Кейінгі уақытта медиада смартфон мен интернеттен уақытша бас тарту — миды он жылға жасартқанмен тең деген ақпарат тарады (1, 2, 3, 4). АҚШ пен Канада ғалымдары интернет қолданбаудың адам денсаулығына әсеріне эксперимент жасаған көрінеді. Ақпаратты жариялаған медиа PNAS Nexus журналына сілтеген. Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексерді.

Мәлімдеме: Смартфон мен интернеттен екі аптаға бас тартсаңыз, ми он жылға жасарғанмен тең болады.
Үкім: Манипуляция
PNAS Nexus журналында 2025 жылы 2 ақпанда жарияланған мақалада АҚШ және Канада ғалымдары мобильді интернетті екі аптаға бұғаттау смартфон пайдалануды азайтып, адамның өзін жақсы сезінуіне, психикалық денсаулығына оң әсер етіп, зейін қою қабілеті мидың 10 жылға жасарғанымен тең болатынын анықтаған. Дегенмен бұл расымен «ми он жылға жасарады» дегенді білдірмейді. Бұл тек зейін қабілеті жақсаратынын көрсетеді. Яғни интернетті қолдануды азайтқан адамдарда зейін деңгейі минус 10 жылға тең өзгеріс көрсеткен. Оған қоса зерттеуде смартфонды емес, мобильді интернетті ғана шектеген. Яғни қатысушыларға SMS жіберуге, қоңырау шалуға, мобильді емес құрылғылар (мысалы, дербес компьютерлер) арқылы интернетке қосылуға рұқсат етілген.
Толығырақ
Мақала «Смартфонда мобильді интернетті бұғаттау тұрақты зейінді, психикалық денсаулықты және субъектив әл-ауқатты жақсартады» деп аталады. Мақала авторлары – Ноа Кастело (Альберта университетінің (Канада) Маркетиң, Бизнес экономикасы және Құқық кафедрасының доценті), Костадин Кушлев (Джорджтаун университетінің Психология кафедрасының доценті), Адриан Ф. Уорд (Техас университетінің Маркетиң кафедрасының ассистент профессоры), Майкл Эстерман (Бостондағы VA Boston Healthcare System Ұлттық PTSD орталығының зерттеушісі және Бостон университетінің Медицина мектебінің Психиатрия кафедрасының доценті), Питер Б. Рейнер (британдық Колумбия университетінің Психиатрия кафедрасының профессоры).
Ғалымдардың жазуынша, америкалық ересектердің 90%-і смартфон ұстайды, ал пайдаланушы орта есеппен күніне 4,6 сағатын телефон қараумен өткізеді. Cондықтан пайдаланушылардың жартысы және 30 жасқа дейінгі қолданушылардың 80%-тен астамы құрылғыны тым көп қарайтынына алаңдайтын көрінеді. Ғалымдар адамға ақпарат, ойын-сауық және әлеуметтік байланыс сияқты нәрселер әрдайым қолжетімді болғанда, оның ойы мен әрекетін бақылау қиынға соғады дейді. Мысалы телефонға келетін хабарламалардың даусының өзі үнемі алаңдатып, когнитивтік ресурстарды сарқып, зейінді әлсіретеді.
Зерттеуді Британдық Колумбия университетінің Институционалдық шолу кеңесі мақұлдаған. Оған қатысқан АҚШ және Канада азаматтары Prolific.co платформасы арқылы іріктелген. Қатысушыларға қойылған басты талап – iPhone қолдануы керек, өйткені зерттеуде Freedom атты мобильді интернетті бұғаттайтын қосымша пайдаланылған. Орташа есеппен қатысушылардың жасы – 32, ал 63%-і – әйелдер. Қатысушылардың белгілі бір бөлігі студенттер болған, қалғаны – толық немесе жартылай жұмыс істейтіндер. Зерттеуге қатысқаны үшін әрбір қатысушыға ақшалай сыйақы беріліпті. Авторлар жазғандай, төлемдер бірдей мөлшерде және бірдей уақытта жүргізілген, сондықтан қаржылай ынталандыру зерттеу нәтижелеріне әсер еткен жоқ.
Зерттеу әдісі мен нәтижесі
Экспериментте қатысушылар екі топқа бөлінген. Бірінші топтағылар екі апта бойы мобильді интернетті толықтай бұғаттауға тиіс, ал екінші топтағы қатысушылар бұл өзгерісті екі аптадан кейін бастаған. Олар Freedom қосымшасының Premium нұсқасын тегін жүктеп, оны өз смартфондарына орнатқан. Дегенмен интернетті қолданбауға келісім берген 467 адамның ішінде 266 адам ғана қажетті қосымшаны жүктеп, оның өзінде 119 адам ғана (қатысқандардың 25,5%-і) интернетсіз он күнге шыдаған. Үш кезеңді де аяқтаған қатысушылар бастапқы кезеңде психикалық денсаулық және тұрақты зейін көрсеткіштері бойынша жақсы нәтиже көрсеткен. Бірақ бұл жас, жыныс немесе білім деңгейіне байланысты емес.
Бірақ зерттеу қорытындысы өзін-өзі бағалау әдісіне (self-reported surveys) сүйенгенін айта кетейік. Эксперимент кезінде қатысушылар үш рет сауалнама толтырған. Өзін-өзі бағалау сауалнамалары – субъектив, яғни қатысушылардың шынайы жағдайын дәл көрсетпеуі мүмкін. Мысалы кейбір адамдар өз эмоцияларын асыра көрсетуі немесе, керісінше, азайтып көрсетуі ықтимал. Сондықтан бұл зерттеу нәтижесінің дәлдігіне белгілі бір деңгейде әсер етеді. Бірақ зерттеуде зейін тұрақтылығын объектив түрде бағалайтын gradCPT тесті қолданылған, онда қатысушылар визуалды тестке жауап берген.
Экспериментке дейін қатысушылар телефондағы орташа экран уақытын көрсететін скриншот жүктепті. Ал зерттеу кезінде экран уақыты 314 минуттан 161 минутқа дейін азайған. Қатысушылардың депрессия, мазасыздық, ашу сияқты жай-күйі сейілген. Ал тұрақты зейін деңгейі салыстырмалы түрде 10 жылға жасарғандай нәтиже көрсеткен.
Дегенмен мидың «жасаруы» биологиялық процесс емес екенін ескеру керек, зерттеу тек зейін деңгейінің салыстырмалы түрде жақсарғанын білдіреді. Сондықтан интернетті шектеу ми жұмысын уақытша жақсартуы мүмкін, бірақ бұл миды физикалық тұрғыда жасартады дегенді білдірмейді.
Өзге зерттеулер не дейді?
Смартфон қолданбаудың ми жасаруына тікелей әсерін зерттеген материал таппадық. Алайда смартфонның ми функциясы мен құрылымына зияны туралы ғылыми мақала жетерлік.
Мәселен 2022 жылы Journal of the American Academy of Child & Adolescent Psychiatry басылымында 13-15 жас аралығындағы Оңтүстік Кореялық балаларға жасалған зерттеу жарияланған. Экспериментке қатысқан 14 жасөспірімнің жетеуі 70 күнге смартфон қолданудан шектеліп, тек қоңырау шалу және хабарлама жіберуге ұялы телефондарды пайдаланған. Ал қалған топ компьютер қолданудан жұмыс күндері – 1 сағат, демалыс күндері – 2 сағатқа шектелді. Нәтижесінде екі тапсырма кезіндегі мидағы функционал тиімділік артқан. Яғни ғалымдар смартфонды белгілі бір уақытқа шектеу жасөспірімдердің ми қызметі мен әлеуметтік байланысын жақсартады деп қорытындылады. Сондықтан авторлар жасөспірімдерге ата-ананың қадағалауымен смартфонды дұрыс қолдану бойынша нұсқаулықтар енгізу қажет дейді.
2023 жылы Psychoradiology журналында миға магниттік-резонанстық томография (МРТ) көмегімен жасалған зерттеу нәтижесі туралы айтылады. Шамадан тыс смартфон қарайтын адамның белсенділігі өзгеріп, ми қыртысында шешім қабылдау, өзін-өзі бақылау әрі зейін қоюға жауапты функцияның азайғаны байқалған. Авторлар смартфонға тәуелділік ми құрылымындағы есте сақтауға көмектесетін нейрожелілердің әлсіреуіне әкеп соғады деп жазды.
Ал Гейдельберг университеті мен Кёльн университетінің зерттеушілері смартфонды қысқа мерзімге шектеудің өзінде ми белсенділігінде елеулі өзгерістер болады дейді. Зерттеуге қатысқан 18-30 жас аралығындағы 25 ересек 72 сағат бойы смартфондарын тек маңызды байланыстар мен жұмысқа қатысты нәрселер үшін ғана қолдануға міндеттелді. Бұл кезеңнің алдында және эксперименттен кейін қатысушыларға МРТ сканері және психологиялық бағалау жүргізілді.
Соңында МРТ сканері мидағы «өзін-өзі марапаттау» жүйесінде және әуестікке жауапты аймақтарда өзгеріс анықтаған. Бұл өзгерістер никотин немесе алкоголь сияқты заттарға тәуелділік кезіндегі ми белсенділігіне ұқсас болған. Зерттеушілер бұл көңіл-күйді реттеуге жауапты дофамин мен серотонин жүйелерімен байланысты екенін жазған. Дегенмен психологиялық бағалау нәтижелері қатысушылардың көңіл-күйі мен әуестігіне айтарлықтай әсер етпегенін көрсетті. Кейбір қатысушылар смартфонды аз қолданғаннан кейін көңіл-күйінің жақсарғанын айтса да, бұл өзгерістер статистикалық тұрғыдан маңызды болмады. Зерттеушілер болашақта смартфонға әуестікті әлеуметтік мақсатта қолданудан ажыратып, бөлек қосымша зерттеулер жүргізуді ұсынады.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.