10 қарашада өткен сенат отырысында депутат Серікбай Трұмов жалпы сипаттағы трансферттер бөлінісінде теңгерімсіздіктің бар екенін айта келе, Қазақстан аймақтарын салыстырды.
Factcheck.kz сенатор сөзінің қаншалықты рас екенін тексерді.
Мәлімдеме: Мысалы, өңірлер бөлінісіндегі жергілікті жолдар желісінің жағдайын алсақ, Батыс Қазақстан облысында жергілікті маңызы бар жолдардың тек 39%-ы ғана қанағаттадырарлық жағдайда.
Серікбай Трұмов
Үкім: Шындық
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағысының үлесі Батыс Қазақстан облысында 39% ғана (ең кейінгі дерек 2021 жылғы). Бұл Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда ең аз көрсеткіш.
Мәлімдеме: Алайда жан басына шаққанда жергіліктті өңірлік өнім статистикалық деректеріне сәйкес, ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында Атырау облысында бір адамға 9 млн теңге болса, ал Түркістан облысында 588 мың теңгені құрайды, айырмашылық 15 еседен астам.
Серікбай Трұмов
Үкім: Шындық
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сай, 2022 жылдың жарты жылдығының қорытындысы бойынша, Атырау облысының жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімі 9 270 000 теңге, Түркістан облысыныкі 588 300 теңге болған. Айырмашылық, расымен, 15 есе.