Испанияда ЛГБТК+ шеруіне балалар қатысқаны рас па?

Интернеттің орыс тілді сегметінде «ЛГБТ шеруіне қатысқан балалар жезөкшедей киінді» деген ақпарат тарады (1, 2, 3, 4, 5, 6).

Испанияда ЛГБТК+ шеруіне балалар қатысқаны рас па?
Желіде тараған ақпараттың скрині

Factcheck.kz видеода ЛГБТК+ шеруі ме және оған «жалаңаштанған» балалар қатысты ма, ақпараттың анық-қанығын тексеріп көрді.

Испаниядағы балаларға арналған ЛГБТ шеруі. Ата-аналар баласына жеңіл мінезді қыздың киімін кигізіп, қолына «кемпірқосақ» ұстатып, азғындық көшесіне шығарады. Жергілікті педофилдерді қуантып, балаларды (негізінен ұлдар) жезөкшедей киіндіріп жатыр. ЛГБТ өкілдерінің неліктен экстремистік деп танылғанының жақсы мысалы. Жиіркенішті.

“ВКонтакте” әлеуметтік желісінен

Үкім: Манипуляция

Шын мәнінде видеодағы топ — Испаниядағы Торревьежа карнавалына қатысқан «Осадия» труппасы. Олар феминизм мен LGBTIQA+ топтарына қатысты саяси және әлеуметтік идеологияны сатиралауды, соның ішінде оңшыл саяси топтар тудырған мизогиния мен гомофобияға қарсылық білідіруді мақсат еткен. Испания ұлттық газеті «El Pais» дерегіне сай, әр қатысушы оңшыл және солшыл партиялар мен олардың гендерлік проблемалар бойынша ой-көзқарасына қатысты жалаушаларды алып шыққан.

«El Pais» жазуынша, труппа ересектер мен балаларды қамтыған екі бөлек топтан тұрады. Қойылым өкілдері жалаңаш шықпаған, денені имитациялайтын костюм киген, сондықтан олардың жынысы мен жасын анықтау қиынға соғады. Дегенмен, труппаның жанындағы ресми киім киген ұзын бойлы кісілерге қарасақ, шерушілер расымен кәмелетке толмаған болуы мүмкін екенін көрсетеді.

Қала мэрі Эдуардо Долонның айтуынша, бұл карнавал — сын, сатира, провакация, көңіл көтеру; ал балалардың ата-анасының ниеті — баланы гиперсексуализациялау емес, керісінше саяси және әлеуметтік жағдайды сынау. Мэр Торревьежа қалалық кеңесі карнавалдағы костюмдерге цензура қоймайтынын айтты. Карнавал қауымдастығы да труппа мен қатысушыларды қолдайтынын хабарлады.

Айтпақшы, бұған дейін Испанияның теңдік жөніндегі министрі Ирен Монтеро (видеоның екінші бөлігінде) барлық баланың, кішкентай ұлдар мен қыздардың өзара келісім бойынша педофилдермен жыныстық қатынасқа түсуге құқығы бар екенін мәлімдеді.

“ВКонтакте” әлеуметтік желісінен

Үкім: Жалған

Испанияның теңдік жөніндегі министрі Ирен Монтеро (Irene Montero) ешқашан мұндай мәлімдеме жасамаған. Керісінше, ол гендерлік мәслелерді көтеріп, жыныстық келісім туралы заңды реформалауға атсалысты. 2022 жылы қабылданған заңда агрессия мен сексуалдық зомбылық арасындағы айырмашылық жойылды. Яғни, келісімсіз жасалған кез келген сексуалдық әрекет зорлық-зомбылық деп танылуы мүмкін.

Испаниядағы жыныстық қатынасқа келісім беру жасы 16 жас. Одан кіші жастағылар жыныстық қатынасқа заңды түрде келісім бере алмайды. Кәмелетке толмаған балалармен жыныстық қатынасқа түскен ересектер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұл заңдар Испанияның ересектер мен кәмелетке толмағандар арасындағы жыныстық қатынасты мақұлдамайтынын анық көрсетеді.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz