылу иллюстрациясы көрсетілгенге ұқсайды.

Телефон радиациясы баланың психоэмоцианалды дамуына теріс әсер ете ме?
Дереккөз: researchgate.net

Қазір Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің деректеріне сай, сымсыз телефондар 2 400 МГц-ке дейін техникалық параметрлерге сәйкес рұқсат беру құжаттарын талап етпейді.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz