«Штрафстан» сөзі үшін айыппұл салына ма?

Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде Қазақстанды «штрафстан» деп атайтындарды жиі байқаймыз. Осыған қатысты Instagram әлеуметтік желісінде rustamassadov атты пайдалануышы «Қазақстанды “штрафстан” деп айтуға тыйым салынады, айыппұл 73 840 теңге» деген мәтінмен видео жариялады. Кейіннен өзге де парақшалар дәл осы видеоны бөлісе бастаған (1, 2, 3), кейбір парақша видеосыз ақпарат ретінде таратты (1, 2, 3). Factcheck.kz редакциясы ақпараттың қаншалықты рас екенін анықтады.

«Штрафстан» сөзі үшін айыппұл салына ма?
Instagram әлеуметтік желісінен скриншоты

Үкім: Сатиралық жаңалық

Ақпаратты алғаш болып Qaznews24 сатиралық ақпарат агенттігі 2024 жылы 7 желтоқсанда таңғы 07:05-те жариялаған. Ақпаратты таратқан басқа аккуанттар осыдан соң бұл деректі «жаңалық» ретінде жариялай бастады. Qaznews24 — сатиралық жазба жариялайтын парақша. Ақпаратқа рерайт жасаған парақшалар жазбаның әжуа екенін ескермеген. Сондай-ақ, қазіргі Қазақстан заңнамасында «штрафстан» дегені үшін жауапкершілікке тарту туралы жеке бап жоқ.

Сатиралық жаңалықты шын ақпарат ретінде таратқан rustamassadov парақшасының иесі 8 желтоқсандағы видеосында Qaznews24 жазбасының деректерін еш өзгеріссіз айтып шыққан. Оның ішінде ол айыппұлдың 20 АЕК болатыны, бір жыл ішінде қайталанса 50 АЕК-ға жететінін қайталайды. Алайда, ақпараттың сатира ретінде жарияланғаны туралы деректі ескертпейді.

Rustamassadov видеосында Qaznews24-тің басқа деректерін де айна-қатесіз айтады. Мысалы ол Qaznews24-тің «Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстан азаматтарына салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы саны мен сомасы тарихи максимумға жетті: Қазақстандықтарға 142 миллиард теңге айыппұл салынып, оның 99 миллиарды өндірілген», – деген ақпаратын алған.

Бір қызығы, ақпаратты мәтін ретінде таратқан парақшалар Qaznews24 жазбасының суретін қолданған, бірақ сатиралық парақшаның логотипін кесіп тастаған, оның сатиралық жаңалық екенін ескертпеген.

«Штрафстан» сөзінің медиада кең тарауына заң шығарушы органның өзі де себеп болатын секілді. 2024 жылдың 4 желтоқсанында өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев айыппұл мөлшерінің артқанын сөз етіп, «штрафтсан құрып жатырмыз» деді. Дегенмен кейінгі уақытта мәжілісте пен сенатта «штрафстан» сөзін қолданғаны үшін айыппұл салу мәселесі қаралмаған. Премьер-министр сайтында да бұл туралы ақпарат жоқ.

Factcheck.kz редакциясы өткен жылдың соңында, жаңартылған айыппұл мөлшерлері туралы ақпаратты тексеріп көрген еді. Деректерге сәйкес, 2025 жылы подъезде қоқыс қалдырғаны үшін 10 АЕК — 39 320 теңге айыппұл салу қарастырылса, қоғамдық жерде түкіруге 39 320 теңге айыппұл салынады. Кәмелетке толмаған баланың сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемесінде болуына жол бергені үшін де 39 320 теңге айыппұл қарастырылған. Өзге де өзгерістерде мақаланың толық нұсқасынан оқуға болады.

Сондай-ақ, қоғам арасында «штрафстан» сөзінің кең таралуына «көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салынады» деген ақпарат та себеп болған сияқты. Factcheck.kz редакциясы бұл ақпаратты да тексеріп ақпараттың манипуляция екенін жазған.

Журналист-фактчекер

Factcheck.kz