Хиджамадан пайда бар ма?

26 қаңтарда Instagram әлеуметтік желісінде Атыраудағы жекеменшік ауруханада сәбиге хиджама — теріні тілу арқылы қан шығару процесі түсірілген жазба пайда болды. Видеоның түпнұсқасын канал өшіріп тастады, бірақ оған дейін ролик әлеуметтік желі мен баспасөз құралдарында (1234567) кең тарап үлгерді. Видео хиджаманың пайдасы мен тиімділігі туралы екіжақты пікірге ұласты. 

Factcheck.kz редакциясы хиджаманың қалай жұмыс істейтінін, оның денсаулыққа әсерін зерттеп көрді.

Үкім: Дәлелденбеген

Хиджаманың пайдаланылып жүргеніне мыңдаған жылдан асқанына қарамастан, заманауи ғылыми қоғамдастық бұл практиканы тиімділігі плацебо эффектісі арқылы түсіндірілетін, дәлелді базасы төмен медицина баламасы санайды. Десе де, процедура дұрыс жүргізілмесе, ол асқынуларға алып келуі мүмкін: дененің көгеруі мен күюінен тромбтың пайда болуына, жиі жасалған жағдайда анемияға дейін ұласуы ықтимал. Хиджаманың ағзаға әсері туралы зерттеулер өте аз және метадологиялық, этикалық жағынан алғанда сенімсіз. Кейде азғандай қан жоғалту сау ағза үшін пайдалы болғанымен, медицина мамандары қанды жаңарту амалы ретінде қоғам үшін пайдалы әрі қауіпсіз донорлық әдісті ұсынады.

Толығырақ

Хиджама — вакуумды банка қолдану арқылы капиллярлардан қан шығару: таңдалған жердегі теріні аздап тіледі де, тығыз шыны немесе силиконнан жасалған банкаларды соның үстіне қояды. Сосын банкалардан вакуумды насос арқылы немесе банкаға салынған таяқшадағы мақта тампоны арқылы ауаны шығарады. Вакуум әсерінен тілінген жерден қан шығады. Хиджаманы жақтаушылар процедура пациентті «арам қаннан» тазартатынын және ағзаның “жаңаруына” септесетінін, осылайша жалпы физикалық жағдайға оң ықпал ететінін алға тартады. 

Хиджама практикасы балама халық еміне жатады және ежелгі заманнан бері белгілі — алғаш рет хиджама туралы б.з.д 1500 жылдардағы медицина трактаттарында айтылған. Хиджама ежелгі Қытайда да, араб елдері арқылы ортағасырлық Еуропада да кең тараған. Процедураның пайдасы туралы хадистерде  — Мұхаммед пайғамбар сөздерінің жинағында жазылған, сондықтан исламда хиджамаға көп мән береді. Қазір қан шығарудың бұл әдісі көпшілік қауым арасында ерекше танылып келе жатыр. Ресей мен Батыста хиджаманы кей спортшылар мен шоу-бизнес жұлдыздары насихаттап жүр.

Хиджама әртүрлі сырқаттан: гайморит пен бас ауруынан бастап миға қан құйылу, бедеулік, COVID-19 және тіпті, «жарыместіктен» ем екені айтылып жүр. Хиджама жасаушылар процедураның кез келген жаста және денсаулық жағдайында жасауға болатынын айтады. Десе де, дәлелді медицина хиджаманың кең қолданылуын қолдамайды. Мысалы, коронавирус пандемиясы өршіп тұрған кезде Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Ақматова азаматтарды коронавирустан емделу үшін хиджамаға жүгінбеуге шақырды:

Хиджаманың медициналық дәлелі жоқ екенін және емдеудің клиникалық хаттамаларына сай келмейтінін ресми түрде мәлімдеймін. Сондықтан қан шығару процедурасын жасамауға шақырамын. Керісінше, қан арқылы COVID-19 ғана емес, алғашқы белгілері 1-2 немесе 3 айдан кейін пайда болатын вирусты гепатит пен ЖИТС ауруларын да жұқтыруларыңыз мүмкін. 

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова «Знамя Труда» басылымына хиджама туралы пікірін былай білдірді:

Біз, дәрігерлер, адамдарға халықтық әдістермен емделуді ұсынбаймыз. Өзім клиникалық базасы бар дәстүрлі, дәлелді медицинаны қолдаймын.

Батыс медицина мамандары да сондай пікірді ұстанады. Мысалы, Америка онкология қауымдастығы «қолда бар ғылыми деректер хиджаманың денсаулыққа қандай да бір пайдасы барын дәлелдемеген» дейді және процедураның күйдіру мен жарақатқа инфекция түсіру қаупі бар екенін айтады.

Заманауи ғылымда хиджаманың ағзаға әсер ету принциптері анық емес. Ал осы әдісті қолдаушылар токсиндер мен «капиллярларда тұрып қалған арам қанды алу» арқылы ағза ем алады дейді. Капиллярдағы қанда расымен бұзылған клеткалар мен лимфа болады, бірақ олар сау ағзаға еш кедергі жасамайды және оны қан фильтрі мен тазалығына жауап беретін көкбауыр, бауыр мен бүйрек ретке келтіре алады. Бұдан бөлек, хиджама қан айналымын жақсартатыны айтылады. Бұл да күмәнді, себебі процедурадан кейін банка орнында жарылған капилляр мен тілінген микро жарақаттар арқылы гематома пайда болады, бұл екеуі де — қан айналымын жақсартпай, керісінше оған кедергі келтіретін қан ұйындысы.

Жалпы, ғылыми қауымдастық хиджаманың жұмыс принципі мен пайдасы туралы зерттеулердің көбінің сапасы төмен (1234), аз немесе репрезентативті емес үлгіде жасалғанын, басқа да методологиялық және этикалық кемшіліктер барын айтады. Мысалы, 2018 жылы Сауд Арабиясы мен Египет ғалымдары хиджаманың жұмыс принципі туралы шолу зерттеу жариялады. Бұл тақырыпта ғалымдар 223 мақала жарияланғанын тапқан, оның ішінен 64-ін таңдап, қалғандарын ғылыми негізі бар түйіні болмағандықтан және релеванттылығы төмен болған соң алып тастаған. Бірақ сараланған 64 жұмыстың арасынан ғалымдар хиджаманың әсер ету принциптеріне бір де бір түсіндірме таба алмаған: жалпы 6 теория айтылған, оның арасында балама медицинаға жататын рефлексология және псевдоғылыми «шлактану теориясы» бар. Мета-зерттеулер белдемелік теміреткі және ауырсыну синдромы жеңіл өту үшін хиджаманың тиімділігі бар екенін анықтады, бірақ ол да кешенді терапияның бір бөлігі ретінде қолданылады. Дәлелді медицина шектеулі және өте арнайы жағдайларда ғана, мысалы, қанда темір көп болған кезде қан шығарудың тиімді екенін айтады.

Хиджаманы жасауға болмайтын жағдайлар да бар, ал хиджама мамандарының көбі соны емдеп беруге уәде етеді: артериалды қан қысымы, созылмалы жүрек патологиясы, анемия, өткір деңгейдегі инфекциялық ауру, гемофилия, психикалық асқынулар, өкпеден қан кету, туберкулез және басқалары. Хиджаманың кез келген жастағы адам үшін қауіпсіз екені туралы мәлімдемеге келсек, ресми медицина процедураны жүкті әйелдерге, балаларға және 65 жастан асқан адамдарға жасамауды ұсынады.

Сондай-ақ дәрігерлер қан шығаруды дипломы бар медицина мамандары стерильділік талаптарын сақтай отырып жасауы керек екеніне баса назар аударады. Хиджама жасау кезінде осы екі талаптың орындала бермеуі медицина мамандарының алаңдаушылығын туғызады — Қазақстанда қан шығаруға ресми лицензия берілмейді, практиканы қалаған адам ұзақ уақытқа созылмаған оқудан соң аша алады, ал процедураны көбіне үйде де жасап жатады.

Балаға хиджама жасап жатқан видеодан кейін пайда болған қоғам резонансына байланысты Қазақстан медицина мамандары петиция жасады. Онда денсаулық сақтау министрлігінен балама медицина қызметтерін бақылауға алуды және осындай процедураларды кәмелет жасқа толмаған балаларға жасауға тыйым салуды сұрады. Ұсынысты 15 мың адам қолдады.

10 ақпанда Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Лаура Ахметниязова видеоны тексеру қорытындысын айтты:

Тексеріс кезінде мұның заңсыз медициналық қызмет болғанын анықтадық. Бұл методика — хиджаманы лицензиясы жоқ медбике жасаған. Оның клиникалық қызметке рұқсат беретін міндетті сертификаты да болмаған. Тексеріс нәтижесі бойынша әкімшілік айыппұл салынды. Материалдар прокуратураға, полиция департаментіне жіберілді, сонымен қатар бұл материалдарды ювенальды полицияға жіберуді де жоспарлап отырмыз. 

Процедураға қатысты денсаулық сақтау министрлігі хиджаманың лицензия беретін медициналық қызмет емес деп бекітті және қазіргі оған тыйым салынған:  

[…] Жалпы, медициналық қызметтің барлық түрі лицезияланады. Сонымен қатар нақтыланған дәстүрлі терапияны да лицензиялау қарастырылған, оның ішінде иглотерапия, фитотерапия және басқалары бар. Бұл тізімде хиджама жоқ, сондықтан бүгінде оны заңсыз қызмет деп қарастырамыз, яғни, хиджамаға тыйым салынған. 

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Лаура Ахметниязова
Factcheck.kz