Елімізде онкологиялық аурулар қаншалықты өсті?

4 қазанда өткен мәжілістің пленарлы отырысында депутат Сұңқар Ислам денсаулық саласындағы ең маңызды мәсіленің бірі – онкологиялық аурулар жайында сөз қозғап, депутат сауалын жолдады. Депутаттың айтуынша, кейінгі 20 жылда онкологиялық аурулар 25%-ке өсті, ал жыл сайын қатерлі ісіктен 13 мыңнан астам адам қайтыс болады. Сондай-ақ, жалпы өлімнің негізгі себептері арасында қатерлі ісік екінші орында. Аталған деректерді Factcheck,kz тексеріп көрді.

Тайм-код: 2:35:49

Мәлімдеме: Онкологиялық аурулар елімізде 20 жылда 25%-ға өсті.

Сұңқар Ислам, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

Нақты статистика ашық дереккөздерден табылмаған соң ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдадық. Жауабына сай, кейінгі 20 жылда (2000-2022) онкологиялық аурулар саны 9763-ке немесе 24,9%-ке өскен. Дегенмен өсу қарқыны біркелкі болмағанын байқаймыз, бір өсіп, бір кеміп отырған. Ал 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айында 31037 адамда онкологиялық ауру тіркелді.

Мәлімдеме: Жыл сайын елімізде 13 мыңнан астам адам қайтыс болады.

Сұңқар Ислам, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бізге берген мәліметіне сай, расымен де жыл сайын 13 мыңнан астам адам қайтыс болады. Дегенмен кейінгі 22 жылды алып қарасақ қайтыс болғандар сынының азайып келе жатқанын байқауға болады. Ал 2023 жылдың 9 айында 9409 адам онкологиялық арулардан қайтыс болды.

Мәлімдеме: Елімізде жалпы өлімнің себептері арасында қатерлі ісік екінші орында.

Сұңқар Ислам, мәжіліс депутаты

Үкім: Шындық

ҚР Деннсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, өлім себептері арасында қатерлі ісік екінші орында. Алғашқы орында қан айналымы жүйесінің аурулары, үшінші орында тыныс органдары аурулары, одан кейін жазатайым жағдай, улану және жарақат, бестікке ас қорыту органдарының арулары кіреді.

Мәлімдеме: Оған қоса бұл сырқат ең көп таралған өңірлерге Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары жатқызылады.

Сұңқар Ислам, мәжіліс депутаты

Үкім: Жалған

ҚР ДСМ Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, 2022 жылы 100 мың адамға шаққанда қатерлі ісік жоғары өңірлерге Шығыс Қазақстан 306,2 адам, Солтүстік Қазақстан 293,4 адам, Павлодар облысы 288,7 адам және Қостанай 285,4 адаммен төрттікке енеді. Депутат келтірген өңірлердің ішінде тек Қостанай ғана бар, алайда қалған деректерді қайдан алғанын білмейміз. Сол үшін де ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Төменнен әрбір өңір бойынша толығырақ көре аласыздар.

Елімізде онкологиялық аурулар қаншалықты өсті?

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz