2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел өңірлерінде ақсақалдар кеңесінің жұмысын ұйымдастыруды тапсырды. Осыған байланысты билік жыл сайын осындай кеңес отырыстарын өткізуге миллиондаған теңге жұмсайды. Бұл жиындарда жиналғандар мемлекет бастамаларын мақтап, жастар тәрбиесі туралы пікір алмасады.
Factcheck.kz редакциясы мемлекеттік сатыпалым порталы арқылы мұндай кездесулерге бюджеттен қанша ақша бөлінетінін анықтады.
Қарағандыдағы республикалық отырысқа 8,9 миллион теңге
9 қаңтар күні Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ақсақалдар кеңесінің республикалық отырысын өткізу бойынша қызметтерді сатып алу туралы хабарландыру жариялады. Бұл шараға 8 928 571 теңге бөлінді. Тендерді «УЦ SANA» ЖШС жеңіп алды, бірақ материал жазу сәтінде келісімшарт әлі жасалмаған еді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, ақсақалдар кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) жанындағы консультативті-кеңесші орган және ол облыстарда, ірі қалаларда, ауылдық округтерде ҚХА-ның өңірлік филиалдары жанынан құрылады. Кеңестің міндетіне мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланысты нығайту, патриотизм идеяларын насихаттау, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, сондай-ақ әлеуметтік немесе тұрмыстық келіспеушіліктерді шешуде билікке көмек көрсету кіреді. Кеңес құрамына өңірдің беделді тұрғындары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және қоғамдық пікір лидерлері кіреді.
Техникалық сипаттамаға сәйкес, кеңес отырысы Қарағанды қаласында өтеді. Іс-шараға 50-ден астам адам, оның ішінде өзге өңірден келген 30 қатысушы, сондай-ақ Қазақстан халқы ассамблеясы, мәдениет және ақпарат министрлігі мен әкімдік өкілдері қатысады.
Бөлінген қаражаттың шығындары: пленарлық отырыстар мен концертке арналған екі залды бір күнге жалға алу; қатысушылардың ұшып келуі мен трансфері; төрт жұлдыздан кем емес қонақ үйде екі күн тұру және тамақтану; ойын-сауық бағдарламасы мен марапаттау рәсімі, марапаттау рәсіміне жеткізуші бойы 170 см-ден төмен емес, тартымды алты қызды жалдауы керек.
Бұдан бөлек, жеткізуші іс-шара туралы БАҚ пен әлеуметтік желіде ақпарат таратуды ұйымдастырады. Жиын барысында фотографтар кем дегенде 30 сурет, бейнеоператор мен мобилограф материалдар ұсынады. Пресс-релиздер қай БАҚ-қа жіберілетіні тапсырыс берушінің таңдауына байланысты болады. Ал ақсақалдарға алғыс хат, гүл және логотип басылған қалам, сөмке мен блокнот сыйға беріледі.
Бұрын ақсақалдар кеңесіне қанша қаражат жұмсаған
Ақсақалдар кеңесінің отырыстары Қазақстан халқы ассамблеясына қарасты «Қоғамдық келісім» ұйымының басшылығымен өтеді. Алайда мемлекеттік сатыпалым сайтындағы хабарландыруларға қарасақ, мұндай іс-шараларды өткізуге қаражатты көбіне жергілікті әкімдіктер бөледі. Жоғарыда сипатталған отырыс біз порталда тапқан ең қымбат іс-шара.
Мысалы, 2024 жылғы қаңтарда Маңғыстау облысы билігі ақсақалдар кеңесінің республикалық конференциясын өткізуге 8 482 143 теңге бөлген. Сол жылы ақпанда «Қоғамдық келісім» ұқсас отырысқа 3 045 026 теңге жұмсамақ болды, ал бір жыл бұрын бұл мақсатқа небәрі 3 806 417 теңге жұмсаған.
Егер ақсақалдар кеңесінің өздері немесе облыстық деңгейдегі конференциялар туралы айтатын болсақ, мұндай іс-шараларға жұмсалатын қаражат 1,5 миллионнан 2 миллион теңгеге дейінгі сомаға жетеді. Кейде бұл бағалар 400 000–500 000 теңгеге дейін төмендейді.
Ақсақалдар кеңесі немен айналысады?
Ресми түрде бекітілген мақсаттарына қарамастан, ақсақалдар кеңесінің негізгі рөлі жоғары мемлекеттік органдар мен президенттің жарлықтарын заңдастыру болып көрінеді.
2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының жанындағы ақсақалдар кеңесінің жұмысын жолға қоюды, олардың қызметін жүйелеуді, сондай-ақ мәртебесі мен ықпалын арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Екі жылдан кейін ол қазақстандықтардың бойында «дұрыс құндылықтарды» тәрбиелеу қажеттігін айтып, мемлекеттің өзіне тән идеологиялық күн тәртібін қалыптастыру керектігін, бұл тәртіп сыртқы жағымсыз ықпалдан азат болға тиіс екенін мәлімдеді. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін ол ҚХА-ға жастарды идеологиялық тәрбиелеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
БАҚ-та жарияланған ақсақалдар кеңесінің отырысы туралы ақпаратты қарасақ, конференция қатысушылары үнемі президенттің халыққа Жолдауының маңызын атап өтіп, Тоқаевтың шешімдерін мақтап немесе оған алғыс білдіріп отыратынын байқауға болады (1, 2, 3, 4). Бұрынғы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік кезеңінде де ақсақалдар дәл осылай оның бастамаларын қолдағаны байқалады (1, 2).
Бұған қоса, билік ақсақалдарды даулы мәселе бойынша өз ұстанымын халық арасында тарату үшін жиі пайдаланады. Мысалы, 2024 жылғы қазанда Маңғыстау облысының ақсақалдар кеңесі атом энергетикасы ардагерлерімен кездесу өткізіп, «қоғамды алаңдатқан атом электр станциясын салу мәселелері бойынша жауап алуды» мақсат етті. Алайда іс жүзінде спикерлер тек АЭС салудың қажеттігі туралы айтты. Ақсақалдар арасындағы сауалнамаларда да АЭС салудың маңызы туралы ұқсас мәлімдемелер кездескен.
Кейде кеңес өздерінің бастапқы әлеуметтік және тұрмыстағы дауларды реттеу функциясын орындайды. Мысалы, 2020 жылы Қордайдағы тәртіпсіздіктерден кейін билік осындай жағдайларды шешу үшін жергілікті ақсақалдар кеңесін құру туралы шешім қабылдады. Сол кезде ақсақалдар «бауырластықпен дастархан басында сөйлесіп, дауға нүкте қоюға» келісті.
Бірақ кейде кеңес сын айту институты ретінде әрекет етті. Мысалы, 2016 жылы Алматы облысы Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылының аудандық ақсақалдар кеңесі мұғалім Айман Сағидулланы «әдеп ережелерін сақтамады» деп айыптады. Оның себебі – мұғалім өз міндетіне кірмейтін қосымша тапсырмаларға қарсылық білдіруі еді.
Фото: ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі