Фактчек | ҚСЗИ директоры Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы

17 мамырда Қазақстан мен Қытай үкіметтері өзара визасыз режим келісіміне қол қойды. ҚР СІМ бұл екі ел арасындағы әріптестікті нығайтуға көмектесетінін мәлімдеді. Бірақ қазақстандықтардың көбі визасыз режим жұмыс орындарының азайып, Қытайдан тұрақты тұруға көшіп келгісі келетіндер көбейе ме деп қауіптеніп отыр.

Сәуірдің аяғында Tengrinews басылымы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымовтан сұхбат алды. Ол қазақстандықтардың қаупі туралы пікір білдіріп, бұл келісімшарт азаматтарға кері әсер етпейтінін жеткізді.

Factcheck.kz редакциясы Тұқымов айтқан бірнеше мәлімдемені тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Жаңа келісім негізінен қазақстандықтарға визасыз режим енгізеді, себебі Қытай азаматтары мұндай мүмкіндікке былтыр ие болған.

Еркін Тұқымов

Үкім: Шындық

Тұқымов Қытай, Үндістан және Иран азаматтарына арналған визасыз режим туралы айтып отырғанға ұқсайды. Бұл шекарадан өткеннен кейінгі 14 күнді қамтиды. Режимді Қазақстан 2022 жылғы шілдеде біржақты тәртіппен енгізді. Шарт бойынша, Үндістан, Иран және Қытай азаматтары Қазақстанға іскер, жеке және туристік мақсатта келіп, осында бола алады. Қазақстанда болған уақыт әр 180 күндік мерзімде 42 күнтізбелік күннен аспауға тиіс. Бұған дейін Үндістан, Иран және Қытай азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз транзитті режим енгізілген еді.

Қазақстан ҚХР-мен 2023 жылғы 15 мамырда жасаған келісім өзара визасыз режимді қамтиды. Құжатқа сәйкес, қолында паспорты бар, Қытайға туризм, емдік, транзит, іскери кездесу мақсатында 30 күнге кірген екі ел азаматтары виза талаптарынан босатылады. Визасыз режим аясында оларға қазақстанда жұмыс істеуге я ақысы төленетін басқа да қызметпен айналысуға тыйым салынады. Жалпы алғанда 180 күндік мерзімде басқа мемлекетте визасыз 90 күн жүруге болады.

«Kazakh Tourism ҰҚ» АҚ атқарушы директоры Даниел Сержанұлының сөзінше, Қытай туристері үшін визасыз жүру мерзімін 14 күннен 30 күнге дейін ұзарту бизнеске көбірек пайда табуға мүмкіндік береді. Компания дерегінше, 2022 жылы қазақстандық бизнестің Қытайдан келген туристерден тапқан табысы 16 млн доллар болған. Бұл 2021 жылмен (8,9 млн доллар) салыстырғанда шамамен екі есе көп. Қазақстанда бір қытайлық турист орта есеппен 1 000 доллар жұмсайды.

Бұрын Қытайға барғысы келген қазақстандықтарға туристік виза алу міндетті болған.

Мәлімдеме: Былтыр елге 17 425 адам иммиграцияланған, олардың ішінде Қытайдан келгендер – 416 адам. Иммигранттардың көбі ТМД елдерінен.

Еркін Тұқымов

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) дерегінше, 2022 жылы Қазақстанға 17,4 мың адам иммиграциялаған. Бұл 2021 жылмен (11 мың.) салыстырғанда 57,8% көп. Иммигранттың* көбі ТМД елдерінен, оның ішінде Өзбекстаннан (6,6 мың адам, оның алдындағы жылмен салыстырғанда 2,4 мың адамға көп) келген. 2022 г жылы Қытайдан 416 адам көшіп келген.

*ҰСБ миграциялық статистикасында Қазақстанға тұрақты тұруға келгендерді және мемлекеттік органдарға соған сәйкес өтініш тастағандарды ғана ескереді.

Кейінгі 22 жыл дерегіне қарасақ, 2008 жылдан бастап Қазақстанға тұрақты тұруға келген Қытай азаматтарының саны бір жылда 6,2 мыңнан аспағанын көруге болады. Кейінгі бес жылда Қытайдан келген иммигранттар 69,5%-ке азайып, Ресей мен Өзбекстаннан келген иммигранттар саны керісінше 51%-ке артқан.

Мемлекетте уақытша жүрген азаматтарға келсек, ІІМ миграциялық қызмет комитетінің дерегінше, 2022 жылы Қазақстанға 5,6 млн шетел азаматы кірген. Олардың көбі ТМД елдерінен келген. Бірінші орында Ресей Федерациясы тұр — 2,9 млн адам. Екінші орында Өзбекстан азаматтары — 2,3 млн адам. Үшінші орында Қырғызстан азаматтары – 730 мың адам. Сондай-ақ Қазақстанда Тәжікстаннан келген  330 мыңнан астам адам, Түркиядан келген 90 мыңнан астам адам тіркелген. 2022 жылғы желтоқсанның аяғындағы жағдай бойынша Қазақстанда 650 мың шетелдік болған, олардың 90%-і — ТМД елдерінің азаматтары. Елден кеткен шетелдіктер саны 6 млн адам болған.

Мәлімдеме: Қытайлықтар ең көп саяхаттайтын ұлт ретінде үшінші орында тұр. Коронавирус пандемиясына дейінгі кезеңдерге Қытайдан әлемге 155 млн турист шығып тұрғанын ұмытпау керек.

Еркін Тұқымов

Үкім: Шындық

Мәлімдеме авторы Халықаралық әуе тасымалы қауымдастығының (IATA) дерегіне сүйеніп отырған сияқты. Оған сәйкес 2018 жылы қытайлықтар ең жиі саяхаттайтын ұлттар рейтингінде расымен үшінші орында болған (97 миллион саяхатшы, әуе тасымалы жолаушыларының 6,6 пайызы). 2019 жылы ҚХР шыққан туристер 255 миллиард долларға 155 миллион сапар жасаған.

Мәлімдеме: Былтырғы жыл қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 24 миллиард долларға жеткен. Қазақстан өнімдерінің Қытайға экспорты 34,7 пайызға өсіп, 13 миллиард доллардан асқан. Импорт 33,5 пайызға көбейіп, 11 миллиардқа жеткен.

Еркін Тұқымов

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 24,1 млрд долларға жеткен. Қазақстан өнімдерінің Қытайға экспорты 13,1 млрд доллар болған, бұл 2021 жылмен (9,72 млрд доллар) салыстырғанда 34,7% көп. Қытайдан Қазақстанға импорт 11 млрд доллар болған, бұл 2021 жылмен  (8,24 млрд доллар) салыстырғанда 33,5% көп.

Шетелдік жұмысшылар көрсеткіші

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, Қазақстанда квота бойынша еңбек етіп жатқан шетелдік жұмысшылардың ең көп көрсеткіші 2015 және 2016 жылдары (37,9 мың және 36,8 мың адам) болған. Одан кейінгі жылдары 1,4 есе азайып, 25,5-27,5 мың адамға жеткен.

Шетелден келген жұмысшылардың азаюына ішкі нарықты қорғау үшін бекітілген квотаның азаюы мен еңбек заңнамасының бұзылмауын қадағалау шаралары әсер етті деуге болады. 2020 жылы Қазақстан үкіметі шетелден жұмысшылар тарту квотасын 2019 жылмен салыстырғанда 40% азайтқан. Одан кейінгі жылдары шетелдік жұмысшыларды тарту квотасы  29,3 мыңнан аспаған. Осы жылы 22,2 мың квота бөлінген, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 6,1 мыңға кем.

Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес, шетелден жұмыс күшін тарту квотасы «Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушіге тартуға рұқсат етілген шетелдік жұмыс күшінің рұқсат етілетін шекті санын құрайды».

2023 жылғы 1  сәуірдегі жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен кәсіпорындарда 14,4 мың шетел азаматы қызмет етіп жатыр. Олардың ішінде Қытайдан — 3 493, Үндістаннан — 1 722, Түркиядан — 1 483, Өзбекстаннан — 1461 адам.

Шетелдік мамандардың көбі құрылыс саласында — 5 262 адам, тау-кен өндірісі мен карьерді игеруде — 1 441 адам, ауыл, орман және балық шаруашылығында — 1143 адам, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 979 адам, өңдеу өнеркәсібінде — 883 адам.

Factcheck.kz