Астана ақылды және интеллектуал қалалар рейтиңіне енді ме?

Әлеуметтік желі мен сайттарда әлемнің ақылды қалалар рейтиңінде “Астана Мәскеу, Варшава мен Римді басып озғаны“, ал “Intelligent Community Forum нұсқасы бойынша Smart21 community of 2023-те ең интеллектуал 21 қаланың қатарына енгені” туралы ақпарат тарады. Мұндай деректің алғашқы дереккөзі — Астана қаласының әкімдігі сайты.

Factcheck.kz деректің қаншалықты рас екенін және бұл рейтиңдерге қаншалықты сенуге болатынын тексерді.

Екі рейтиңді екі бөлек ұйым әртүрлі методологиямен жүргізетіндіктен, жеке-жеке қарастырайық.

Мәлімдеме: Астана Intelligent Community Forum нұсқасы бойынша Smart21 community of 2023 интеллектуал қалалардың ТОП-21-інің қатарына енді.

Астана қаласы әкімдігі

Үкім: Шындық және манипуляция

Шындығы мынада: The Intelligent Community Forum (ICF) ұйымдастыратын Intelligent Community of the Year (Жылдың интеллектуал қоғамдастығы – қаз.) конкурсының алғашқы сатысы, интеллектуал 21 қауымдастық ішінде (The Smart21 Communities of 2023) Астананың бары рас.

Манипуляциясы мынада: Алайда ақпаратты ZTB арнасы жазғандай “интеллектуал қалалар рейтиңі” не “ең интеллектуал қала” деп қарастырмаған жөн, бұл конкурс болғандықтан оған өтініш бермеген қалалар барын, тиісінше барлық қала қамтылмағанын ескеру қажет.

Конкурстың 2-сатысында Smart21 тізіміндегі қалалар өзінің қиындықтары мен жетістіктері туралы қосымша ақпарат береді. Осы деректерге сүйене отырып, ICF сарапшылары олардың 7-ін 20 маусымдағы конференцияда 2023 жылдың Топ-7 интеллектуал қауымдастығы деп жариялайды. Кейін аталған 7 қауымдастықтың бірі “2022 жылдың интеллектуал қауымдастығы” деп танылған Нью-Тайбэй қаласының орнын басады.

Астана Intelligent Community of the Year атағын алуға қатты тырысатынға ұқсайды, алайда бұған дейін елордамыз Smart21 тізіміне 2 рет ілігіп (2015, 2017 жылдары), Топ-7 қатарына бір де бір рет қосыла алмаған.

Оған қоса The Intelligent Community Forum методологиясы күмәнді. Мысалы, форум сайтында қауымдастықтар Index Questionnaire сауалнамасындағы бірнеше жауабы бар сұрақтарға, қысқа жауаптарға және сипаттама сұрақтарына жауап беретіні айтылған. Дегенмен оны нақты кімнің толтыратыны және деректердің қаншалықты рас екені қалай дәлелденетіні/тексерілетіні жазылмаған. Сол жауаптар негізінде бірінші Smart21 тізімі, кейін қосымша сұрақтарға жауап негізінде Топ-7 анықталады.

Сонсоң Топ-7 қауымдастықтың әрқайсысына ICF-тің тең құрылтайшысы сауалнамада ұсынылған деректерді қарап шығу және олардың табысқа жетуінің негізгі факторлары, сондай-ақ одан әрі даму бағыттары туралы тікелей түсінік алу үшін келеді. Бірлескен құрылтайшылар халықаралық қазылар тобымен қаралатын баяндамалар жазады. Олардың дауыстары іріктеу үшін Smart21 және Toп-7 кезеңдерінің нәтижелерімен біріктіріледі.

ICF

Ал ақылды қала рейтиңінде Астана бар ма?

Мәлімдеме: Астана сондай-ақ Smart Centers Index-тің ақылды қалалар рейтиңінде Мәскеу (68), Варшава (67), Римді (65) басып озып, 64-орынға ие болды.

Астана қаласы әкімдігі

Үкім: Манипуляция

Smart Centres Index-і Z/Yen коммерциялық талдау орталығының өнімі. Оның 2022 жылы жарияланған 6-редакциясында Астананың бары, оның Мәскеу, Варшава мен Римнен баллы көп екені рас. Алайда рейтиң қаланың “ақылдылығын” көрсетпейді, ол жетекші коммерциялық орталықтардың инновациялық және технологиялық ұсыныстарын, олардың технологияларды құру, әзірлеу және енгізу қабілетін бақылау арқылы бағалайды.

SCI — бірқатар факторды біріктіретін бағалау индексі. Оның рейтиңі кейбір жеткізушілерден алынған көрсеткіштер мен коммерциялық және қаржы орталықтарындағы инновациялар, технологияларға қатысты үш параметр бойынша бизнес және қаржы мамандары берген бағалауларға негізделеді. Smart centers Index 6-шығарылымында 127 аспаптық фактор қолданылғанын жазады. Сонымен қатар, орталық қызметкерлері сауалнамадан өтіп, рейтиң нәтижесіне айтарлықтай ықпал ете алады.

Ал Smart City Ranking (ақылды қала рейтиңі) – әртүрлі қаланы, олардың қызметтерін, тұрғындарының тұрақтылығы мен өмір сүру сапасын жақсарту үшін цифрлық шешімдерді қалай пайдаланатынына негізделген салыстыру тәсілі. Талдаудың мақсаты мен көлеміне байланысты ақылды қалаларды бағалаудың түрлі әдісі мен критерийі бар. Мысалы, Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) Smart City Index 2021 рейтиңіндегі 118 қаланың ішінде Қазақстан мүлде жоқ. Есесіне, Мәскеу (54), Варшава (75) мен Рим (112) бар.

Оқи отырыңыз

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz