«Куадроберлер» сөзі біреулер үшін әлі де қызық болып көрінсе, біреулердің шамына тиеді. Балалар мен жасөспірімдер үшін бұл қызық болса, ересектер оның қауіпті екенін айтып, дабыл қағады. Бұл құбылысқа қатысты қауіп туралы пікірді мәжіліс депутаттары да айтады (1, 2). Бірақ ересектер айтақандай, балалардың бұл қызығушылығы соншалықты қауіпті ме?
Factcheck.kz редакциясы куадроберлер кім екенін және оларға қатысты тараған мәлімдемелер қаншалықты шындыққа жанасатынын зерттеп көрді.
Куадробика және куадробиң деген не?
Ағылшын тіліндегі дереккөзде бұл әрекет «Куадробика» (quadrobics) деп аталады. Бұл термин латын тіліндегі quattuor «төрт» (немесе (1, 2) ағылшын тіліндегі quadrupedal («төрт аяқты») және aerobics («аэробика») сөздерінен шыққан.
Куадробика жануарлардың қозғалысын, көбіне төрт аяқтап жүріп, дене жаттығулары ретінде қайталауды білдіреді. Бұл іспен тек балалар айналысады деген пікір қате. Кейде куадроберлер жануарлардың маскасын, қолғабын және өздері жасаған жасанды құйрығын тағып алады. Олар топ болып жиналып, жануарлардың қимылын үйреніп, бір-бірімен қарым-қатынас жасайды.
«Куадробиң» термині, шамасы, орыс тілінде пайда болған. Бұл сөз бойынша іздеу нәтижелерінің көбі шет тіліндегі ресейлік БАҚ сайттарына сілтеме шығарады.
Екі термин де бірдей іс-әрекетті білдіреді. Алайда терминологияда шатаспау үшін төмендегі жазылған мифтерді тексеру барысында бұл әрекетті сынаушылар жиі қолданатын «куадробиң» сөзін қолданамыз.
Куадробиканың көркем және костюмдік элементтері, бәлкім, алғаш рет 1970 жылдары пайда болған фурри* (1, 2) және косплей мәдениетінен келген болуы мүмкін. Алайда фурри мен териандардан* айырмашылығы, куадроберлер жануарларға еліктеудің атлетикалық жағына баса назар аударады.
Куадробика ресми спорт түріне жатпайды, себебі оның техникалық критерийлері, нақты ережелері мен параметрлері жоқ. Дегенмен, оның негізінде паркур, Animal Flow және Crawling сияқты спорт және фитнес бағыттары жатыр.
Куадробиканың бастауын 2000 жылдардың басынан іздеуге болады. Жапон атлеті Кеничи Ито (Kenichi Ito) 2008 жылы 100 метр қашықтықты төрт аяқтап 18,58 секундта жүгіріп, Гиннесс рекордтар кітабына енген (1, 2). Кейін ол бұл рекордын бірнеше рет жаңартты. Жапондық атлет мұндай ерекше жүгіру тәсілін мартышкаларды бақылау арқылы таңдағанын айтады (1, 2, 3). Көптеген дереккөз Кеничи Итоны куадробиканың танымал болуына үлес қосқан тұлға ретінде атайды.
Сонымен қатар, жануарлардың қозғалысына спорттық және ойын түрінде еліктеу куадробика пайда болғанға дейін де белгілі бір деңгейде болған (1, 2, 3, 4) және фитнестің жекелеген бағыттарында қатар дамыған (1, 2, 3).
«Куадробиң» соңғы бірнеше жылда TikTok және YouTube платформалары арқылы кең тарады.


2024 жылы куадробиң бірнеше елде, соның ішінде Ресей, Украина, Беларусь және енді Қазақстанда да қатты танымал бола бастады.
Бұл құбылыстың күрт танымал болуына не себеп болғанын нақты айту қиын: әлеуметтік желідегі виралды бейнероликтер ме, әлде Стрейзанд әсерінен саясаткерлер мен БАҚ туғызған моральдық дүрбелең бе?
Ресейде куадробиңге тыйым салу туралы заң жобасы қарастырылып жатыр. Өзбекстанда ата-аналарды балаларына дұрыс қарамағаны үшін айыппұл салуды ұсынады. Беларусьте БАҚ жаппай куадробиңнің зияны туралы дабыл қағады. Ал балалардың жаңа хоббиі туралы Қазақстанда да айтыла бастады.
Балалардың өздері бұл қызығушылықты сынға алған ересектердің оны теріс сипаттап жатқанын айтады. Куадроберлер өздерінің бұл әрекетін жай ғана сәнді үрдіс пен ойын ретінде қарастырып, олардың физикалық және шығармашылық қабілетін дамытуға септеседі дейді.
Әлеуметтік антрополог Александра Архипова BBC-дің орыс қызметіне берген сұхбатында куадробиканы «демалыс күннің субмәдениеті» деп атады. Идеологиясы бар және оған сәйкес өмір сүретін субмәдениеттерден айырмашылығы, куадроберлер тек ортақ қызығушылығы бар қауымдастықты білдіреді. Олар бос уақытында жиналып, сүйікті істерімен айналысады.
Куадробиң туралы мифтерді талдайық
№1-миф: «Куадробиң балаларды ЛГБТ-ға тартады»
Telegram-дағы «Цифровая гигиена» арнасы жариялаған жазбалар мыңдаған қаралым, лайк және пікір жинады. Олардың бірін Педсоюз Кз ресурсы (1, 2) бөлісіп, таратуға атсалысқан. Бұл жазбаларда куадробиңнің балаларды ЛГБТ-ға тартып, бейнероликтерде балалардың түрлі-түсті туды желбіреткені дәлел ретінде көрсетіледі.
Сондай-ақ, Ресейдің православие шіркеуінің отбасы, ананы қорғау және балалар мәселесі жөніндегі Патриарх комиссиясының төрағасы иерей Фёдор Лукьянов: «Куадроберлер субмәдениеті балалардың көпжыныстық пен ЛГБТ-ны қабылдауына психологиялық тұрғыдан әсер етуі мүмкін» деп мәлімдеді (1, 2, 3, 4, 5).
Үкім: Жалған
Куадробиң мен ЛГБТ арасында байланыс бар екенін көрсететін ешқандай ғылыми дәлел жоқ. Қоғамдық алаңда бұл байланысты нақты түсіндірген беделді сарапшылар да жоқ.
Кілт сөздер бойынша іздеу нәтижелері куадробиң мен ЛГБТ байланысы туралы пікірлерді негізінен ресейлік саясаткерлер, діни тұлғалар және жергілікті әкімдіктер (1, 2, 3, 4, 5) алға тартатынын көрсетеді. Бұл көбіне кремльдік пропаганданың гомофобиялық нарративін жалғастырады.
Іс жүзінде куадробиң ЛГБТ-мен немесе гендерлік сәйкестік іздеумен байланысты емес. ЛГБТ — ұйым немесе қозғалыс емес, «жаңа мүшелерді» тартпайды және «Батыстың қаруы» емес.
Сонымен қатар, зерттеу көрсеткендей, гомосексуалдық ортаның ықпалымен қалыптаспайды және оны «бағдарламалау» немесе белгілі бір өмір салты арқылы насихаттау мүмкін емес.
Кейбір дереккөздер негізсіз түрде куадробиңнен «педофилдердің азғыруына бір-ақ қадам» деген тұжырым айтады (1, 2). Өкініштісі, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ең үлкен қауіп бейтаныс адамдардан емес, жақын ортадан, әсіресе отбасы мүшелерінен келеді (1, 2, 3, 4). Ал жыныстық тәрбие (1, 2) балалар мен жасөспірімдерді моральдық дүрбелеңнен гөрі әлдеқайда тиімді қорғауы мүмкін.
№2-миф: «Куадробер-балалар адам болудан бас тартады»
Қараша айының басында мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев куадробиң «балалар мен жасөспірімдер үшін өте қауіпті» деп мәлімдеді (1, 2). Оның айтуынша, куадробиңмен айналысатын балалар күнделікті өмірде адам болудан бас тартып, өзін жануарға теңейді. Бұл балалық еркелік сияқты көрінгенімен, Мұқаевтың пікірінше, балалардың дамуына кері әсер етуі мүмкін.
Үкім: Жалған
Куадроберлер өздерін жануармын деп есептеп, оларға «теңемейді». Балалар мен жасөспірімдердің басым көпшілігі үшін куадробиң – бұл ережесі анық, шекарасы белгілі ойын екенін біледі. Бұл қызығушылық көбінесе 9-14 жас аралығындағы балаларды тартады (1, 2) және психологтардың айтуынша, мұндай рөлдік ойындар осы жас тобы үшін қалыпты құбылыс.
Дәстүрлі түрде жануар болып ойнау сияқты рөлдік ойындар кіші жастағы балаларға тән (1, 2). Алайда клиникалық психолог, «ЦКПиР» психиатриялық клиникасының негізін қалаушы және басшысы Настя Бутенконың айтуынша, орта жастағы жасөспірімдердің әртүрлі рөлдік ойындармен айналысуы да қалыпты жағдай, сондықтан мұндай қызығушылықтан қорқудың қажеті жоқ.
Балаларға [мұндай ойын] қызықты болуы мүмкін, өйткені олар белгілі бір жағдайды ойнап, жануар ретінде өзіндік сезімі мен уайымын білдіруге мүмкіндік алады. Ал [қасқырды немесе мысықты бейнелегенде] балалар агрессия, қуаныш, махаббат, қамқорлық сияқты ішкі сезіміне тезірек қол жеткізе алады.
Настя Бутенко
Сонымен қатар, кішкентай балаларға қарағанда, жасөспірімдерді жануарлар рөліндегі ойындарда эстетика, қозғалыстың икемділігі, әдемі маска мен үлпілдек құйрық сияқты сыртқы атрибуттар қызықтырады.
Маңызды топпен ортақ іс-әрекетке қатысу жасөспірімдер үшін өте маңызды. Сондықтан балалардың айналасындағы танымал қызығушылықты кем дегенде бір рет байқап көруі табиғи жағдай, – дейді Настя Бутенко.
Сонымен қатар, куадробиң элементтері, мысалы, анималистикалық қозғалыстар немесе жастар қызығушылығының басқа да атрибуттары, басқа жас топтарына өтпейді және жиі өздігінен аяқталады. Бұл тек өмірдің белгілі бір кезеңінде субъективті маңызы болған өтпелі кезең ретінде қарастырылады.
Балалардың жануарлардың қылығын қайталауы олардың жануарға айналатыны туралы мәлімдеме ешқандай ғылыми негізге ие емес. Тіпті бұл – классикалық логикалық қателік. Осы қағиданы ұстанатын болсақ, қылмыскерді ойнаған актер қылмыскерге айналады деп айтуға болады.
Миф №3: «Куадроберлер агрессивті және адамдарға шабуыл жасайды»
Интернетте куадроберлердің агрессиясын көрсететін көптеген жазба мен жаңалықтарды көруге болады. Мұндай мәлімдемені бұған дейін аталған депутат Дәулет Мұқаев та айтқан – оның сөзінше, куадроберлер «адамдарға шабуыл жасап, оларды тырнап, тістейді».
Үкім: Манипуляция
Куадроберлердің агрессиясын растайтын сенімді деректерді табу қиын. Жаңалықтар мен интернеттегі жазбаларда көбінесе жануарлардың маскасын киген адамдар көрсетіледі, бірақ олардың куадроберлерге еш қатысы болмауы мүмкін. Сонымен қатар, тақырыптың танымалдылығы мен оған байланысты моральдық дүрбелең деңгейі соншалық, көптеген видеоның жалған не контекстен алынғаны анықталды. Тіпті егер куадроберлердің біреуі бір жерде агрессия танытты деп болжағанның өзінде, бұл барлық куадроберлерді агрессивті ете алмайды. Бұл – асығыс қорытынды жасау логикалық қатесі.
Куадроберлерге қатысты «шабуылдар» туралы әңгімелер көбінесе БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушыларының негізсіз айыптаулары (1, 2), зиянсыз әзілдері, немесе куадробингке еш қатысы жоқ, жануарлардың маскасын киген ересектер мен жасөспірімдер арасындағы жанжалдар болып шығады.
Мәселен, бір әйелдің қызын куадробер ретінде қорқор тартаын жерге апарып, оның мияулап, келушілермен ойнағаны туралы оқиға шын мәнінде мекеменің жарнамалық ролигі болып шықты, онда куадроберді бейнелеген ересек қыз көрсетілген.
Бұл оқиғалар 2022 жылы АҚШ-та консервативті саясаткерлер бастамасымен фурриге қарсы басталған жалған ақпараттық науқанды еске түсіреді (1, 2). Ол кезде республикашыл партия өкілдері елдегі мектеп дәретханаларында «өздерін фурри ретінде сәйкестендіретін жасөспірімдер» үшін мысықтардың дәретханасын орната бастады деген мәлімдеме жасаған. Бұл расталмаған ақпарат ата-аналар тарапынан мектептерге наразылық пен сынның толқынын тудырды.
№4-миф: «Куадробиңге қызығушылық әлеуметтік қарым-қатынаста қиындықтар мен мінез-құлық проблемаларына әкелуі мүмкін»
Үкім: Жалған
Куадробиңмен айналысу немесе куадроберлер қауымдастығына қатысу мен мінез-құлық проблемалары арасында себеп-салдарлық байланысты дәлелдейтін ғылыми зерттеулер жоқ.
Клиникалық психолог Настя Бутенконың айтуынша, субмәдениеттерде ешқандай жамандық жоқ. Олар адамдарға жалғыздықты сезінбеу, басқалармен байланыс сезімін, қызығушылықты білдіруді және бұл қызығушылықта жалғыз болмауды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, топқа (адамдық – ред.) тиесілі болу – жеке тұлға ретінде қалыптасудың маңызды бөлігі.
Балалар мен жасөспірімдердің өзіндік болмысы тәжірибелер мен жаңа әрекеттерді іздеу, сол әрекеттерді орындау және олардың салдарын көру арқылы қалыптасады. Осылайша, бала немен айналысса да, қандай ойын ойнаса да, қандай қызығушылығы болса да, бұл оның өзіне маңызды адамдар арасында өзін [өз ортасында] сезінуіне көмектеседі.
Настя Бутенко
Маңызды адамдар арасында болған кезде жасөспірімдер өз құндылықтарын қалыптастырып, қайта қарастырады, деп толықтырады психолог.
Сонымен бірге, кейбір мамандар өз пікірлерінде сақтық танытып, ата-аналардың кем дегенде бақылау жасау қажеттілігін айтады (1, 2). Дегенмен, біздің ойымызша, балаларды бақылау – бұл ата-аналардың міндеті ретінде әдепкіде жүзеге асатын нәрсе.
Мінез-құлық мәселелері әртүрлі факторлардың салдарынан туындайды, бірақ қандай да бір қауымдастыққа қатыстылық, егер ол қылмыстық немесе деструктивті топтар туралы болмаса, бұл мәселелерге жатпайды.
№5-миф: «Куадробиңге заңмен тыйым салу – тиімді әдіс»
Үкім: Дәлелденбеген
Балаларға сүйікті қызығушылығымен айналысуға тыйым салу мүмкін емес (1, 2). Оның үстіне, бұл айналаға айтарлықтай қауіп немесе қолайсыздық тудырмайды. Ата-ананың куадробиңге тыйым салуы баланың ересектерге деген сенімін бұзып, отбасындағы қарым-қатынасқа нұқсан келтіруі мүмкін.
Психологтар кез келген қатаң тыйымдар жағымсыз эмоциялар туғызатынын, бірақ әрекеттен бас тартуға ықпал етпейтінін айтады. Жасөспірімдерге сүйікті хоббиіне тыйым салу онсыз да күрделі қарым-қатынас кезеңінде оларды ата-анасынан алыстатуы мүмкін. Бұл жағдайда балалар жасырын бола бастайды және өтірік айтуы мүмкін. Мұндай атмосфера отбасында қауіпсіз және сенімді орта құруға ықпал етпейді.
Настя Бутенко балаларды қолдауға, оларға қызығушылығының маңызын түсінуге, олармен бірге костюм жасауға немесе басқа да қолдау көрсетуге шақырады.
Сондай-ақ куадроберлердің қатарластары мен ересектер тарапынан жиі буллиңге ұшырайтынын ескере отырып, ата-ананың қолдауы мен сенімді қарым-қатынасы ерекше маңызды (1, 2, 3).
Анықтама
*Фурри сөзі ағылшын тіліндегі furry — «мамықты», «жүнмен жабылған» дегенді білдіреді.
Фурри мәдениеті — антропоморфты жануарларға арналған шығармашылық жанр. Бұл жануарлар мен адамдардың белгілерін біріктіретін кейіпкерлер комикстерде, мультфильмдерде, бейнеойындарда және әдебиетте, әсіресе ғылыми фантастика мен фэнтези жанрларында кеңінен кездеседі.Фурри мәдениетінің жанкүйерлері антропоморфты кейіпкерлердің эстетикасына ерекше мән береді. Сондықтан олардың шығармашылық қызметі сурет салу, фанфиктер мен түпнұсқа шығармалар жазу, фурри кейіпкерлерінің костюмдерін жасау сияқты әрекеттерді қамтиды.
*Териантроптар (териандықтар) — грек тіліндегі «терион» (жануар) және «антропос» (адам) сөздерінен шыққан.
Териан — өзін рухани, психологиялық және эмоциялық тұрғыда белгілі бір жануармен сәйкестендіретін адам. Териандар жануардың мәні мен мінез-құлқымен терең байланыс сезеді, тіпті олардың сыртқы физиологиялық белгілері болмаса да. Териантропия көбіне адамның ішкі сезімдерімен және тәжірибелерімен байланысты. Териантроптар өздерінің жануарлық бейнесін (термитипін) мінез-құлқында, ойлау үлгісінде, дүниетанымында, талғамында, әдеттерінде, өзін-өзі сезінуінде және тұлғалық басқа қырларында байқайды. Тіпті кейде олар адамдық емес фантомдық дененің бар екенін сезінетіндей тәжірибеге ие болуы мүмкін.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.