«Израиль тыңшысы үйіне ұшып барады»: кең тараған суреттерді тексерейік

2025 жылдың маусым айының ортасында Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс ушыға түскен тұста, интернет кеңістігінде түрлі тілде «Израиль тыңшысын зымыранға байлап, елге қарай ұшырды» деген мазмұндағы суреттер кең тарады (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7). Желіде жарияланған бұл жазбалар ондаған миллион қаралым жинап, орыс тілді сегментке де жетті (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8). Орысша посттарда ирандық БАҚ-қа сілтеме мүлде айтылмайды, ал фотосуреттердің астында «100% шынайы» деген пікір жазылған.

Көптеген жарияланымда екі сурет ұсынылады. Оның бірінде орындыққа байланған адам зымыранның жанында отыр. Екінші анық емес, бұлыңғыр суретте иран туы бейнеленген зымыранға байланған адамның сұлбасы көрінеді.

«Израиль тыңшысы үйіне ұшып барады»: кең тараған суреттерді тексерейік
Instagram-дағы посттың скриншоты

Factcheck.kz редакциясы бұл суреттерді тексеріп, оларды расында ирандық БАҚ жариялады ма деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Үкім: Фейк

Аталған суреттер жасанды интеллект көмегімен жасалған және Иранның ресми ақпарат құралдарында жарияланбаған.

Толығырақ

Кері іздеу нәтижесі бұл фотосуреттердің Иранның ресми баспасөз құралдарында жарияланбағанын және көбіне бөлек-бөлек тарағанын көрсетті.

Зымыранға байланған адамның бұлдыр бейнесі бар суреттің ең алғашқы нұсқасы 16 маусым күні Астана уақытымен 15:30-да Mustafa Alsalihy есімді Facebook қолданушысының парақшасында жарияланған. Араб тіліндегі жазбада: «Бүгін түнде Моссад агенті осындай жолмен ұшырылды» деп айтылған. Ирандық БАҚ-қа ешқандай сілтеме берілмеген. Жазба шамамен 260 мың қаралым және 5,4 мыңнан астам реакция жинаған. Осыдан кейін ұқсас посттар жаппай тарай бастаған.

Ал орындыққа байланған адамды бейнелейтін екінші суретті, болжам бойынша, 16 маусым күні Астана уақытымен 13:25-те support_of_sadr3 атты Instagram аккаунты жариялаған. Араб тіліндегі жазбада: «Сатқындарға, агенттер мен тыңшыларға арналған ең үздік әрі ең қатаң жаза. Иран: Ел аумағында ұсталған әрбір Моссад агенті зымыранға байланып, бірден Тель-Авивке жөнелтіледі!» деп жазылған.

Біз бұл суреттің анығырақ нұсқасы бар деп топшыладық. Расында, ондай нұсқа бар болып шықты. Оның біз тапқан ең алғашқы жарияланымы 16 маусым күні Астана уақытымен 04:19-да Йемен жаңалықтарына арналған Facebook тобында жарияланған. Сурет астындағы жазбада былай делінген: «Иранда ұсталған Моссад агенттері тергеу аяқталып, барлық ақпарат пен құпия алынғаннан кейін зымыранға байланып, Израильге қарай атылуы керек. Бұл процесті видеоға түсіріп, өзгелерге сабақ болатындай ету қажет».

Тағы бір маңызды жайт — бұл жазбада да Иранның ресми ақпарат құралдарына сілтеме жоқ. Посттар жаңалық ретінде емес, автордың жеке пікірі ретінде жарияланған.

Агенттер туралы айтқанда, бұл жазбалар 15 маусымда тараған жаңалыққа меңзеп отырған сыңайлы. Ол күні Иранда Моссад пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен екі адам ұсталғаны хабарланған. Аталған фотосуреттер дәл осы жаңалықтан кейін бір күн өткенде әлеуметтік желіде тарап кеткен. Алайда зымыранға байланған тыңшылар жөнінде ешбір журналистің материал шықпаған.

Бұл фотосуреттер шынайы ма? Жоқ, шындыққа жанаспайды.

Біз орындыққа таңылған адам бейнеленген фотосуретті Hive AI Detector атты арнайы сервистің көмегімен талдап көрдік. Бұл құрал контентте жасанды интеллект іздерін анықтайды. Нәтижесінде, жүйе 100% дәлдікпен суреттің жасанды интеллект арқылы жасалғанын растады және 98% ықтималдықпен оны Grok чат-боты генерациялағанын көрсетті.

«Израиль тыңшысы үйіне ұшып барады»: кең тараған суреттерді тексерейік
Суреті бар жазба және Hive AI Detector анықтамасы

Шын мәнінде, жасанды интеллект белгілерін көзбен қарап-ақ байқауға болады. Мәселен, ракетаға салынған Иран туының бейнесіне назар аударсаңыз, орталық элементінің бұрмаланғанын көресіз. Сондай-ақ зымыранның екі жағында орналасқан тұтқаға ұқсас бөлшектер әртүрлі.

Ал екінші суретте жасанды интеллект ізі одан да көп. Тудың ортасы мұнда да бұрмаланған, адамның бет-жүзі анық емес, оның айналасындағы арқан тұтас емес тәрізді көрінеді. Сондай-ақ зымыран маңындағы траптың сүйеніштері қисайып, табиғи көрінбейді.

«Израиль тыңшысы үйіне ұшып барады»: кең тараған суреттерді тексерейік

Осылайша, тараған екі сурет те шынайы емес екені анықталды.

Қолымыздағы барлық деректі саралай келе, бұл фейктің қалай тарағанын болжауға болады. 15 маусым күні Иранда Моссадтың пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен адамдардың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Келесі күні таңертең әлеуметтік желілерде әлдебір қолданушылар тыңшыларды жазалау жолын өз ойынша сипаттап, посттар жариялай бастады. Суреттерге жазылған мәтіндер уақыт өте өзгеріп, соңында «бұл оқиға шын болды» деген мәлімдемелер пайда болды. Сенімдірек болу үшін кейбір жазбаларға «ирандық БАҚ хабарлады» деген сілтемелер қосылды. Бұдан соң кей посттарда екі түрлі сурет бір хронологияға біріктіріліп, алдымен адам зымыран жанында орындыққа таңылып отырады, кейін ракетаға бекітіледі деген сценарий жасалды.

Біз тек екі фотосуретті тексердік, бірақ «тыңшыны зымыранға байлап ұшыру» тақырыбы танымал болғаны сонша, қазір интернетте дәл осындай көріністі бейнелейтін жасанды интеллект көмегімен жасалған басқа да суреттер мен видеолар қаптап жүр (1, 2, 3, 4, 5).

Factcheck.kz