Кейінгі күндері “көлікті 5 минуттан артық қыздырса айыппұл салынады” деген ақпарат тарап жүр (1,2,3,4,5). Ақпаратқа сенсек, көп қабатты үйлердің ауласында көлікті ұзақ уақыт қыздырған азамат 5 АЕК арқалайды. Ақпарат қаншалықты рас, Factcheck.kz тексеріп көрді.
Үкім: Манипуляция
ҚР ІІМ бекіткен Жол жүрісі қағидасының 88-бап 5-тармағына сәйкес, көлік егер тұрғындарға қолайсыздық келтіретін болса елді мекендерде тоқтап тұруға тыйым салынған. Егер де заң бұзылған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 597-бап, 1-тармағына сәйкес 5 АЕК (2025 жылы – 19 660 тг) айыппұл салынады. Алайда дәл осы заңның 803-бабына сәйкес шағымданушы тараптан арнайы хаттама және дәлел ретінде бейнематериалдар мен фото болуы керек. Яғни 5 минуттан артық оталып тұрған кез келген көлікке айыппұл салынады деген ақпарат – манипуляция.
ІІМ өкілінің айтуынша, бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс белгілі бір азаматтың шағымынан кейін ғана қаралады, яғни кез келген 5 минуттан артық тұрған көлікке айыппұл салынады деген ақпарат – жаңсақ. Ал “5 минут” деген уақыт қайдан шықты? ҚР ІІМ бекіткен Жол жүрісі қағидасында былай делінген:
Тоқтап тұру – көлік құралының жүрісін жолаушыларды отырғызуға немесе түсіруге не көлік құралын тиеуге немесе түсіруге байланысты емес себептер бойынша бес минуттан асатын уақытқа әдейі тоқтату.
Шетелде бұндай практикалар бар ма?
- АҚШ-тың Калифорния штатындағы елді мекендерде автобус пен жүк тасымалдаушы көлік қозғалтқышының 5 минуттан артық оталып тұруына тыйым салынған; Ал Нью-Йорк көлік қозғалтқышының тұрақта, аялдамада және тоқтау кезінде 3 минуттан артық қосылып тұруына жол бермейтін кодекс бар;
- Торонтода оталып тұрған көлікті бір минутқа дейін шектейтін арнайы қаулы бар;
- Германияда қозғалтқышты еш себепсіз оталдырып қалдыруға тыйым салынған;
- Ал Лондонда тұрақта және аялдамада көлің қозғалтқышының себепсіз қосылып тұруына тыйым салынған.
ДДСҰ-ның мәліметінше, қалалардағы ауа ластануының басты себептерінің бірі – автокөлік шығындылары. Автокөлік тек оталып тұрса да көмір қышқыл газын (CO2) және азот оксидін (NOx) шығарады және бұл айтарлықтай деңгейде ауаның ластануына әкеп соғады. Сондай-ақ зерттеулер көрсеткендей, автокөлік шығындыларынан туындаған ауаның ластануы белгілі бір деңгейде респираторлық ауруларды, өкпе және жүрек-қан тамыр ауруларын тудыруы мүмкін.