Нәресте жөргегі белсіздік пен бедеулікке әкелетіні рас па?

2 ақпанда Instagram әлеуметтік желісінде ақ халат киген адам нәрестені орауға және жөргектерге байланысты бірнеше дерек келтірді. Ол сәбиді қысып орау керек екенін айтып, «жөргектер бала денсаулығына зиян» деген ақпарат таратты. Жазба 40 мыңға жуық реакция, 1500-нан аса пікір жинаған.

Factcheck.kz бұл мәлімдемелердің қаншалықты рас екенін тексерді.

Мәлімдеме: Умная нация ешкімге керек емес. Особенно тем, кто рекомендует это делать, да? Американская методика свободного пеленания. Умная нация никому не нужна. Из-за этого бесікке жатпаған бала отсталый болады. Роддомда да не пеленают же, одевают памперс.

Instagram желісінен (мәлімдеменің түпнұсқа стилистикасы сақталды — авт.)

Үкім: Жалған

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі (ДСМ) Factcheck.kz редакциясына берген жауабында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) сілтеп, нәрестені қысып орау оның денсаулығына зиян екенін хабарлады. Бұл баланың иілгіш бұлшықеті бүгілмеуіне, буындарының дұрыс дамымауына әкелуі мүмкін. Сондықтан нәрестеге еркін қимылдауға мүмкіндік беру керек. Яғни, ДСМ баланы қатты қысып орауды ұсынбайды.

NCBI хабарынша, оралған сәбилер аз оянып, ұзақ ұйықтайды. Шала туылған нәрестелердің жүйке-бұлшықет дамуының жақсаруы, физиологиялық стрестің төмендеуі байқалып, қозғалыстың жақсаруы және өзін-өзі реттеу қабілеті жоғары болады. Баланы дұрыс орау бойынша ұсыныстар:

  • Сәби жаялықтан шығып кетпейтіндей жеңіл орау;
  • Бала терлемес үшін оны қабат-қабат орамау;
  • Нәрестені арқасына жатқызып ұйықтату;
  • Бала аунай бастағанда жаялықтарды қолданбау.

Мәлімдеме: Имейте ввиду, обязательно без памперсов, шүмекпен. Потому что дисплазия болады.

Instagram желісінен (мәлімдеменің түпнұсқа стилистикасы сақталды — авт.)

Үкім: Жалған

ДСМ жазуынша, шүмек қолданған кезде нәресте ұзақ уақыт қимылсыз жатады. NCBI дерегінше, бұл керісінше жамбас дисплазиясына әкеледі. Бұдан нәрестенің қан айналуы мен дене қызуы нашарлауы мүмкін. Еркін орау — қозғалуға, аяқ-қолды бүгуге және созуға мүмкіндік береді. Бала аяғын бір-бірінен ажырата алады, бұл дисплазиясының алдын алады. Ал жөргекті нәресте денесін еркін ұстап, дене қызуын, қан айналымын жақсарту мақсатында қолдану тиімді. Сондықтан, дәрігерлер жөргек қолдануға қарсы емес.

Мәлімдеме: Памперсы не одевайте. Потому что памперсные дети уже подростки, уже жених болды ғой. Ұрықтары дұрыс емес. Қыздардың да ұрығы дұрыс емес, балдардың да ұрығы дұрыс емес. Ұл баланың әшәуі [ жыныс мүшесі – ред.] всегда проветриваться етіп тұру керек. Ылғал болмау керек. Неғұрлым памперс кигізбеңіздер.

Instagram желісінен (мәлімдеменің түпнұсқа стилистикасы сақталды — авт.)

Үкім: Жалған

ДСМ мәліметінше, жөргек нәресте денсаулығына, келешекте ересек болған кезде, зәр шығару және репродуктивті қабілетіне жағымсыз әсер етеді деген дәлелдер жоқ.

Жөргек қолдануға қарсы нарративтер аллергия, бедеулік, несеп-жыныс мүшелерінің жұқпалы аурулары секілді қиындықтар болады деп үрей туғызады. Бірақ, ДСМ мұндай жағдай туындамау үшін жөргектерді қолданудың негізгі ережелерін сақтауға шақырады:

  • Өнімнің балаға сай дұрыс өлшемін таңдау. Әдетте қаптамада салмаққа сәйкес келетін екі сан көрсетіледі. «Newborn» жазуы жөргектің жаңа туған нәрестелер мен бір айға толмаған сәбилерге арналғанын көрсетеді.
  • Жөргекті дұрыс кигізу керек. Жөргек баланың денесін қыспауы қажет.
  • Жөргекті кем дегенде 3-4 сағаттан кейін және үлкен дәреттен кейін міндетті түрде ауыстыру.
  • Гигиеналық ережелерді сақтап, жөргекті ауыстырғаннан кейін баланы жуындыру.
  • Жаңа жөргекті кигізер алдында терінің кебуіне және «демалуына» уақыт беру.
  • 10-15 минуттық «ауа» ваннасын ұйымдастыру.

Оқи отырыңыз:

Instagram желісінде осы ақпаратты таратқан парақша өз орталығында хиджама да орындалатынын көрсеткен. Хиджамаға қатысты Factcheck.kz мақаласын оқуға кеңес береміз:

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz