Алкоголь ішіп бас жазуға бола ма?

Адамзат алкоголь пайда болғалы бас жазатын әмбебап нәрсе іздеп келеді. Масаңдық салдарынан құтылудың ең кең тараған түрі – ішімдік ішкен күннің ертеңінде белгілі бір мөлшерде алкоголь ішу. Бұл ойдың кең тарағаны сонша, оның тиімділігіне күмән келтіретіндер аз.  

Factcheck.kz редакциясы «Алкогольдің көмегімен бас жазуға бола ма?» деген сұраққа жауап іздеп көрді.

Үкім: Жалған

Ғылыми деректер ішкен күннің ертеңінде алкогольдің қосымша дозасын қабылдау масаңдықтан құтқармайды дейді. Ол кейбір симптомдарды уақытша бәсеңдетуі мүмкін, бірақ басқаларын күшейтіп, қайтадан масайтады. Жағдайдың жақсарғанындай күй плацебо эффектісінің (1, 2) де ықпалы болуы мүмкін. Бұдан бөлек, бас жазу алкогольге төзімділік қалыптастыруы мүмкін, ал бұл өз кезегінде алкоголизмнің пайда болу қаупін арттырады.

Мамандар бас жазудың ешбір жолы пайдаға жарамайды дейді (1, 2). Кей әдістер адамның жағдайын жеңілдетуі мүмкін. Алайда ақыр аяғында алкоголь ішу салдарының жойылуы үшін уақыт қажет болады.

Толығырақ: масаңдық деген не?

Масаңдық табы — алкогольді көп ішкеннен пайда болатын симптомдар жиынтығы. Оған шаршау, әлсіздік, шөлдеу, бас ауруы, бұлшық ет ауруы, жүрек айну, іш ауруы, бас айналуы, жарық пен дыбысқа сезімталдық, ашушаңдық, тершеңдік және қан қысымының көтерілуі кіреді. Симптомдар адамға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Қандағы алкоголь мөлшері жойылғанда, симптомдар толығымен жойылады. Олар 24 сағатқа не одан көп уақытқа созылуы мүмкін.

Масаңдық табын алкогольге тәуелді адамдарда болатын алкогольді абстинентті синдроммен (АСС) шатастыруға болмайды. ААС алкогольді көп ішкен соң бірнеше сағаттан кейін пайда болуы мүмкін симптомдар жиынтығы және оған үрей, діріл, тершеңдік, құсу, жүрек соғысының жиілеуі, одан да күрделі жағдайда құрысу мен маскүнем елірмесі кіреді.

Бұл материалда дені сау адамдарда алкоголь ішкен соң болатын масаңдық салдары туралы айтылады.

Ғалымдар масаңдық салдарының негізін толық ашқан жоқ (1, 2, 3, 4). Симптомдар алкоголь тұтынудан болатын бірнеше факторға байланысты пайда болатыны болжанып келеді: сусыздану, ұйқының бұзылуы, ішек-асқазан жолдарының тітіркенуі, ағзаның қабынуы, ацетальдегид ықпалы, мини-абстиненция – алкоголь ішкен соң пайда болған эйфория басыла бастаған соң басталатын үрей мен алаңдаушылық сезімі.

Бас жазудың тиімділігі

Бір қызығы, желіде масаңдық салдарынан бас жазу арқылы құтылуға болатынын айтқан медицина қызметкерлеріне сілтеме жасаған БАҚ материалдарын табуға болады (1, 2, 3). Алайда ондағы сарапшылар қорытындыға әртүрлі аргумент келтіреді, бұл масаңдық салдарының жұмысы туралы қалыптасқан ортақ түсініктің жоқ екенін көрсетеді. Сонымен қатар ғылыми әдістер мен дәлелді медицинаға сілтеме жасаған біршама дереккөз алкоголь салдарын алкогольмен кетіру – басқа жағымсыз салдарға алып келуі мүмкін тиімсіз стратегия екенін айтады.

Иммунология докторы, Сассекс университетінің аға лекторы Дженна Маккиочи ВВС-ге берген сұхбатында бас жазу негізінде масаңдық салдары ағзадағы алкоголь мөлшерінен пайда болатындықтан, тағы алкоголь ішу симптомдардан құтқара алады деген теория жатқанын айтты. Алайда, ақыр аяғында алкоголь мөлшері тағы да нөлге түсіп, масаңдық салдары қайта оралады. Осылайша, бас жазу уақыт бергенімен, проблеманы шеше алмайды. Тіпті, ол адам ішуді қойғанда одан да нашар масаңдық салдарына алып келуі мүмкін.

Drinkaware алкоголизммен күрес жөніндегі қайырымдылық ұйымының дерегінше, бас жазу масаңдық салдарын жоймақ түгілі, адамның жағдайын нашарлатуы мүмкін. Сонымен қатар осы әдісті пайдаланып алкогольге төзімділікті арттыруға болады, ал бұл алкогольге тәуелділіктің пайда болу қаупін арттырады.

Харвард медицина мектебі де сондай пікірде – бас жазу емделу әдісі емес және адам жағдайын жақсарту үшін үнемі ішуге мәжбүр болатын тұйық шеңбер қалыптастырады

АҚШ ішімдікке салыну және алкоголизм ұлттық институты да бас жазу – миф деген қорытындыға келген:

Бұл [бас жазу] кей симптомдарды азайтқанымен, масаңдық салдарының басқа түрлеріне алып келуі мүмкін.

Дәрігер және ғылыми журналист Алексей Водовозов Sputnik радиосына берген сұхбатында бас жазу дені сау адамға көмектеспейді дейді: «Біздің қанымызда этанол метаболиттер көп мөлшерде бар, ол улану әсерін береді. Этанол қоссақ, жағдайды ушықтырып жібереміз».

Масаңдық салдарын жеңілдетуге көмектесетін әдістер

Алкогольді қайта тұтыну жақсы идея саналмағанымен, басқа салдарын туғызбай, жағдайды жеңілдетуге көмектесетін әдістер бар (1, 2, 3, 4). Мысалы, алкоголь ағзаны сусыздандыратындықтан, көбірек су ішу ұсынылады. Басқа ұсыныс – құнарлы тамақ ішу. Бұл энергияны арттырып, ағзадағы дәрумендер мен минералдарды толтырады. Кеңестер қатарында шаршауды басу үшін кофе ішу де бар. Алайда мамандар кофеиннің көп мөлшері жүрек соғысын жиілететінін ескертеді. Дженна Маккиочидің сөзінше, шаршауды басу үшін ұйықтап алған жөн.

Дәрі ішу ұсынысы әрқалай. Стероидты емес қабынуға қарсы дәрілер (мысалы, аспирин) бас ауруына көмектескенімен, асқазанға кері әсер етуі мүмкін. Drinkaware секілді дереккөздер бас ауруын басу үшін бірнеше таблетка парацетамол ішу керек десе, басқалары (1, 2) парацетамол мен тайленол ішпеуге кеңес береді, себебі олар алкогольмен қатар бауырға кері әсер етеді.

Сарапшылар масаңдық салдарымен күресудің ең тиімді жолы уақыт екенін айтады. Ал одан қашып құтылудың жолы – алкогольді мөлшерімен ішу (асықпай және тоқ күйде, сумен бірге) немесе мүлдем ішпеу.

Factcheck.kz