1 тамызда Астанада «ЛГБТ пропагандасына» тыйым салу туралы петиция талқылауы өтті. Оған ішкі істер министрлігінің, денсаулық сақтау министрлігінің және оқу-ағарту министрлігінің өкілдері мен жұмыс тобының мүшелері, сондай-ақ белсенділер қатысты. Министрлік өкілдері петицияны қолдайтынын анық көрсетті. Factcheck.kz редакциясы үшін ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыровтың мәлімдемесі қызық көрінді. Ол кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмауына қарсы қылмыстың артқанын айтып, мұны медиадағы «еркін секс» туралы ақпараттың салдары деді.
Біз оның сөзі қаншалықты шындыққа жанасатынын тексердік.
Мәлімдеме: Өткен жылы кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмауына қарсы қылмыстың барлығы дерлік өсті. Зорлау – 44%-ке, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу – 8,5%-ке, жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе лесбияндыққа итермелеу – екі есе, кәмелетке толмағандарды азғындау – 13%-ке артты.
Ренат Зұлхайыров
Үкім: Шындық
Зұлхайыров қай жыл аралығын салыстырғанын нақтыламады. Дегенмен, айтқан дерегі 2022 жыл мен 2023 жылдың аралығындағы деректерге келеді. Былтыр кәмелетке толмағандарды зорлау 44%-ке, 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсу 8%-ке, жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету фактісі 4-тен 8-ге артты. Жас балаларды азғындық жолға түсіру бабы бойынша қылмыс 21%-ке көбейген.
Мәлімдеме: Мұндай қылмыстардың көбеюіне бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде еркін жыныстық қатынас туралы ақпараттың тарауы басты себеп болып отыр.
Ренат Зұлхайыров
Үкім: Манипуляция
Зұлхайыровтың кәмелет жасқа толмағандарға қатысты жасалған жыныстық қылмысты неге БАҚ пен әлеуметтік желідегі «еркін жыныстық қатынас» туралы ақпаратпен ғана байланыстырғаны түсініксіз (жалпы «еркін жыныстық қатынас» туралы ақпарат деп нені меңзегені де белгісіз). Зорлықшының қылмыс жасауына балалар кінәлі бола алмайды. Ешқандай бала жыныстық зорлықтан толықтай қорғалмаса да, зорлықтың болуын арттыратын бірнеше фактор бар. Осы тұста, керісінше, жастардың арасында секс сауаттың артуы (жалпы секс сауатты қалыптастыратын ақпараттың артуы) кәмелетке толмағандарға жасалатын зорлықты азайтатынын айта кету керек.
Кәмелетке толмаған балалардың зорлыққа ұшырау қаупін арттыратын фактор баланың жеке психологиялық жағдайынан бастап, қоршаған орта мен әлеуметтік жағдайға дейін барады. Мысалы, Аустралияның балалардың қауіпсіздігі бойынша практикалық нұсқаулығында досы аз, өз-өзіне сенімсіз балалардың зорлыққа ұшырау қаупі көп дейді. Одан бөлек, әке шешесінің біреуі болмаса не үйде тұрмысатағы зорлық-зомбылық болса бұл да баланың зорлыққа ұшырау мүмкіндігін арттырады. Мысалы, егер баланың анасына партнеры қол көтерсе, оның қызының да жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырау ықтималдығы шамамен алты есе артады.
Нұсқаулықтың тағы бір маңызды тұсы — балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасау қаупіне мәдени және әлеуметтік көзқарастар мен тәжірибелер әсер етуі мүмкін. Мұның ішінде гендерлік нормалар, еркектердің өзін агрессивті ұстауы, жыныстық қатынас пен жыныстық мінез-құлық туралы ашық сөйлесуден тартыну және т.б.
Балалық шағында жыныстық зорлыққа ұшыраған адамдарға көмектесетін Saprea ұйымы да осыған ұқсас факторларды айтады. Бірақ ұйым балалардың технологияны бақылаусыз қолдануын да факторлардың бірі ретінде атайды. Дегенмен бұл мәселе тыйыммен шешілмейтіні анық. Ұйым бұл туралы баламен ашық сөйлесуге кеңес береді.
ДДСҰ-мен бірлесіп жұмыс істейтін Жыныстық және репродуктивті денсаулық орталығының шолуында секс сауаттың пайдаларының бірі ретінде кәмелетке толмағандардың зорлыққа ұшырауы азаятыны айтылған. Одан бөлек, жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен аборт санының азаюы, 15-24 жас аралығындағы жастардың ЖЖБА көрсеткішінің төмендеуі, 15-24 жас аралығындағы жастардың АИТВ-инфекциясын жұқтыру қаупінің азаюы, гомофобия дәрежесінің түсуі туралы айтылған.
Секс сауаты бар бала «іш киім ережесін» үйренеді. Ол балаға іш киіммен жабылған жерлерге ешкім тиіспеу керек екенін ғана емес, болатын және болмайтын жанасуды, жақсы және жаман құпияның ара-жігін ажыратуға көмектеседі. Бұған қатысты зерттеуші әрі UyatEmes.kz негізін қалаушы Қарлығаш Қабатова «Біздің дәстүріміз үлкендерді құрметтеуге, оларға қарсы шықпауға үйретеді, ал олармен келіспеу құрметсіздік пен тәрбиенің дұрыс еместігін көрсетеді. Біз осылайша балалардан қол сұғушылық пен күш көрсетудің басқа да түрлерінен қорғану құралын өзіміз тартып алатынымызға сенімдімін» деген ойда.
Контекст
Бұған дейін біздің редакция ЛГБТК+ пропаганда жасалмайтынын, мұның манипуляция екенін жазған. Адамның ориентацияисы табиғаттан болады, мұны медиа арқылы пропаганда жасап өзгерту мүмкін емес. Гомосексуалдықты ауру ретінде жаңсақ түсіну салдарынан оны “емдеуге” ұмтылыс жасайтын адамдар кездеседі. Алайда репаратив терапияның (ориентацияны өзгертуге арналған методика жиынтығы) тиімділігі күмәнді, оның үстіне ол адамға орны толмас зиян тигізуі мүмкін
Қазір зерттеушілер адамның белгілі бір ориентациясына не әсер ететіні туралы ортақ пікірге келмеген. Дегенмен көп ғалым бұл жерде туа біткен бейімділік те, тәрбие де (күрделі) рөл атқарады дегенмен келіседі. Адамдардың көбі сексуал ориентацияны саналы және ерікті түрде таңдамайды. Тиісінше оны пропаганда жасау да қисынсыз. Ориентацияның құбылмалы болатыны туралы sexual fluidity түсінігі де айтады.