2023 жылғы 6 ақпандағы Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен кейін желіде түрлі фото мен видео тарады. Алайда оның кейбірінің зілзалаға мүлдем қатысы жоқ болып шықты. “Проверено” басылымы фактчекерлері бірнеше сурет пен видеоны тексеріп шықты.

6 ақпанда Twitter және Telegram қолданушылары Түркияда жер сілкінісі салдарынан цунами болғаны туралы ақпарат, тіпті оның видеосын таратты. Алайда фактчекерлер кері іздеу жүйесі арқылы видеоның 2017 жылғы 12 наурызда Оңтүстік Африканың Дурбан қаласындағы жағажайдың бірін су басқанда түсірілгенін анықтады.

TikTok қолданушылары түнгі аспандағы жарқылдың видеосын жүктеді. Бұл құбылыс 2023 жылғы 6 ақпанда Түркияда жер сілкінісіне дейін болған-мыс. Дәл осындай бейнені «Комсомольская правда» газеті де сайтына жариялады. Шын мәнінде, бұл кадр 2022 жылғы 23 қарашада Түркияның солтүстік-батысындағы жер сілкінісі алдында түсірілген. Кей ғалымның айтуынша, жарқыл – сейсмика белсенділігі кезінде тау жыныстарының кристалдарынан бөлінетін электр заряды. Ал басқаға нұсқаға сәйкес, ол “пьезоэлектр эффекті” деп аталады. Қайсы болса да, видеоның осы жылғы ақпандағы зілзалада түсірілмегені анық.

Кей дерекке сәйкес, Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен 6 000 ғимарат қираған. Дегенмен әлеуметтік желіде тараған қираған үйлердің фотосының бәрі жақындағы апатпен байланысты емес. Мысалы, TikTok қолданушысы бір ғимараттың құлаған видеосын жүктеп, сипаттамасына “Түркиядағы қазіргі сәт” деп жазған. Бірақ онда 2021 жылы Қытайда ғимаратты бұзып жатқан кезі бейнеленген.

“ВКонтакте” әлеуметтік желісіндегі Avia.pro паблигінде, тіпті бірқатар шетел медиасында тағы бір құлаған ғимараттың видеосы жарияланды. Негізінде ғимарат Сауд Арабияның Джидда қаласында болған. Оның не себепті құлағаны белгісіз, дегенмен оны әдейі бұзған болуы мүмкін.

“ВКонтакте” желісіне шыққан тағы бір видео Түркияда емес, 2016 жылы Жапонияда түсірілген болып шықты. Ол кезде қатты жел салдарынан 9 қабатты ғимараттың тіректері опырылып түскен.

Оған қоса желіде үйінді астында қалған иесінің жанында отырған иттің фотосы да Түркия мен Сириядағы зілзалаға еш қатысы жоқ екені анықталды. Бұл суретті шамамен үш жыл бұрын Shutterstock сайты жариялаған.

Кей орыстілді басылым Сириядағы жер сілкінісінің алдында жүздеген мысық көшеге жүгіріп шығып, «қаладан кетпек болғанын» жазған. Оған дәлел ретінде видеоға сілтемеге көрсеткен. “Проверено” фактчекерлерінің айтуынша, кей жануардың жер сілкінісін алдын ала сезетіні рас. Алайда мысықтар бейнеленген видео 2022 жылы Сауд Арабиясында түсірілген. Онда олар жай ғана көшеде тамақтандырмақ болған адамға шыққан.
Осылайша, Түркия мен Сириядағы жер сілкінісіне қатысты деп тараған кей сурет пен видеоның іс жұзінде 2023 жылғы 6 ақпандағы апатқа еш қатысы жоқ болып шықты.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.