Мексика конгресінде бөгде ғаламшарлықтың мумиясы көрсетілді ме?

13 қыркүйекте әлемдік медиада (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8) Мексиканың конгресс тыңдалымында шамамен мың жастағы екі бөгде ғаламшарлықтың мумияға айналған денесі көрсетілгені туралы ақпарат тарады. Осы презентацияны жүргізген журналист-уфолог Хайме Мауссанның айтуынша, жат планеталықтар 2017 жылы Пальпа және Наска деп аталатын Перуан қалаларының арасындағы диатомит шахтасынан (бір жасушалы балдырлардың тасқа айналған қаңқа қалдықтарынан құралған шөгінді тау жынысы) табылған. Мумиялар расында жерден тыс өркениет өкілдері екенін дәлелдеу үшін конгрессте дененің рентген суреті көрсетілген: олардың біреуінен әлдебір жұмыртқа анықталған, екіншісінен кадмий мен осмийге ұқсас сирек металдан жасалған имплант табылды, олардың ДНҚ-ның үштен бір бөлігі бізге белгісіз заттан құралған.

Factcheck.kz редакциясы Мауссанның «мумиялар – жерден тыс әлем өкілдері» деген мәлімдемесін тексеріп көрді.

Үкім: Жалған

Хауме Мауссанның «жерден тыс қаңқалар» мен жат планеталықтарды тапқаны туралы мәлімдемесін ғылыми орта бірнеше рет әшкерелеген (1, 2, 3). Бұл жолы да ғалымдар Мауссан келтірген «дәлелдер» қаңқаларды жерден тыс деп айтуға жеткіліксіз деген ортақ пікірге (1, 2, 3) тоқтады: радиокөміртек талдау материалдың жасын ғана көрсетті, ал ДНҚ туралы мәлімдеме бос сөз секілді, себебі журналист ешқандай құжат көрсетпеді. Сонымен қатар ДНҚ талдау жүргізілгеннің өзінде генетикалық материалдың қалған үштен екі бөлігі не екені түсініксіз. Ал үлгінің өзі мумия табылды делінген, топырақ соның қалдықтарынан құралған диатомеялармен ластанған болуы мүмкін.

Толығырақ

14 қыркүйекте Хайме Мауссан X әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) Мексика Ұлттық автономды университетіне (UNAM) жататын 2017 жылғы құжатты бөлісті. Оған сәйкес, қалдықтар кемінде 1000 жаста. Дегенмен университет қайта баспасөз хабарламасын дайындап, үдеткіші бар масс-спектрометрия бойынша Ұлттық зертхана мамандарының мақсаты – өздерінің алдына әкелген үлгілердің жасын анықтау ғана болғанын, материалдың қайдан шыққанына ешқандай анықтама бермейтінін атап өтті.

  • Мексика конгресінде бөгде ғаламшарлықтың мумиясы көрсетілді ме?
  • Мексика конгресінде бөгде ғаламшарлықтың мумиясы көрсетілді ме?

Мумиялардың денесіне келсек, 2020 жылы сот археологы Флавио Эстрада оларды талдап, жасалуына желім, табиғи талшық пен жануар сүйектері пайдаланылған деген қорытындыға келді. Археологтың тұжырымын Перудегі мумияларды зерттеген антрополог Гвидо Ломбарди қостады:

Колумбоға дейінгі мумияларды, әсіресе Наска ауданындағыларды зерттеушілердің бәрінде болатын тәжірибені ескере отырып, бұл мумиялар, ең үлкені колумбоға дейінгі дәуірдегі адамға ұқсайтынын, олардың қалдығы коммерциялық мақсатта түрленгені анық деп айта аламыз. Ал көрсетіліп отырған «кішкентай мумиялар» – түрлі бөліктерден жасалған құрылым ғана.

Сонымен қатар, үш сағаттан аса уақытқа созылған отырыс барысында Мауссанның тезистерімен депутаттар палатасының (федералдық өкілдік органның төменгі палатасы) пікірі бір жерден шықпағанын айта кеткен жөн.

Мумияларды таныстырғаннан кейін Перудің мәдениет министрі Лесли Уртеага жергілікті БАҚ-қа мекеме испан дәуіріне дейінгі сүйек қалдықтарын Перуден Мексикаға тасымалдауға қатысы бар адамдарды сотқа беретінін мәлім етті. Себебі, археологиялық қалдықтарды тасымалдауға немесе оларды шетелге шығаруға ешқандай құжат пен рұқсат қағазы жоқ екені белгілі.

Сан-Луис Гонзага университетінің перуан Археология мектебінің ғалымдары 2017 жылы жарияланған ашық хатты қайта жолдап, Перудің мәдени мұрасын қорлауға апаратын мұндай мистификацияға наразы екенін білдірді.

11 қыркүйекте, конгресстегі тыңдалым басталғанға дейін, UNAM жанындағы Астрономия институты құжат жариялап, аспанның арғы жағы көп зерттеліп жатқанына қарамастан, қазіргі күні Жерден тыс мекенде өмір бар екенін немесе бөгде әлемдіктер келгенін дәлелдейтін бақылау немесе эксперименталды есептер жоқ екенін айтты.

Әлеуметтік зерттеулер институтының ғылыми қызметкері әрі Университеттің саяси және әлеуметтік ғылымдар факультетінің әлеуметтану докторы Рауль Трехо Деларбре WIRED en Español басылымына берген сұхбатында барлығы «ғаламшарымыздан тыс жерде өмір сүруі мүмкін феноменді түсіндіруден бұрын, медиадағы көрініс пен саяси пайдаға көбірек ұмтылған» спектакль болғанын айтты.

Конгресстің америкалық комитеті алдында шілдеде беймәлім ұшатын нысанмен (НЛО) кездескені туралы түсінік берген АҚШ ӘТК отставкадағы пилоты Райан Грейвз де Мауссанның Мексика Конгресіндегі таныстырылымына қатысты. Отырыстан кейін Грейвз «дәлелсіз таныстырылымнан көңілі қалғанын» айтып, бұл әрекет – жерден тыс нысандармен байланысты зерттеу саласының беделін түсіретінін мәлімдеді.

Мауссан болса, Reuters-ке берген сұхбатында сыншылар сұрақ қойып, еш дәлел келтірмей оның жаңалығын құнсыздандырғысы келетінін айтты. Бұл көрініс классикалық «Расел шәйнегін» – логикалық қатені еске түсіреді, яғни сендіргісі келіп отырған адам қарсыласының дәлеліне сенімсіздік тудырып қояды.

Кәсіби мистификатор

Хайме Мауссан елу жылдан астам тәжірибесі бар мексиканың танымал журналистерінің бірі. Оның журналист-уфолог мансабы 90-жылдары басталып, жаман монетизацияланған жоқ. Ол мексика телеарнасында қастандық теориялары туралы телевизиялық бағдарламаларды жүргізіп, 2016-2017 жылдары тылсым құбылыстар туралы жарнама роликтерінің (1, 2) түсіріліміне қатысып америкалық Netflix стриминг сервисімен серіктес болған. Мауссанның YouTube-арнасына миллионға жуық адам жазылған, сипаттамасына қарасақ, «жерден тыс беймәлім ұшатын нысандар, ғылым, технология, ғарышты зерттеу мен климат өзгерісіне арналған».

Мексика конгресінде бөгде ғаламшарлықтың мумиясы көрсетілді ме?

Мексика конгресінде таныстырылған «мумиялар» — журналист-уфологтың жерден тыс өркениет туралы алғашқы «табысы» емес. 2015 жылы ол бас сүйегі диспропорциялық созылған бөгде ғаламшарлықтың мумияға айналған денесі бар екенін хабарлаған. Дегенмен, «бөгде ғаламшарлық» туралы бұл жаңалық жоққа шығарылып, мумияға айналған дене адамның баласыныкі екені, ал созылған бас сүйек кішкентай балалардың басын жасанды жолмен деформациялау ежелгі тәжірибесінің нәтижесі екені анықталды.

2016 жылы Мауссан Институциялық-революциялық партия төрағасының шақырумен мексикалық депутаттар палатасының алдында сөз сөйледі. Тыңдалым алаңдағы геометриялық пішіндер – агроглифтерге арналды.

Мексика конгресінде бөгде ғаламшарлықтың мумиясы көрсетілді ме?
«Наскалық бес мумияның» суреті. Дереккөз: El Buho

Хайме Мауссанның Оңтүстік Америка саясаткерлерінің арасында жан-жақты байланысы бар тәрізді. Себебі 12 қыркүйектегі конгресс отырысына журналисті оның досы, төменгі палата төрағасы және Морена басқарушы партиясынан сайланған депутат — Серхио Гутьеррес Луна шақырған. Ал 2017 жылы Перуде Мауссан мен құрамында перуан конгрессмені Армандо Вильянуэву мен халықаралық жалған ғалымдар командасы бар энтузиастар тобы «Жерден тыс әлем өкілдері» — бес «мумияны» зерттеді.

Табылған заттар геоглифтері, яғни алып суреттерімен танымал Наска перуан алқабының құрметіне «Наски мумиялары» деген атауға ие болды. Қаңқаны табу тарихы түсініксіз: әуелде оны жергілікті шаруа (кейінірек қай жерден тапқанын айтудан бас тартқан) тапты деп хабарланды. Дегенмен кейіннен мумия қабір тонаушы Леонардо Бенедикт Ривера Сармиентадан алынғаны белгілі болды. Сармиента Наска өркениеті мумиялары және тоқыма контрабандасымен айналысқан тонаушылар құрамында болып, 2022 жылы археологиялық мұраларды ұрлау және нұқсан келтіру бойынша айыпты деп танылды. Үш тәуелсіз сараптамадан кейін Франция, Перу мен Ресей ғалымдары бірауыздан «Наски мумияларын» жалған деп мәлімдеді. Талдау олардың қисынсыз құрастырылғанын, адам мен жануар сүйектерінен жасалғанын көрсетті. Ал британдық зерттеуші әрі документалист Стив Мера мамандар тобымен бірге топтаманың ішіндегі «Мария» деп аталған ең үлкен мумия – нағыз адамның денесі, тек тонаушылар қара нарықта мумия бағасын қымбат ұсыну үшін өзгерткен деген тұжырымға келді. Дегенмен DESCREIDOS порталының жазуынша, мұндай әшкерелеулер конгрессмен Вильянуэвке Перу Конгресінде «Наски мумияларына» қатысты дөңгелек үстел ұйымдастыруға және қаңқаларды тарихи және мәдени құндылық деп таныстыруға кедергі келтіре алмады.

Дәл сол 2017 жылы Мауссан телеарнадағы бай тәжірибесін пайдаланып, қастандық теориялары мен жалған ғылымға негізделген псевдодеректі фильмдерді таратумен танылған Gaia.com эзотериялық стриминг платформасындағы «Наски мумиялары» туралы фильмнің түсіріліміне қатысты. Платформаға тіркелу ақылы, DESCREIDOS порталының зерттеуі бойынша, 2017 жылдың өзінде-ақ «Наски мумиялары» туралы ролик Gaia.com платформасына 30 миллион долларға жуық табыс әкелген.

Контекст

Мексика – «адамға жатпайтындардың» қызметі туралы мәлімдемеге пікір білдірген жалғыз ел емес. Шілдеде АҚШ Конгресінің комитеті «беймәлім әуе құбылыстары» (АҚШ үкіметі беймәлім ұшу нысандары (НЛО) дегеннің орнына қолданады) туралы жеке тыңдалым өткізді.  Тыңдалым АҚШ ондаған жыл бойы БҰН (беймәлім ұшу нысандарын) анықтау және зерттеумен айналысатын бағдарламаны жасырып келеді деп мәлімдеген отставкадағы майор Дэвид Груштың бастамасымен өтті. Оның сөзінше, Вашингтон «жерден тыс» белсенділік туралы 1930-жылдардан бері біледі. Груш БҰН-мен жұмыс істеу бағдарламасына қол жеткізу туралы өтінішін қабылдамағанын, бірақ «адамға жатпайтын» құбылыстардың ұшу нысандары бар екенін білетін шенеуніктермен сөйлескенін мойындады.

Пентагон оның мәлімдемесін жоққа шығарды. Қорғаныс министрлігінің өкілі Сью Гоф мәлімдеме жасап, тергеушілер «АҚШ-та осындай бағдарламалардың бар екенін растайтын тексеруге тұрарлық ақпарат» таппағанын мәлім етті.

31 мамырда NASA-ның төрт сағаттық конференциясы кезінде ғарыш агенттігінің зерттеулер бойынша әкімшісінің орынбасарының көмекшісі Дэн Эванс «беймәлім нысандармен» байланысты жерден тыс тіршілік иесі бар екеніне сенімді дерек жоқ» деп мәлімдеді.

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz