Буча, Украина: қандай ақпаратқа сенуге болады?

Дисклеймер (18+): Материалда жан түршігерлік кадрлар бар. 

Бучада түсірілген суреттер мен видеолар жаңа ақпараттық соғысқа түрткі болды. Украиналық тарап “бейбіт тұрғындарды ресейлік әскерилер өлтірді және бұл геноцид дәлелі” десе, ресейлік тарап біресе “қала көшелеріндегі мәйіттер жасанды” деп, біресе “қала тұрғындарының өліміне Украина Қарулы күштері кінәлі” деп түрлі ақпарат таратты. Бүгін Буча қырғынына байланысты мәлімдемелер мен фактілерді тексеруге қатысты қысқа шолу ұсынамыз.

Буча қырғынына байланысты болған оқиғалар

  • 31 наурызда Буча мэрі Анатолий Федорук видео-үндеуінде қала Ресей әскерінен босатылғанын мәлімдеді. 3 сәуірде Украина қарулы күштерінің өкілдері мен журналистер Бучаға кіргеннен кейін медиада қала көшелерінен азаматтық киімде жатқан мәйіттердің суреті әрі видеолары тарады. Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба 3 сәуірде Twitter-де «Бучадағы қырғын қасақана жасалған; Ресейдің мақсаты мүмкіндігінше көп украиналықты өлтіру, сондықтан оларды тоқтатып, қуып шығуымыз керек» деп жазды.
  • Сол күні медиада Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесі жарияланды. Оған сай «Ресей мен Украинаның Түркияда өткен келіссөзінен кейінгі келесі күні, 30 наурызда, барлық Ресей әскері Бучадан толығымен шығарылған”. Бұл туралы, мәселен, ресейлік “Интерфакс” редакциясы министрлікке сілтеме жасап хабарлаған. Бұдан бөлек, 5 сәуірде Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров фотолар мен видеолардың “арандатушылық” екенін айтқан.
  • 7 сәуірде Ресей БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Кеңесінен шығарылды.
  • Сонымен қатар, ресейлік телеарналар мен анонимді пропаганда арналарында Бучадағы қырғынның “жасанды” екендігі туралы ақпарат тарап жатыр.

Фактчек: “Қозғалған мәйіттер”

3 сәуірде өзін тәуелсіз деп санайтын, бірақ іс жүзінде анонимді және демеушісі болжам бойынша Ресей билігі саналатын “Война с фейками” Telegram арнасында Espresso TV логотипі бар видео-үзінді жарияланды. Видеода Буча жол жиегіндегі жатқан мәйіттерді көруге болады. Арна авторлары видеоны Ресей билігі секілді “жасанды” деп атады. “Война с фейками” жазбасынан алынған екі мәлімдемені қарап көрейік:

  1. «Бұл жоспарланған медиакампанияға ұқсайды. Ресей әскері 30 наурызда қаладан шығарылғанын ескерсек, бұл кадрлар 4 күн бойы қайда болған? Кадрлардың кеш пайда болуы “бейбіт тұрғындарды Ресей әскері өлтірді” деген ақпаратты ​​терістейді”.
  2. «12-секундта оң жақтағы «мәйіт» қолын қозғалтты. 30-секундта артқы көрініс айнасынан мәйіттің “отырғанын” көруге болады. Видеодағы мәйіттерді қалаға әдейі әкелген. Бейнені 0,25 жылдамдықпен көрсеңіз, мұны анық байқауға болады”.

Бұл мәлімдемелерді 4 сәуірде «Проверено» редакциясы терістеген. Біріншіден, видео 2 сәуірде пайда болған, сондықтан «бұл кадрлар 4 күн бойы қайда болған?» деген мәлімдеменің өзі деректі бұрмалау. Екіншіден, «Война с фейками» сапасы төмен видеоны жариялаған, ал сапасы нашар бейнедегі әрекетті әр түрлі контекстте түсіндіруге болады. Сапасы жоғары түпнұсқа видеода оптикалық әсер әйнектегі із бен артқы көрініс айнасындағы шағылыстың бұрмалануына байланысты болғанын байқауға болады. Яғни, “бірінші мәйіт қозғалды, ал екіншісі отырды” деген ақпарат — жалған.

3 сәуірде «Медиазона» видеоға сараптама жүргізген, ал 5 сәуірде Deutsche Welle де осындай қорытынды жасады. Авторлар видео түсірілген Яблонская көшесін Google Streetview суреттерімен салыстырған. Біз де фото мен видеоларға талдау жүргізіп, мәйіттердің қозғалысы туралы әңгіме негізсіз деген қорытындыға келдік.

Көшедегі мәйіттер қашан пайда болды?

3 сәуірде Ресей Қорғаныс министрлігі мұны «арандатушылық» деп атап, “Бучадағы мәйіттер Ресей әскері шығарылғаннан кейін пайда болғанын” хабарлады. 4 сәуірде The New York Times басылымы Maxar Technologies спутниктен түсірілген суреттерге жүргізген сараптама-мақаласын жариялады. NYT материалында мәйіттердің Буча көшелерінде ресейлік әскерлер қаладан шығарылғанға дейін пайда болғаны дәлелденген.

A dead body near abandoned cars on Yablonska Street in Bucha, Ukraine, on Apr. 2. The body had been on the street since Mar. 21, satellite imagery shows.

Редакция авторлары наурыз айындағы спутниктік суреттерді сәуір айының басында куәгерлер түсірген фотомен салыстырған. Нәтижесінде “үш аптадан астам уақыт бұрын көптеген бейбіт тұрғын қаза тапқан, оның ішінде кем дегенге он бір мәйіт 11 наурыздан, яғни Ресей әскерлері қалада болған кезден бері көшеде жатқан”.

Жоғарыда аталған «Война с фейками» сайты спутниктен түсірілген суреттерін жоққа шығаруға тырысқан. Алайда, олардың сылтауын голландтық зерттеуші Бенджамин Стрик терістеді.

Изображение
Зерттеуші Бенджамин Стрик: «War on Fakes» және басқа ресейлік аккаунттар қолданатын «дәлелдер» — олардың қарапайым құралдарды қалай пайдалану керектігін білмейтіндігін көрсетеді».

Украиналық StopFake фактчек жобасы да Бучада болжам бойынша 25 наурызда түсірілген видеоның геолокациясын анықтаған (сол уақытта қала Ресей әскерінің бақылауында болған). Видеода қолдарына ақ таңғыш таққан адамдар тұтқынға оқ жаудырғаны көрінеді. 2 сәуірде украиналық әскерилер түсірген видеоны талдасақ, “адамдар оқ тигеннен қайтыс болған” деген қорытынды жасауға болады. Дегенмен, 25 наурызда түсірілген видео расымен сол күні түсірілді ме, әзірге нақты анықталмады.

Буча, Украина: қандай ақпаратқа сенуге болады?

Бучада түсірілген көптеген кадрда қайтыс болғандардың қолдары артқа байланған, бұл айғақ “бейбіт тұрғындар кездейсоқ қайтыс болды” деген мәлімдемені терістейді.

Ал Ресейдің ресми билігі мен БАҚ қарама-қайшы мәлімдемелерді таратып жатыр: кейбірі мәйіттерді “манекен” дейді немесе қырғынды әдейі ұйымдастырылғанын айтып, “жасанды” дейді; кейбірі бейбіт тұрғындарды украин әскері өлтіргенін айтады. Бұл мәлімдемелерге ешқандай дәлел келтірілмейді.

Мәселен ресейлік сюжеттердің бірінде “Буча тұрғындары соғыс қимылдары кезінде қаза тапқаны және қай тараптың оғынан қайтыс болғаны белгісіз” екені айтылады. Алайда біз де, біздің әріптестер де бұған дәлел таппадық. Сонымен бірге, Ресей билігі мен медиада бұл мәлімдемеге ешқандай дәлел келтірмеген. Қазіргі уақытта журналистер мен Буча тұрғындары жинаған айғақтар “қылмысты Ресей әскері жасады” нұсқасын жеткілікті түрде дәлелдей алады.

Бірқатар сұрақтардың соңғы жауабын БҰҰ, Еуропа елдері, Украина мен Қазақстан өкілдері қатысатын халықаралық тергеу береді деп үміттенеміз. Әзірге Ресей қырғынның «сценарий» екенін айтып, дәлелдер мен құрбандарды жоққа шығарып жатыр. Мұның бәрі іс жүзінде Мәскеу бақылайтын барлық БАҚ-тарды бұғаттау және қызметін тоқтату, құқық қорғау ұйымдарының кеңселерін жабу және соғысқа қарсы наразылықтар үшін репрессиялық шараларды енгізу аясында болып жатыр.

Мұндай жағдайда біздің оқырмандар не істей алады?

  • Ашық деректерді қолданатын, әдіснамасы түсінікті және өзін-өзі жасырмайтын редакциялық стандарты бар ақпараттық ресурстарды оқыңыз.
  • Соғысушы тараптардың ресми ресурстарында дәлелденбеген немесе толық емес ақпарат болуы мүмкін екенлігін есте сақтаңыз.
  • Бір оқиғаның тым көп нұсқасы болуы — ақпараттың жалған екендігін жанама көрсетеді. Көптеген нұсқаны, соның ішінде абсурдты көзқарасты тарату — пропаганда әдістерінің бірі.
  • Журналистика соғыс кезінде де бейтарап болуға ұмтылатынын есте сақтаңыз. Өшпенділік тілі — пропаганда немесе контрпропаганданың бір белгісі.
  • Көптеген псевдофакчекиң ресурсы пайда болғанын еске саламыз: 1) Фактчекиң анонимді болуы мүмкін емес, редакция және авторлар кім екені айқын болуы керек, ең дұрысы, қаржыландыру көздері де ашық болуы керек; 2) Фактчекерлер өздерінің әдіснамасын жасырмайды, ашық деректер көздеріне сүйенеді және анонимді дереккөздерді пайдаланбайды; 3) Фактчекерлер адамдарды емес, мәлімдемелер мен оқиғаларды тексереді; 4) Фактчекерлер материалдың барынша түсінікті және екінші рет фактчекиң жүргізу үшін қолжетімді етуге тырысады.
  • Дерек жинау және тексеру әдісін үйренген жөн. Тек кәсіби фактчекерлер ғана емес, ашық дерекке сүйенген кез келген адам жалған ақпаратты терістей алады.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz