«Израильді жақсы көретінімді айтсам, мені жыл сайын әлемнің үздік футболисі деп таңдайды»: Роналдудың сөзі ме?

Қазан соңында әлеуметтік желілерде әлемдік футбол жұлдызы Криштиану Роналду жазды деген тіркес тарап кетті. Онда былай делінген:

Мен басқа футболшылар тәрізді Израильді жақсы көремін деп айтсам, мені жыл сайын әлемнің үздік футболшысы ретінде таңдар еді. Мен Палестинаны қолдаймын және ол жақта қаза тауып жатқан кінәсіз балалардың өліміне қайғырамын.

«Израильді жақсы көретінімді айтсам, мені жыл сайын әлемнің үздік футболисі деп таңдайды»: Роналдудың сөзі ме?

Футболшы осылай деп жазды (!) дегеннен кейін әңгіме әлеуметтік желілердегі пост туралы деп болжадық.

Роналдуға тиесілі деген тіркес Instagram (1, 2, 3, 4, 5), ВКонтакте (1, 2, 3, 4), Telegram, Twitter, Facebook, TikTok (1, 2, 3) желілерінде кең тарап кетті. Кейінгілерінде диктордың дыбыстауымен жасалған нұсқасы жарияланған (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8). Хабарламалардың көбіне «футболшы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесуден бас тартты» деген ақпарат қоса берілген.

Оқырмандардың өтініші бойынша, Factcheck.kz редакциясы Криштиану Роналду расымен осылай мәлімдеп, Израиль премьерімен кездесуден бас тартты ма деген сұраққа жауап іздеді.

Үкім: Фейк

Желіде бұл сөзді Роналду айтқанын, сондай-ақ Израиль премьер-министрімен кездесуден бас тартқанын дәлелдейтін дерек жоқ. Футболист айтты делінген тіркес алғаш желіге 2014 жылы салынған.

Бұл тексеру тіркес пен Нетаньяхумен кездесуден бас тартқанына ғана қатысты екенін айта кетейік. Біз Криштиану Роналду қақтығыстың қай тарапын қолдайтынын талдамаймыз. Ол туралы білмейміз.

Толығырақ

Футболшының әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларынан осындай тіркесі бар пост таппадық. Интернеттен кілт сөздер бойынша іздеп, ол алғаш Желіде 2014 жылдың шілдесінде, Газадағы кезекті соғыс кезінде пайда болғанын анықтадық. Біз тапқан ең алғашқы дереккөз – Facebook-тегі Supporters of Palestine-Asian Chapter деп аталатын парақша. Олар тіркесті 2014 жылдың 12 шілдесінде ағылшын тілінде жариялаған. Бір қызығы, ағылшын тіліндегі нұсқаға тағы бір сенімсіз дерек қосылған. Онда Роналду израильдік футболшылармен жейде алмасудан бас тартты делінген.

Парақша авторлары 2014 жылдың 3 шілдесінде veteransnewsnow.com веб-сайтындағы (қазір сайт жұмыс істемейді, архиві мында) жариялымға сілтеме жасаған. Ал ол жерде біз тексеріп отырған тіркес мүлдем кездеспейді. Бірақ футболшы «Мен қанішерлермен жейде алмаспаймын» деп айтыпты-мыс. Мұның да өтірік екені айдан анық, себебі жейде алмасудан бас тартты делінген ақпараттың өзі – жалған.

veteransnewsnow.com сайты француз тілді streettelevirtuelle блогында 2013 жылдың 17 сәуірінде жарияланған постқа сілтеме жасаған. Ал ол сенімсіз ақпаратты 2013 жылдың 14 сәуірінде жариялаған nouvellesdaujourdhui.com фрацуздық ресурсына сілтеме берген. Бірақ біз тексеріп отырған тіркес онда жоқ екенін қайталап өтейік.

Израиль премьер-министрімен кездесуден бас тартқаны туралы ақпарат қосылған тіркестің пайда болған уақыты – 2014 жылдың 15 шілдесінен кеш емес. Осындай мазмұндағы постты сол күні ВКонтакте желісіндегі ВГИК парақшасы бөліскен. Авторлар ешқандай дереккөзге сілтеме жасамаған, ал БАҚ-та мұндай ақпарат жарияланған жоқ.

Постқа Роналду Палестинаны қолдайтын плакат ұстап тұрған жалған сурет қосылған. Сол постта жейде алмасудан бас тартқаны және Роналду палестиналық балаларға көмектесу үшін «Алтын бутсы» марапаттарының бірін аукционда сатқаны туралы дерек бар. Ол ақпаратты да фактчекерлер тексеріп, жалған екенін анықтаған болатын (1, 2, 3, 4).

журналист, фактчекер, выпускница Online Factcheck Academy 2020

Factcheck.kz