Қанша қазақстандық шетелге көшіп кетті?

13 сәуірде өткен мәжілістің пленарлы отырысында Amanat партиясының депутаты Бекқали Торғаев шетелге көшіп кеткен адамдар туралы сөз қозғады. Сауал барысында, кеткен азаматтардың көбі жоғарғы және орта білімі бар екенін айтып, кейінгі 6 жылда сырт елге кететіндер саны көбеймесе азаймай отырғанын жеткізді. Осы орайда Factcheck.kz сайты депутаттың мәлімдемесін тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:36:20

Қазақстаннан шетелге кеткен азаматтардың саны 2021 жылы 32 мыңнан астам болды.

Бекқали Торғаев, депутат

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы Қазақстаннан шетелге жалпы саны 32 209 адам кеткен. Оның ішінде қаладан қоныс аударғандардың саны – 26 836 адам болса, ауылдан 5 373 адам шетелге қоныс аударған. Ал осы аралықта Қазақстанға 10 982 адам келген.

…2020 жылға қарағанда 10,6 пайызға көп.

Бекқали Торғаев, депутат

Үкім: Шындық

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы Қазақстаннан 29 088 адам шетелге кеткен. 2021 жылмен салыстырғанда 3 121 адамға немесе 10,7%-ке аз.

Оның 8584 жоғарғы білімі бар азаматтар, 5 мыңнан астамы техникалық маман болса, 2 мыңға жуығы педагогикалық білімі бар, ал мыңға жуығы медицина мамандары.

Бекқали Торғаев, депутат

Үкім: Шындық

ҚР Статистика бюросының мәліметіне сәйкес 2021 жылы шетелге кеткен 32 209 адамның 8584-і ЖОО тәмамдаған, 5259-ы техникалық маман, 1628 педагогикалық білімі бар болса, 901-і медицина мамандары.

Сонымен қатар мына мамандық иелері де шетелге кеткен:

  • Сәулет-құрылыс – 437 адам;
  • Экономикалық – 2568 адам;
  • Заңгерлік – 616 адам;
  • Ауыл-шаруашылық – 218 адам;
  • Басқа – 4672 адам қоныс аударған.

Қазақстаннан сырт елге кететіндер саны соңғы 6 жылда көбеймесе азаймай отыр. Олардың негізінен жоғарғы білімі бар азаматтар екеніне назар аударғым келеді.

Бекқали Торғаев, депутат

Үкім: Шындыққа жақын және жалған

Шындығы мынада: ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2014-2019 жылдары расымен де шетелге кететіндердің саны өсіп отырған. Алайда, 2020-2021 жылдары пандемияға байланысты шетелге кеткендер саны күрт азайған.

Жалғаны мынада: Кейінгі 6 жылда (2016-2021 жылдары) елімізден 221 015 адам шетелге қоныс аударса, оның 63 637-і немесе 28,7%-і ЖОО тәмамдағандар. Яғни депутат айтқандай шетелге кетіп жатқандардың “негізгі” бөлігі ЖОО тәмамдағандар емес.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz