Ажар Сағындықова онкологияға қатысты рас айтты ма?

2023 жылы 27 желтоқсанда өткен мәжілістің жалпы отырысында депутат Ажар Сағындықова онкологиялық ауруларға қатысты мәселе көтеріп, бірнеше статистикалық дерек келтірген. Factcheck.kz оның сөздері қаншалықты рас екенін тексерді.

Депутаттың мәлімдемесі (тайм-код: 3:19:58)

Мәлімдеме: 22 жылы Қазақстанда 133 мыңнан астам адам қайтыс болды, оның 37%-і 63 жасқа дейін өмір сүрген жоқ.

Ажар Сағындықова

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2022 жылы 133 523 адам өлген. Оның 48 221-і (36,11%) 0-62 жас аралығындағылар болса, қалған 85 302 адам 63 жастан асқандар. Депутат сөзін рас деуге болады.

Мәлімдеме: Өлім себебі ретінде онкология екінші орында тұрғанын бірнеше рет айтқанбыз.

Ажар Сағындықова

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сай, 2022 жылы өлім себебінің 100 000 адамға шаққандағы коэффициентінің алғашқы үштігі келесідей болған: қан айналымы жүйесінің ауруларынан — 154,39, жаңа өскіндерден — 70,53 (оның ішінде қатерлі ісіктерден — 68,76), тыныс органдары ауруларынан — 66,76. Демек, депутаттың сөзі бұл тұста да рас.

Мәлімдеме: Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда қатерлі ісікпен ауыратын 205 мыңнан астам науқас динамикалық бақылаудан өтіп жатыр, жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталады.

Ажар Сағындықова

Үкім: Шындыққа жақын

Factcheck.kz 2023 жылы жазған материалында онкологиялық аурулардың жаңа жағдайының тіркелуі әр жылда әртүрлі болғанын хабарлады. Мысалы, 2013 жылы бұл көрсеткіш 33 029 адам болса, 2022 жылы 39 077-ге өскен. Дегенмен, нақты сандармен қарасақ, “жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай тіркелмейді”, себебі кейінгі 22 жылда 39 мың жағдай бір рет ғана — 2022 жылы тіркелген. Көрсеткіш оған дейін ең көп дегенде 36 мыңға жеткен (толығырақ төмендегі инфографикадан қараңыз).

Ал 2023 жылы денсаулық сақтау министрі қатерлі ісікке шалдыққан 205 мыңнан астам науқас динамикалық бақылауда тұрғанын хабарлады.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz