Подкасттар, комикстер мен жарыстар: дәстүрлі құндылықтарды насихаттаудың ерекше жолдары

Қазақстанның мемлекеттік органдары жыл сайын мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы «дәстүрлі құндылықтарды насихаттау» мақсатында жүздеген тендер жариялайды. Әдетте, бұл шаралар семинарлар, конференциялар мен дәрістер ұйымдастыру немесе БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы жарнама таратумен шектеледі. Алайда, Factcheck.kz бұл бағытта дәстүрлі тәсілдерден ерекшеленетін үш ерекше хабарландыруды анықтады. Онда дәстүрлі құндылықтарды насихаттау үшін подкасттар, комикстер шығарып, спорттық жарыстар өткізу көзделген.

Подкасттарға 37 миллион теңге

13 қаңтарда Алматы қаласының Дін істері басқармасы «қазақстандық қоғамның дәстүрлі және рухани құндылықтарын насихаттау» мақсатында видеоөнім жасауға тендер жариялады. Бұл жобаға 37 242 857 теңге бөлінген. Мақала жазылған сәтте тендер өтінімдерді қарау кезеңінде болып, конкурсқа алты компания қатысып жатыр.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, әкімдік дәстүрлі және ұлттық құндылықтарды насихаттау үшін 12 подкаст жасауды жоспарлаған. Бұл мақсатта кемінде 40 шаршы метрлік, барлық қажетті құралдармен (үш камера, микрофондар, кәсіби жарық) жабдықталған студияның үш нұсқасын ұсыну және бес техникалық маманды жалдау талап етіледі.

Подкастты екі модератор жүргізеді, олар қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлей алуы керек. Бағдарламаға қонақ ретінде дін және саясат саласының сарапшылары, мәдениет пен спорт қайраткерлері, дін қызметкерлері, ақындар, жазушылар, блогерлер және басқа да танымал тұлғалар шақырылады. Спикерлердің кандидатураларын әкімдік бекітеді. Сонымен қатар шақырылған сарапшылардың жол шығындары (ұшу, тұру) мен гонорары төленеді, алайда гонорар мөлшері нақты көрсетілмеген.

Әрбір подкаст шығарылымының алдында жеткізуші ұзақтығы бір минуттан үш минутқа дейін кемінде үш видеоролик дайындауы керек. Бұл роликтер монтаждалған, музыкалық сүйемелдеумен және мәтіндік ақпаратпен толықтырылған болуы қажет. Сонымен қатар подкасттың қызықты сәттерінен ұзақтығы 30 секундтан кем болмайтын қысқаша бейнеролик әзірленеді. Барлық материалды әкімдік мақұлдануы қажет. Шақырылған қонақтар өздерінің әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында подкастқа сілтеме жариялап, міндетті түрде Дін істері басқармасын белгілеуге тиіс.

Жоба аясында әрбір шығарылымның YouTube платформасындағы көру саны 50 мыңнан, ал әлеуметтік желілердегі бейнематериалдардың қаралымы 100 мыңнан кем болмауы шарт. Жоба 2025 жылдың 25 желтоқсанына дейін толық жүзеге асырылуы керек.

Комикстерге 21 миллион теңге

Екінші қызық тендерді Алматы облысының Дін істері басқармасы жариялады. Ведомство дәстүрлі құндылықтарды насихаттау мақсатында комикстер әзірлеп, шығару туралы шешім қабылдады. Бұл мақсатқа 21 890 000 теңге бөлінді. Қазіргі уақытта тендер өтінімдерді қарастырып жатыр.

Техникалық талаптарға сәйкес, тапсырысты орындаушы қазақ және орыс тілдерінде кемінде 10 қағаз комикс әзірлеуі керек. Бұл комикстер қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарын, тарихи тұлғаларын, интеллигенция өкілдерін, батырларын және басқа да маңызды бейнелерді насихаттауға бағытталады. Әр комикс 15 беттен тұрып, жалпы тираж 1 000 дана (әр нұсқадан 100 дана) болуы керек.

Комикстердің сценариін тапсырыс берушімен алдын ала бекіту қажет. Онда экстремизм мен терроризмнің алдын алу, қазақ халқының рухани құндылықтары, дәстүрлері, діні, патриотизм және Отанға деген сүйіспеншілік секілді тақырыптар қамтылуы керек.

Сценарийлер бекітілгеннен кейін, әр комикс негізінде 10 видеокомикс әзірленуге тиіс. Бұл үшін шығармашылық топта сценарист, иллюстратор, колорист, дыбыс режиссері, тарихшы, дінтанушы және мәдениеттанушы болуы шарт.

Жоба 2025 жылдың 15 желтоқсанына дейін толық жүзеге асырылуы қажет.

Астанаға сапар және 8 миллион теңгелік жарыстар

5 қаңтарда Теміртау қаласындағы Дінаралық қатынастар мәселелерін зерттеу және талдау орталығы арнайы хабарлама жариялады. Басқарма ерлер мен әйелдер жамағатына арналған іс-шаралар кешенін өткізуді жоспарлаған. Бастапқыда бұл жобаға 9 374 107 теңге бөлінгенімен, келісімшарт жасалғаннан кейін сома 8 436 696 теңгеге дейін қысқартылды.

Техникалық сипаттамаға сәйкес, жоба Қазақстан қоғамының дәстүрлі құндылықтарын дәстүрлі исламдық қауымдар мен деструктивті діни ағымдар жақтаушылары арасында насихаттауға бағытталған. Осы мақсатта жеткізуші ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған түрлі іс-шараларды ұйымдастыруы керек. Алайда, кейбір шаралардың дәстүрлі құндылықтармен байланысы күмән тудырады.

Мысалы, 20 әйел мен баланы театрға, кинотеатрға, мұражайға және балаларға арналған ойын-сауық орталықтарына апару қажет. Сондай-ақ оларға Астанаға сапар ұйымдастырылады. Елордада қатысушылар аквариум, зообақ, «Байтерек» монументін аралап, «халал тамағы бар орын» деп көрсетілген мекемеде тамақтанады. Әйелдерге психологиялық тесттер мен кемінде үш аспаздық шеберлік сыныбы өткізіледі. Сондай-ақ, «қиын өмірлік жағдайға тап болған» қазақстандық әйелдерге 50 мың теңгеден қаржылай көмек беріледі.

Балаларға арналған іс-шаралар негізінен ұлттық ойындар мен спорттық жарыстардан тұрады. Балаларды қорғау күніне орай 30-дан астам жас қазақстандық «міндетті ойындарға» қатысады, оның ішінде асық ату, садақ ату, қол күрес, бұқамен күрес (нақты түсініктеме жоқ), ләңгі тебу бар. Басқа күндері 6 жастан 15 жасқа дейінгі балалар үшін асық ату және садақ ату жарыстары өтеді. Жеңімпаздарға берілетін сыйақы: асық атудан – 15 000 теңге, садақ атудан – 30 000 теңге.

Ер адамдар арасында футбол, садақ ату және қазақ күресінен жарыстар ұйымдастырылады.

Сонымен қатар Рамазан айында 80 адамға ауызашар ұйымдастырылады. Ақсақалдар кеңесі өтеді, оған кемінде 100 ақсақал мен имам қатысады. Кеңесте жерлеу рәсімдері, ас беру дәстүрлері және деструктивті діни ағымдардың қауіптері талқыланады.

Жобаға кемінде бір теолог немесе дінтанушы, сондай-ақ заңгер мен психолог қатысуға тиіс. Сонымен қатар әрбір спорттық немесе мәдени шара тапсырыс берушінің мақұлдауынан өтеді. Кемінде 30 000 жазылушысы бар жергілікті Instagram парақшаларында шара басталмай тұрып, 5-7 күн бұрын анонс жарияланады. Әр іс-шарадан кейін тапсырыс берушінің Instagram аккаунтында есептік пост жариялануы керек.

Барлық іс-шара 2025 жылдың 20 желтоқсанына дейін толықтай өтуге тиіс.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz