Қараша айының аяғында БАҚ пен әлеуметтік желілерде Тайландтағы қонақүйдегі «жасырын бөлме» есігі табылғаны туралы бейнежазба кең тарады (1, 2, 3, 4). Бұл видеоны алғаш рет 24 қарашада қазақстандық блогер Нұрай Бостанова TikTok пен Instagram платформаларында жариялаған.
Видеода Бостанова мен оның күйеуі шкафтың артқы қабырғасындағы есікті ашып, оның техникалық бөлме екенін анықтайды. Бұл бөлмеде құбырлар мен коммуникациялар орналасқан.
Instagram-дағы жазбада блогер қонақүй қызметкерлеріне жүгінгеннен кейін олардың бірден басқа бөлмеге көшірілгенін айтты. Ол жаңа бөлмеде «бәрі дұрыс болғанын», бірақ қызметкерлерден ешқандай түсініктеме алмағанын жеткізді. Сонымен қатар Бостанова қонақүйді жалпы ұнатқанын және оқырмандарын қорқытқысы келмегенін атап өтті. Алайда ол «Балаларды ұрлау туралы түсірілген «Звук свободы» триллерін көргеннен кейін, күйеуі екеуі барлық жерді мұқият тексере бастағанын» мойындады. «Тайланд – балалармен демалуға арналмаған орын», — деді блогер.
Материал дайындалып жатқанда TikTok-та жарияланған видео 5,6 миллион қаралым жинаса, Instagram-да 34 мың рет қаралған. Жасырын бөлмені егжей-тегжейлі көрсеткен екінші видео 1,1 миллион қаралым жинаған. Бұл оқиға қолданушылардың алаңдаушылығын тудырып, олар Тайландтағы демалыс қауіпсіздігіне күмән келтіре бастады. Кейбір пікір қалдырушылар қазақстандық бір отбасының оқиғасын мысалға келтіріп, баласының жасырын бөлме арқылы ұрланғанын жазды.
Қолданушылардың уайымдарына жауап ретінде, Нұрай Бостанова тай қонақүйінен түсірілген үшінші видеосында жасырын есіктің тек «құбырлар мен техникалық аймаққа» кіруге арналғанын нақтылады.
«Шын мәнінде, қонақүй өте керемет. Иә, кейбір кемшіліктер бар, бірақ бізге ұнады. […] Оның үстіне, біз мұнда тек екі күн қондық, сондықтан қорқуға еш негіз болмады», — деді блогер.
Алайда, бұл спекуляцияны тоқтату мүмкін болмай қалды, себебі видео басқа ақпарат көздеріне тарап үлгерді. Осыған байланысты Factcheck.kz редакциясы оқырмандарға жарты жыл бұрын жарияланған қонақүйдегі жасырын бөлмелер туралы материалды еске салып, осы тақырыпқа қатысты мифтерді тағы да жоққа шығару керек деген шешім қабылдады.
Еске салайық: бұған дейін қонақүйдегі жасырын бөлме туралы вирустық видеоны ағылшын тіліндегі TikTok-та мексикалық саяхатшы Диана Альварез Рамирез жариялаған еді және кейін ол Қазақстанның ақпараттық алаңына да жетті. Factcheck.kz анықтағандай, видеода көрсетілген бөлме Түркиядағы Holiday Inn Istanbul Old City қонақүйінің бұрынғы техникалық аймағы болып шыққан. Бұл деректі қонақүй әкімшілігі растаған.
Сол кезде Қазақстанның сыртқы істер министрлігі журналистерге берген мәлімдемесінде тай қонақүйлерінде қазақстандық туристердің балалары жоғалып кеткені туралы хабарларды жоққа шығарды (1, 2). СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл оқиға туралы: «ТМД елдерінің ақпараттық алаңында бірнеше жылда бір рет пайда болатын ескі жалған ақпарат» деп мәлімдеді.
Нұрай Бостанованың видеосында қонақүйдің атауы көрсетілмегенімен, Google арқылы сурет бойынша кері іздеу әдісімен видеоның Паттайядағы Ocean Marina Resort қонақүйінде түсірілгенін анықтадық (1, 2). Қонақүйдің рейтиңі жоғары және жақсы пікірі көп, ал жасырын есіктер мен бөлмелерге қатысты ешқандай ақпарат жоқ.
Жалпы, интернетте әлемнің түкпір-түкпіріндегі қонақүйлердегі жасырын бөлмелер туралы видеоларды табуға болады (1, 2, 3, 4). Holiday Inn мысалындағыдай, кейбір «жасырын бөлмелер» техникалық аймақтар немесе қайта жоспарлаудан кейін қалған оқшауланған өткелдер болып шығады.
Сонымен қатар кейбір видеоларда еденнің астындағы немесе қабырғалардың артындағы жасырын кеңістіктер көрсетіледі. Олар әдетте құбырларға, электр сымдарына немесе құрылымдық элементтерге қол жеткізуге арналған техникалық аймақтарға жатады.
Мұндай видеолардың тағы бір ортақ ерекшелігі – олар көбіне мазасыз музыканың сүйемелдеуімен және авторлардың жасырын кеңістіктердің ықтимал мақсаты туралы астарлы пікірлермен беріледі. Көп видео ең маңызды сәтте үзіліп, көрермендердің алаңдаушылығын арттырып, қастандық теорияларын ойлап табуға итермелейді.
Балаларға қатысты алаңдаушылық орынды болғанымен, фактілерді тексермей, үрейлі оқиғаларға сенуге болмайды. Әлеуметтік желілерде үрей туғызатын ақпаратқа тап болсаңыз, эмоцияға ерік бермей, оны таныстарыңызға таратпауға тырысыңыз. Кілт сөздер бойынша жылдам іздеу немесе суреттер бойынша кері іздеу бұл ақпараттың қаншалықты сенімді екенін анықтауға көмектеседі. Тіпті, фактчекерлердің немесе ресми мекемелердің оны жоққа шығарғанын да тауып қалуыңыз мүмкін.
Әрине, бұл қонақүйлерде қылмыс, соның ішінде балаларды ұрлау жағдайлары мүлдем болмайды дегенді білдірмейді. Дегенмен, қаскөйлер әдетте тікелей әрекет етуді жөн көреді және күрделі схемаларды сирек қолданады.
Балалардың қонақүйлерден жоғалуы туралы қайғылы оқиғалар бар. Мысалы, Португалияда үш жасар Мэдлин Макканның жоғалуы немесе Ұлыбританиядағы қонақүйден 79 босқын баланың жоғалып кетуі. Алайда бұл ұрлықтардың «жасырын бөлмелермен» ешқандай байланысы жоқ. Мэдлин жоғалып кеткен бөлмеде жасырын өткелдер болмаған. Ал екінші жағдайда балаларды қонақүйдің есік алдынан ұрлаған.
Қаскөйлер қонақүй нөміріндегі қосалқы кеңістіктерде жасырынуы мүмкін бе? Техникалық тұрғыдан мүмкін. Бірақ қонақүй жүйесін бұзу, кілт-картаның көшірмесін жасау немесе есікті қарапайым әдістермен ашу арқылы қонақүй бөлмесіне кіру және одан шығу әлдеқайда оңай.
Біздің қонақүйлердің жасырын бөлмелері арқылы адам ұрланғаны туралы ешқандай сенімді дерек таба алмағанымызды да айта кету керек.
Дегенмен, балаларды еш жерде, тіпті, қонақүй бөлмелерінде де қадағалаусыз қалдырмауды ұсынамыз,. Қонақүйге орналасу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыз, мұқият болыңыз және дәлелсіз қауесеттерге сенбеңіз.