Шымкент әкімдігі билбордтағы пропагандаға 60 млн теңге жұмсаған

Factcheck.kz редакциясы Қазақстанда мемлекеттік пропагандаға жүздеген миллион жұмсалатынын бірнеше мәрте жазды. Билік кей өңірлерде мемлекеттік сатып алуларды жасыруға тырысса, Шымкент әкімдігі биліктің жетістіктерін халыққа ашық көрсететін баннерлерді орнатуға ақшаны ашық жұмсап жатыр.

Бұл материалда жергілікті билік дамушы қала образын жасау үшін ондаған миллион теңгені қалай жұмсағанын айтамыз.

60 млн теңге тұратын пропаганда

26 қаңтарда Шымкенттік ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасы қалада «ашық пропагандалық мәтін» жазылған баннерлер орнатуға хабарлама жариялады. Басында оның бағасы 62 500 000 теңге болса, қол қойылған соң келісімшарт сомасы 59 375 000 теңгеге өзгерді. Конкурсқа үш компания қатысып, «April жарнама агенттігі» ЖШС жеңімпаз атанды.

Лот сипаттамасына сәйкес, баннерлерде мемлекеттік бағдарламалар, реформалар мен Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәтіндер болады. Техникалық сипаттамада нақты қандай ұрандар мен жазулар болатыны айтылмаған, себебі әр жобаны тапсырыс берушімен бекітіп отыру керек. Тек материалдардың жалпы көлемі 18 000 шаршы метрден кем болмайтыны ғана белгілі.

Баннерлер орнату келісімі жыл бойы жүзеге асырылады. Шарттарға сәйкес, компания қалада ай сайын 30 конструкция орнатуға міндеттеледі. Оған ситибордтар, скроллерлер, хорека, билбордтар мен сыртқы жарнаманың басқа да түрлері кіреді. Одан бөлек, олар тек экологиялық материалдардан жасалуға тиіс.

Мұндай пропаганданың қандай болатынын тендер ұтып алған жарнама агенттігінің Instagram-аккаунтынан көруге болады. Онда алиментті уақытылы төлеу, жемқорлықтың қаупі туралы баннерлер мен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар көптеген билборд бар (мысалдар мына, мына және мына жерде).

Үнемі бір жеңімпаз

Шымкент әкімдігі мұндай конкурсты бірінші рет ұйымдастырып отырмағанын айта кету керек. 2021 жылдан бергі мемлекеттік сатып алуды зерттей келе біз пропагандалық баннерлерді орнату бойынша тендерлердің жиі өтіп тұрғанын, тұрақты түрде жылына екі рет болғанын байқадық.

Былтыр қала билігі баннер орнату бойынша екі келісімшарт жасаған: 42 410 714 теңгелік бірінші келісімшарт 27 наурызда, 43 303 571 теңгелік екіншісі —29 мамырда жасалған. Осы жағдай жылда қайталанып отырған. 2022 жылы 86 178 571 теңгелік бірінші келісімшарт 28 ақпанда, 42 410 714 теңгелік екінші келісімшарт 28 маусымда жасалған. 2021 жылы 81 171 964 теңгелік бірінші келісімшарт 2 наурызда, ал 42 410 714 теңге болатын екіншісі 1 шілдеде жасалған.

Бір қызығы, келісімшарттардың бір жылдық жалпы сомасы да өзгеріп отырған. Келтірілген ақпарат бойынша, әкімдік баннерлерге 2022 жылы ең көп қаражат жұмсаған — 128 589 285 теңге, ал ең азы 2023 жылы 85 714 285 теңге болған. Биылғы жылды әзірше есепке алмаймыз, себебі екінші жарты жылдықта тағы бір осындай тендер болады.

Бағамен бірге өнім көлемі де өзгеріп отырған. 2023 жылы 26 000 шаршы метр, 2022 жылы — 38 мың, 2021 жылы — 39 мың. Бір қызығы, екі жыл бұрын «жаңа Қазақстанды қалыптастыратын саяси реформалар мен мемлекеттік бағдарламалар туралы» материалдар таратуға ерекше басымдық берілген.

Бұл келісімшарттардың барлығында өзгермейтін бір нәрсе бар. Жыл сайын жеңімпаз April жарнама агенттігі болып отырған. Әр тендер 2-3 компания қатысқан ашық конкурс арқылы жүргізілгеніне қарамастан, жеңімпаз өзгермеген.

Агенттік тек мемлекеттік келісімшарттармен айналыспайды. Әлеуметтік желілердегі профиліне сәйкес, компания Шымкент қаласы әкімдігінің есеп беру кездесулерін, халықаралық бизнес форумдарды өткізіп, қала күніне мемлекеттік мерекелерге арналған билблордтар дайындайды. Мемлекеттік сатып алу порталының дерегінше, былтыр жарнама агенттігі Шымкент билігімен жалпы сомасы 233 377 929 теңге болатын 10 келісімшарт жасаған. Биыл әзірге үш келісімшарт сомасы 139 250 152 теңге болып тұр.

Басқа қалалардағы жағдай

Әділдік үшін Шымкент баннер орналастыруға жүздеген миллион жұмсауға дайын жалғыз қала емес екенін айта кету қажет.

Бұған дейін Астана әкімдігінің 397 540 500 теңгеге жарнама конструкцияларына ақпарат орналастыру бойынша жеті келісімшарт жасағанын айтқан едік. Олардың бесеуі, яғни, ең ірілері, 2024 жылға дейін ешқашан мемлекеттік сатып алуларға қатыспаған бір комапнияға — «Modern Advertising Solutions» ЖШС-ға берілген.

Шығынның едәуір бөлігі, шамамен 175 млн теңге Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жарнамасына жұмсалған. Кейін бұл ойындардың бюджеті қысқарғаны туралы ақпарат шықты. Алайда, мұның жарнама шығынына қатысы бар-жоғы белгісіз.

Сондай-ақ біз биліктің жетістіктері туралы айтатын баннерлерді Петропавл билігі де орнатқанын айтқан едік. Биыл жергілікті әкімдік екі келісімшартқа 130 150 000 теңге бөлген. Біріншісінің сомасы 74 650 000 теңге, екіншісінікі 55 500 000 теңге болған.

Биліктің ойынша, бұл билбордтар халықтың «реформаларға деген жағымды пікірін қалыптастырып», «мемлекеттік бағдарламаларға ақпараттық қолдау білдіруі керек», сондай-ақ қазақстандық патриотизм сезімін тәрбиелеуге тиіс. Алайда жергілікті журналистер биліктің осындай бастамаларын сынап, өңірдегі проблемалар шешілмей жатқанын жазып келеді.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz