Мемлекеттік органдар жалған статистика бере ме?

31 қаңтарда өткен мәжілістің жалпы отырысында «Respublika» партиясының тізімі бойынша сайланған мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров “барлық деңгейдегі әкімдіктер, орталық мемлекеттік органдар жалған мәлімет беруді әбден үйреніп алды” деп, сөзіне дәлел ретінде бірнеше дерек келтірді.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 1:23:06)

Factcheck.kz редакциясы депутат келтірген деректердің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Мәлімдеме: Статистикаға қарасақ, әрбір қазақстандыққа, оның ішінде нәресте балаларды есепке алғанда, әр күн сайын жарты кг картоп тұтынып отырғанын білесіз бе? Ал бұл салыстырмалы түрде картоптың отаны Беларусь елінен бірнеше есе көп деген сөз.

Айдарбек Қожаназаров

Үкім: Жалған

Айдарбек Қожаназаровтың мәлімдемесінің бірінші бөлігі жалған екені сөзінің екінші бөлігін жеке түсіндіруге итермелейді.

  1. Депутат бұл деректі қайдан алғаны белгісіз. Бірақ Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, қазақстандықтар бір жылда жан басына шаққанда орта есеппен (2022 жылғы дерек) 44,975 кг картоп жейді. Демек, қарапайым математикамен есептесек, бір күнде әрбір қазақстандық 123 грамм картоп тұтынады. 2023 жылдың III тоқсанының көрсеткіші де осыған ұқсас — бір тоқсанда қазақстандықтар 11,320 кг картоп жеген. Бұл күніне — 130 грамм.
  2. Беларусьтың Ұлттық статистикалық комитетінің дерегіне сай, 2022 жылы елде 57 кг картоп тұтынған, демек күніне — 156 грамм. Мұны қазақстандықтар “әр күн сайын жарты кг картоп тұтынады” деген мәлімдемемен тексерсек, әлбетте беларусьтардың көрсеткіші бірнеше есе аз болып шығады. Алайда, шындығында, 2022 жылғы көрсеткішке сәйкес, Қазақстан халқы картопты 30 граммдай ғана аз жеген.

Мәлімдеме: Cтатистикаға бекер сүйеніп отырған жоқпын, ашығын айтсақ, біздің еліміз картопты 2 есе аз өндіреді.

Айдарбек Қожаназаров

Үкім: Жалған

Қазақстанның статистика бюросының және Беларусьтің статистика комитетінің деректерін салыстырсақ: 2022 жылы Қазақстанда 4 080,5 мың тонна картоп жиналса, сол жылы Беларусьте 3 857,3 мың тонна картоп жинаған. Яғни еліміз Беларусь мемлекетімен салыстырғанда әлдеқайда көбірек картоп өндірген.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz