Жуырда Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев Талдыкөлден шығатын күкіртсутек иісі жойылғаны туралы есеп берді. Бұл иіс астаналық әкімдердің біразының бас қатырған мәселесі еді.
Талдыкөлге қатысты екінші станция толық пайдалануға берілді. Күкіртсутектің иісі жойылды. Абаттандыру, көгалдандыру және топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталады,
– деп мәлімдеді Исекешев.
Үкім: Шындық
Біз Талдыкөлге жақын маңда тұратын Астана тұрғындарынан «Соңғы уақытта жағымсыз иісті сезіп жүрсіздер ме?» деп сұраған едік. Көлге жақын тұратын тұрғындар соңғы уақытта жағымсыз иістің шын мәнінде жоғалғанын айтты, дегенмен, маса-шіркей сынды жәндіктердің тым қатты көбейіп кеткеніне шағымданды.

Қазір бұрынғыдай иіс жоқ. Алдыңғы жылдары КамАЗ көліктерімен таситын кезде иіс болатын, өйткені олар қазып, сыртқа шығаратын еді. Қазір ондай жоқ. Тек жәндіктер көбейіп кетті. Жаз бойы жәндіктерден зәбір көреміз, серуендеу, стадионға бару мүмкін емес. Балаларды түгел талап тастаған.

Иіс жоқ, көктемде де болған жоқ.

Ешқандай иісті сезбейтін сияқтымын. Далаға сирек шығамын, онда да бұл жақта жүрмеймін. Осында көшіп келген кезде де иісті сезбейтінмін, бірақ сол кездің өзінде кейде иіс бар деп жататын. Қазір иіс жоқ.

Меніңше, ешқандай иіс жоқ сияқты.

Біз жақында ғана көшіп келдік, әлі ештеңе сезіп үлгермедік. Бұрын иіс болған деседі, соңғы уақытта сезілмейді деп жүр.

Қар еріген кезде иіс шығатын шығар деп уайымдаған едік, бірақ иіс мүлдем жоқ. Осы жерден пәтер сатып алғанымызға бір жыл болды. Сатып алмас бұрын бірнеше рет келдік, иіске бола уайымдаған едік, бірақ иіс болған жоқ. «Мега» жақтан иіс сеземін, бұл жерде мүлдем жоқ. Анау жақта бірдеңені тазалап жатыр. Қатты иіс болатын шығар деп қорқып едім, ондай болмады.
Біз сөйлескен басқа жергілікті тұрғындар да бұрынғыдай жағымсыз иістің жоқ екенін айтты. Тек барлығы дерлік көлге жақын маңда маса-шіркей өте көп екенін алға тартты.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.