Фейк | «26 сәуірден 10 мамырға дейін Қазақстанда интернет болмайды»

Сәуірдің 20-да WhatsApp мессенжерінде аудио жазба тарады. Онда белгісіз әйел 26 сәуірден 10 мамырға дейін интернет қазақстандықтарға қолжетімсіз болатынын айтқан.

Бәріңе сәлем. Қазір ғана дүкенге әйел адам әкімшіліктен, әлде басқа жерден бе… хабарландыру әкелді. 26 сәуірден 10 мамырға дейін мүлдем интернет болмайтынын хабарлады. Электронды касса аппараттары тұрған болса, калькулятор мен таразы қойыңыздар деп айтып кетті. Сондай-ақ тұрғындарға да ескерту керегін айтты.

WhatsApp-та тараған аудиожазба (орыс тілінен аударылды)

Сонымен қатар қазақ тілінде де осындай хабарлама пайда болды. Онда басқа адам интернеттің өшетінін хабарлаған.

Қыздар, кеш жарық. Мынау рас, жаңа ғана банкпен хабарласып едім, рас деді. Қолма-қол шығарып алыңдар… 26-нан 9 мамырға дейін 14 күн бойы қолма-қол ақшамен тамақ ішесіңдер. Ең болмаса, тамақ алатын ақшаларыңды қолма-қол шығарып алыңдар.

WhatsApp-та тараған аудиожазба

Үкім: Фейк

Қазақстанда бұл күндері интернет-шатдаун жоспарланбаған. Бұл ақпаратты Павлодар облысының цифрландыру басқармасы жоққа шығарды. Фейк бірінші сол өңірде тараған.

Мұндай ақпарат шындыққа жанаспайды. Павлодар облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының хабарлауынша, 2023 жылдың 23 сәуіріндегі жағдай бойынша, барлық байланыс операторларының ақпараттық-телекоммуникациялық құрылымы қалыпты тәртіппен жұмыс істеп жатыр. Сіздерді ресми және сенімді дереккөздер таратқан ақпаратқа сенуге және фейк таратпауға шақырамыз.

Павлодар облысының цифрландыру басқармасы

Кейінірек цифрлық даму министрлігі бұл ақпараттың фейк екенін БАҚ-қа растады.

Фейк қайдан тарады?

Кілт сөздер бойынша іздеп көріп, фейк сенімді ақпараттан тарап, аудиожазбаларда бұрмаланған болуы мүмкін деген тұжырымға келдік. 17 сәуірде медиа «26 сәуір мен 9 мамыр аралығында еліміздің ХҚКО-ларында жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу, міндетті тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлікті тіркеу және жылжымайтын мүлік объектілерін техникалық тексеру саласында қызметтердің барлық түрлері тоқтайтыны» туралы ақпарат жариялады. «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ басты себеп — “Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры” жаңа ақпарат жүйесіне көшу екенін айтты.

Сонымен қатар, баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 2-9 мамыр аралығында eGov.kz порталы арқылы жылжымайтын мүлікті рәсімдеуге әрі техникалық тексеруге құжаттарды онлайн қабылдау, нотариустар, салық жүйелері арқылы, екінші деңгейдегі банктер және әділет министрлігінің атқарушы органдарының жүйелері бойынша қабылдау тоқтатылады. Одан бөлек, көрсетілген кезеңде азаматтар тұрғын үй бағдарламаларына байланысты қызметтерді пайдалана алмайды.

Жоғарыдағы шектеулердің интернет-провайдерлерге еш қатысы жоқ екені және интернет өшетінін білдірмейтіні айтпаса да түсінікті.

Factcheck.kz