Мемлекеттік сатыпалым порталын қарап отырып Өскемен қаласының әкімдігіне қарасты мекеменің фотоальбом шығару бойынша қызықты келісім-шартына тап болдық. Тендердің сипаттамасына сәйкес, альбом «сізді қала тұрғындарымен және көрікті жерлерімен таныстырады», бірақ олардың қалай таратылатыны және қандай мақсатта басылып шығатыны көрсетілмеген. Оның үстіне бұған бөлінген қаржы да ауыз толтырып айтарлықтай.
Factcheck.kz редакциясы бұл тендердің неліктен дұрыс емес екенін, әкімдік қалай заң бұзып жатқанын, олар неге жеткізушіні қорқытатынын айтып береді.
18 млн тұратын фотоальбом
6 қыркүйекте Өскемен қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Қасымов» ЖК-мен «Сүйікті қалам Өскемен» деген фотоальбом шығаруға келісім-шарт жасасты. Мәміле сомасы 18,6 млн теңгеге шығып, сатыпалым ашық конкурссыз, тікелей шарт жасау арқылы жүргізілген. Альбом жыл соңына дейін басып шығару керек деп жазылған.
Бұл тендердің техникалық ерекшеліктері де оғаш көрінеді. Ең басында тапсырыс беруші фотоальбомға және сол уақытта қаланың өзіне арналған жарнамаға ұқсас мәтінді жариялаған. Түсінікті болу үшін біз автордың қаз қалпында толығымен жариялап отырмыз:
Өскемен – Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны. Оның үстіне, бай тарихы мен дәстүрі бар, қарқынды дамып келе жатқан перспективасы көп облыс орталығы. Бұл фотоальбом ескі Өскеменнің сұлулығын көрсетіп қана қоймай, жаңадан салынған аудандардың тартымды эстетикасын ашады. Сізді осы қаланың тұрғындарымен және оның көрікті жерлерімен таныстырады. Альбом сізді Өскеменнің ең көркем жерлерімен баурап алады, ең керемет әсер қалдырады.
Фотоальбомның өзі екі түрлі болады: стандартты және «сыйлық қаптамада». Стандартты альбом 950 данада, 200-250 беттен тұратын, қатты мұқабада, жылтыр қағазда шығады. «Сыйлық» альбомы күңгірт мұқабада небәрі 50 данамен шығады. Басқа айырмашылығы жоқ. Альбом қазақ және орыс тілінде шығады.
Дегенмен, бұл тендердің қызығы мұнымен бітпейді. Сипаттаманың соңында, тапсырыс беруші таңдалған жеткізуші шартқа қол қоймаса немесе қол қойғаннан кейін шартты орындаудан бас тартса, ол соттан тыс жосықсыз жеткізушілер тізіміне қосылатынын көрсетеді.
Заң не дейді
Техникалық сипаттаманың соңғы бөлігі неге дұрыс еместігін егжей-тегжейлі қарастырайық. Жосықсыз жеткізушінің тізілімі – мемлекеттік сатыпалым туралы шарт талаптарын бұзған немесе «Мемлекеттік сатыпалым туралы» заңда белгіленген ережелерді бұзған компаниялардың тізімі.
Жеткізушілерді осы тізілімге үш себеп бойынша қосуға болады: 1) олардың тендер жеңімпазы болуға адал емес түрде көмектескен біліктілік талаптары туралы жалған ақпарат немесе құжаттарды ұсыну; 2) конкурс жеңімпазы объективті себептерсіз шарт жасасудан бас тартса; 3) өнім беруші шарт бойынша өз міндеттемелерін тиісінше орындамаған немесе толық орындамаған жағадайда.
Тізілімге кірген жеткізуші екі жылға тендерге қатысу құқығынан айырылады. Алайда, заңда көрсетілгендей, жеткізушіні тек сот немесе мемлекеттік сатыпалымды реттейтін уәкілетті орган ғана «жосықсыз» деп тануы мүмкін. Сонымен қатар, егер ол тізілімге негізсіз енгізілсе, жеткізуші сот шешіміне шағымдануға құқылы. Өйткені тапсырыс беруші орындалмас шарт қойып немесе оларды өзгертетін жағдайлар бар, бұл шартқа қол қоюдан бас тартуға әкеледі.
Өскемен қаласының ішкі саясат бөлімінен тендер өткізілген жағдайда, әкімдіктің мұндай өкілеттіктері болмағандықтан, бөлім қандай негізде жеткізушіні тізілімге соттан тыс енгізуге құқығы бар екені түсініксіз және заң бұған тек сот шешімімен рұқсат береді.
Оның үстіне, «Мемлекеттік сатыпалым туралы» заңға сәйкес, шарт жасасудан жалтарған жағдайда жеткізуші тізілімге қосу туралы тармақ ашық конкурс жеңімпаздарына ғана қолданылады және бұл шарт тікелей жасалған. Анықталғандай, әкімдік өзі таңдаған жеткізушіні шарт талаптарын орындамаған жағдайда екі жылға мемлекеттік сатыпалымға қатысу құқығынан айырамыз деп қорқытады екен. Бұл «Мемлекеттік сатыпалым туралы» заңды бұзу.
Назарбаев капсуласы, дәретхана мен патриоттық стикерлер
Облыс орталығындағы биліктің қарама-қайшы сатыпалым жасап ерекшеленуі бірінші рет емес екенін айта кетейін. Соңғы бірнеше жылда БАҚ-та әкімдіктің бюджет қаражатын күмәнді игергені туралы әңгіме жеткілікті.
Мәселен, 2021 жылғы желтоқсанда қала билігі «Тәуелсіздік монументі» мүсінін орнатып, жергілікті бюджеттен 1,1 млрд теңге жұмсады. Мүсіннің өзінде Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би бейнеленген, ал ортасында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі жазылған. Оның үстіне, құрылыс басталар алдында ескерткіштің негізіне Назарбаевтың «Егемендік жолындағы ел басынан өткерген қиын-қыстау жолы» деген сөзі жазылған капсула салынған.
2022 жылғы ақпанда қала әкімдігіне қарасты «Таза Өскемен» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны 24 миллион теңгеге жеті дәретхана сатып алды. Кәсіпорын алты дәретхананың әр данасына 3 057 600 теңге және бір дәретхананы 5 416 320 теңге төлеген. Сатыпалымға назар аударған қоғам белсендісі Дидар Смағұлов унитазы жоқ Генуя тостағанына (едендегі тесік) ұқсайтын бір кісілік кабиналардың құны әлдеқайда аз, шамамен екі миллион теңге тұратынын айтты.
Сол жылдың аяғында айтып отырған Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімі «әлеуметтік желіге арналған патриоттық стикерлерге» 821 мың теңге жұмсауды жоспарлаған-ды. Жоспарға сәйкес, техникалық шарттарда көрсетілген стикерлер немесе мемдер қаланың ақпараттық қоғамдастықтарында орналастырылуы керек.
Дегенмен ең көп қаржы қала көшелерін жабдықтауға жұмсалды. Мәселен, 2022 жылы әкімдік «Таза Өскемен» кәсіпорнына жол жөндеу жұмыстарына 1,8 млрд теңге бөлді. Сондай-ақ, бірқатар көшені орташа жөндеуге тағы 290 миллион теңге бөлінді. Алайда, жергілікті тұрғындар ешқандай өзгерісті көрмеген, ал белсенділер «Ең жақсы жөндеу жұмысы – Жақсылық Омардың отставкаға кетуі» деген челлендж бастады (мысалдар мында, мында және мына жерде).
Осындай оқиға қаланы «жарықтандыруға» да қатысты болған. 2017 жылы Өскемен мен Семей қалаларының билігі көшелерді жарықтандыруға Еуропалық қайта құру және даму банкінен 3,6 миллиард теңге несие алған. Содан кейін шенеуніктер аталған екі қала «Лас-Вегас сияқты жарқырайды» деп уәде берді. Бірақ жеті жыл өтсе де, ондаған көше әлі күнге дейін жарықсыз, ал несие халықтың қалтасынан төленеді.
Ара-тұра тексеруші органдар жергілікті шенеуніктердің мемлекеттік сатыпалымдағы заңбұзушылықтарына назар аударады, бірақ сол үшін жазаға тарту көкейде біраз сауал тудырады. Мәселен, биыл қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы бір көзден алу тәсілімен 1,4 млрд теңгеге заңсыз мемлекеттік сатыпалымды анықтаған. Қадағалау органы заңсыз жасалған 78 шартты анықтағанымен, күдіктілер 14 миллион теңге айыппұлмен ғана құтылған.