Ауызды тұзды сумен шаю коронавирусты жояды деген ақпарат қайдан шықты?

Covid-19 жайлы фейктер әлі де толастар емес. Factcheck.kz оқырмандардың сұрауы бойынша вирустан құтылуға болатын әдіс туралы тараған хабарламаның рас-өтірігін ажыратты. Хабарламадан үзінді:

Ауызды тұзды сумен шаю коронавирусты жояды деген ақпарат қайдан шықты?

Коронавирус өкпеге жеткенге дейін төрт күн ішінде кеңірдекшеде қалады. Осы кезде науқас жөтеле бастайды. Егер ол көп су ішсе және аузын жылы сумен, тұз немесе сірке суымен шайса, ол вирусты жоя алады. Бұл хабарды таратыңыз, өйткен сіз оны адамды құтқару үшін қолдана аласыз.

Хабарлама мәтіні

Үкім: Фейк

Біріншіден, көп су ішу медицинада құпталатын әрекет. Бірақ, Оксфорд университетінің профессоры Труди Лангтың айтуынша, көп су ішіп, асқазанда вирусты жоятындай биологиялық механизмнің жоқ.

Екіншіден, тұзды сумен вирусты жеңуге болады деген ақпарат, Гуанжоу медицина университеті маманы Чжун Наньшанның сөзінен бұрмаланып, желіге тараған. Маманның сөзі төмендегідей болатын:

«Мен барлығыңызға ауруханаға немесе басқа қоғамдық орындарға барар алдында тамағыңызды сұйылтылған тұзды сумен шайып, үйге оралғаннан кейін тағы да шаюды ұсынамын.

Чжун Наньшан, Гуанжоу медицина университеті маманы

Маман вирустың алдын алу тәсілдерінің бірі деп ауызды тұзды сумен шаюды айтқан. Бірақ Whatsapp желісінде оның сөзі бұрмаланып, бұл тәсіл вирусты толықтай жоюға көмектеседі деп тараған.

Үшіншіден, сірке суымен жасалған кішігірім зерттеу қорытындысы бойынша, микробтарды өлтіруге болатынын, алайда, вирусты жоятыны дәлелденбеген.

Естеріңізге сала кетейік, әлем бойынша коронавирус жұқтырған адам саны 1,5 миллионнан асты. Қазақстанда вирус жұқтырған адам саны 1000-ға таяп, 12 адам қаза тапты. Әлем бойынша 200-ден астам елде коронавирус тарады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz