Уәдені қадағалау | «Қызылжар жастары» бағдарламасы басталды ма?

2022 жылдың басында «Отбасы банк» АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Алмас Жапабаев аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа «Қызылжар жастары» атты жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаны таныстырды. Бұл бағдарламаның басты мақсаты — облыс жастарына қолайлы тұрғын үй жағдайларын жасап, олардың қоғамдық өмірдің барлық саласында бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Сонымен қатар, бағдарлама жас мамандардың аймақтан кетуін азайтып, жас отбасыларға қолдау көрсету арқылы оларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді көздейді.

2022 жылғы қарашада Ақсақалов аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін келер жылғы облыстық бюджеттен қаражат қарастыруды тапсырды.

Factcheck.kz редакциясы бағдарлама іске қосылып, жұмыс істеп жатқанын тексеруді жөн көрді.

Үкім: Орындалған жоқ

Бұл бағдарлама жергілікті жастар мен тұрғындардың аймақтан кетуімен күресуге арналған маңызды шара болғанымен, тексеріс барысында ол әлі іске қосылмағаны анықталды. Бағдарламаның іске қосылу уақыты да белгісіз.

Мәселенің егжей-тегжейі

2022 жылғы 30 қарашада облыс әкімі Құмар Ақсақалов қызметінен босатылып, оның орнына Айдарбек Сапаров тағайындалды. Сапаров қызмет атқарған кезеңде бағдарлама жайында ешқандай мәлімдеме жасалмады. 2023 жылғы 23 қыркүйекте Ғауез Нұрмұхамбетов облыс әкімі болып тағайындалып, 2024 жылғы ақпанда Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесуінде бағдарлама туралы тағы да айтты (1, 2).

Нұрмұхамбетов: «Бағдарламаға сұраныстың бар екенін және қаражаттың бөлу мәселесі қарастырылғанын» – айтты. Сонымен қатар, ол облыстың 35 жасқа дейінгі жастарына бастапқы және қайталама нарықтарда баспана алу мүмкіндігін ұсынатынын мәлімдеді.

Дегенмен, қазан айында бағдарламаның іске қосылғаны туралы жаңалық болмаған соң, біз облыс әкімдігіне бағдарлама туралы сұрау салдық. Ішкі саясат басқармасының жауабына сәйкес, қазіргі уақытта бағдарлама іске қосылу алдында тұр, өтінімдер қабылдау үшін комиссия құрылып жатқан көрінеді. Комиссия толықтай құрылған соң, өтінім қабылдаудың басталу және аяқталу күндері туралы хабарландыру жарияланады. Осылайша, бағдарламаның іске қосылатын уақытының өзі белгісіз.

Контекст

Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 15 пен 35 жас аралығында 131 332 адам тұрады, бұл облыс тұрғындарының жалпы санының (530 089 адам) шамамен 25%-і. Бұл 2023 жылдың басынан бері шамамен 3 мың адамға аз (134 244).

2024 жылғы қаңтарынан қыркүйекке дейінгі аралықта Солтүстік Қазақстан облысындағы орташа айлық жалақы 284 911 теңге болды, бұл ел бойынша орташа жалақыдан (391 713 теңге) 106 мың теңгеге төмен.

Материалды дайындаған Factcheck Dive курсының түлегі Рустем Арманов

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz