Сәуірдің соңында Repost.media.official парақшасында Солтүстік Корея мен Оңтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартып, бірігетіні туралы ақпарат жарияланды (видео және архив). Видеодағы ақпаратқа сенсек, екі ел президенттері арнайы кездесіп, бітімгерлікке келген әрі осымен соғысты тоқтатуды ұйғарған-мыс. Желідегі бұл жаңалық 15 мыңнан астам лайк пен көптеген комментарий жинап үлгерді. Factcheck.kz редакциясы аталған деректі тексеріп көрді.

Үкім: Жалған
Оңтүстік Кореяның ресми сайттарында бұл туралы ресми мәлімдеме жасалмаған. Ал видео болса Astana TV арнасының 2018 жылы 27 сәуірдеге сюжетінен алынған, ол жерде екі ел басшыларының қатысуымен болған тарихи саммит туралы айтылады. Видеодағы ядролық қарудан бас тарту мәселесі солтүстік Хамген провинциясының Кулджу округендегі Пунгеридегі ядролық сынақ полигонының жабылуына қатысты болған.
Тарихи саммитте не айтылды?
2018 жылы 27 сәуірде Пханмунджом демилитаризацияланған аймағында екі ел президенттері Ким Чен Ын (КХДР) мен Мун Чже Ин (Корея Республикасы) кездесіп, тарихи саммит өткізді. Бұл жаңа ғасырдағы үшінші кездесу, бұған дейін 2000 және 2007 жылдары кездесулер болған. Дегенмен бұл саммит Ким Чен Ын мен Мун Чже Иннің екі ел шекарасына алғаш рет аяқ басуымен есте қалды. Кездесу барысында Пханмунджом декларациясына қол қойып, екі ел ресми түрде соғысты тоқтатуға уағдаласты. Алайда арада бір ай өтпей 16 мамырда Солтүстік Корея екіжақ келіссөздерді белгісіз мерзімге кейінге қалдырғанын мәлімдеді. Ал 17 мамырда елді бейбіт жолмен біріктіру комитетінің төрағасы Ли Соң Гван негізгі мәселелер шешілгенге дейін келіссөздерді жалғастыру қиынға соғатынын жеткізді.
2019 жылы ақпанда Ханойда Доналд Трамп пен Ким Чен Ын екінші кездесу өткізді. Негізгі мәселе ретінде Солтүстік Кореяның Йонбендегі ядролық кешеннен бас тарту әрі АҚШ-тың санкцияларды біртіндеп азайту талқыланған. Алайда екі ел де келісімге келе алмады. Трамптың айтуынша, Ким Чен Ын барлық санкцияларды алып тастауы талап етті десе, Солтүстік Корея өкілдері “нақты ұсыныстарды” айтқанын мәлімдеді. Осыдан кейін екі Корея арасындағы бейбіт келіссөздер тығырыққа тірелді.
Басты беттегі сурет BBC.com сайтынан алынды
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.