Сәбіз бойдың өсуіне әсер ете ме?

Көп адам бала кезінде сәбіз көп жеу бойдың өсуіне әсер етеді деген мифті естіген болар. Осыған ұқсас қазақ және орыс тіліндегі мәлімдемені көптеген ақпараттық және сұрақ-жауап сайттан табуға болады (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7).

Сәбіз бойдың өсуіне әсер ете ме?
Желіде тараған ақпараттың бірі

Factcheck.kz бұл мифтің қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.

Үкім: Манипуляция

Ғалымдардың айтуынша, адам бойының 60-80%-і ДНҚ тізбегінің вариациясына байланысты. Қалған 20-40% — қоршаған ортаның әсері, әсіресе тамақтану аса маңызды. Соның ішінде бойыдың өсуіне А, D витамині мен кальций әсер етеді. Ал сәбізге ерекше түс беретін бета-каротин мен антиоксидантты біздің организм А витаминіне айналдырады. Осылайша, сәбіз бойдың өсуіне тікелей әсер етпейді, тек жанама ықпалы бар. Бірақ бойдың басым бөлігі — генетикалық факторларға байланысты.

Толығырақ

Нәрестелер мен балалар тоқтаусыз өсіп отырады. Бұл — қол мен аяқтың сүйектерінің өсу пластинкаларының өзгеруіне байланысты процесс. Өсу пластинкалары жаңа сүйекті жасаған сайын, сүйектер ұзара түсіп, баланың бойы өседі.

2 мен 5 жас аралығындағы балалар әдетте жылына 6,3-8,9 сантиметр өседі. 10 жасқа қарай балалар жыл сайын 6,3 см-ге өсіп отырады. Шамамен 11 жастан 21 жас аралығында жасөспірімдер ересек бойының соңғы 15-20%-іне жетеді. Осыдан кейін өсу пластинкалары жаңа сүйек шығаруды доғарады және адамның өсуі тоқтайды. Әдеттегі қартаю процестеріне байланысты адамдар қартайған сайын біртіндеп шөге бастайды.

Ғалымдар адамның бойының шамамен 80%-і тұқым қуалайтын ДНҚ тізбегіндегі өзгерістермен анықталады деп есептейді. Кейбір сирек кездесетін ген нұсқалары бойға айтарлықтай әсер етеді. Дегенмен, адамдардың көпшілігінде бой ең алдымен генетикалық нұсқалардың комбинациясы арқылы бақыланады, олардың әрқайсысы бойға неғұрлым қарапайым әсер етеді, сонымен қатар қоршаған орта факторларының (мысалы, диета) ықпалы азырақ. Мұндай гендердің 700-ден астам нұсқасы ашылды және тағы да анықталуы мүмкін.

Тафтс университетінің жанындағы адамның қартаюын зерттеу орталығының қызметкері Чао-Цян Лайдың жазуынша, Аустралиядағы Квинсленд медициналық зерттеулер институтының қызметкері Питер М.Вишер аустралиялық егіздер мен бауырлардың 3 375 жұбын зерттеп, бойдың тұқым қуалаушылығы 80% екенін анықтаған. Бұл бағалау объективті болып саналады, өйткені ол егіздер мен аға-әпкелердің кең популяциясына, сондай-ақ генетикалық маркерлерге арналған ауқымды зерттеулерге негізделген. АҚШ-тағы ақ нәсілді еркектердің бойының тұқым қуалаушылығы да 80% деп есептеледі. Бұл бағалаулар 8 798 жұп фин егіздерінің тағы бір зерттеуімен расталады, олардың тұқым қуалаушылық ерлер үшін 78%, ал әйелдер үшін 75%.

Дегенмен Чао-Цян Лайдың айтуынша, азиялықтардың арасында бойдың тұқым қуалаушылығы 80%-тен әлдеқайда төмен. Ғалым мысалыға 2004 жылғы 385 отбасыдан тұратын қытайлық зерттеушілердің еңбек нәтижесін келтіреді. Бұл зерттеуде бойдың тұқым қуалаушылығы 65% деп бағалаған.

Дегенмен бойдың өсуіне генетикалық және биологиялық детерминанттардан басқа қоршаған орта факторлары да әсер етеді, соның ішінде ананың жүктілік кезіндегі диетасы, темекі шегуі және зиянды заттардың әсері де бар. Дұрыс тамақтанған, дені сау және белсенді баланың бойы дұрыс тамақтанбаған, жұқпалы аурулармен ауыратын я болмаса тиісті медициналық көмек көрсетілмеген балаға қарағанда үлкенірек болуы мүмкін.

Чао-Цян Лайдың сөзінше, өсу үшін ең маңызды қоректік зат — бала кезде ақуызды дұрыс тұтыну. Минералдар, әсіресе кальций мен А, D дәрумендері де өсуге әсер етеді. Сондықтан балалық шақта дұрыс тамақтану айтарлықтай маңызды. Жоғарыда жазғанымыздай, сәбізге ерекше түс беретін бета-каротин мен антиоксидантты біздің организм А витаминіне айналдырады.

Яғни, қорытындылай келе, бойдың өсуіне ДНҚ-ның әсері көп болса да, бала кезден дұрыс тамақтану, дұрыс ұйықтау, физикалық белсенділік және т.б. факторлардың да ықпалы бар.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz