Factcheck.kz редакциясы мемлекеттік бюджеттен діни экстремизмге қарсы күреске, мәселен, подкасттар мен комикстер дайындауға бөлінген қаражаттар туралы бұған дейін де бірнеше рет жазған-ды. Мемлекеттік органдар әсіресе әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмыстарға ерекше көңіл бөледі. Ақпанның аяғында біз Алматы қаласының дін істері басқармасы интернет кеңістігінде қарсы үгіт-насихат шараларын ұйымдастыру үшін 27,3 млн теңге бөлгенін жаздық. Енді мемлекеттік сатып алу порталында деструктивті діни идеологияның алдын алуға бағытталған тағы бір хабарландыру жарияланыпты.
Жарнама, контент және пікір жазу
28 ақпанда Алматы қаласы дін істері басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығы жыл аяғына дейінгі мерзімге 22 млн теңгеге Social Development Center қоғамдық қорымен келісімшарт жасасты. Тендердің мақсаты «интернет пен әлеуметтік желілерде деструктивті діни идеологияның таралуының алдын алу» деп көрсетілген.
Тендер талаптарына сәйкес, мердігер тапсырыс берушінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларының аудиториясын кемінде 30%-ке арттыруға тиіс. Осы мақсатта ол SMM, таргет жарнама және контент-маркетиң саласындағы мамандарды тартуы керек. Олардың міндетіне мыналар кіреді:
- мақсатты аудиторияны кеңейту;
- таргет жарнама арқылы аккаунттардың танымалдылығын арттыру;
- блогерлермен жұмыс, контент жасау, хэштегтер арқылы алға жылжыту сынды SMM құралдарын пайдалану.
Сонымен қатар 900 мың алматылықты қамтитын 25 жарнамалық науқан жүргізу көзделген.
Бұған қоса, мердігер кемінде 50 графикалық материал (инфографика, графикалық жазбалар, демотиваторлар) және 50 қысқа бейнеролик (Reels және Shorts форматында) әзірлеуге тиіс. Бұл материалдардың мақсаты — радикалды діни ағымдарды әшкерелеу және мемлекеттік дін саясатын түсіндіру. Посттарда қазақ және әлем ойшылдарының танымал дәйексөздері пайдаланылмақ.
Жоба пікір алаңдарында белсенді жұмыс жүргізуді де қарастырады. Мердігер мемлекеттік дін саясатына қатысты пікір қалдыратын жеті дінтанушы мен теологтан тұратын топ құруға міндетті. Жоба іске асырылатын уақыт ішінде олар 1 500 ақпараттық тақырып бойынша кемінде 15 мың пікір жазуға тиіс — бұл пікірлер жаңалық сайттары мен әлеуметтік желілерде жарияланады.
Мердігер атқарылған жұмыс бойынша апта сайын есеп беріп отыруға тиіс. Жобаны жүзеге асыру мерзімі — 2025 жылғы 15 желтоқсанға дейін.
Көп жағдайда мұндай жобалар жыл сайын жүзеге асырылады. Алматы қаласының дін мәселелерін зерттеу орталығы мұндай қызметтер бойынша келісімшарттарды 2024 және 2023 жылдары да жасаған.
Былтыр мекеме «Адам және қоғам» қоғамдық ұйымымен 16,3 млн теңгеге келісімшарт жасасып, іс жүзінде 14 млн теңге төледі. Ал 2023 жылы дәл осы мердігермен 5,8 млн теңгеге тағы бір келісімшарт жасалып, оның 5,79 млн теңгесі төленген. Жұмыстың нақты көлемінің аз болуына байланысты сома да төмен болуы мүмкін.
Нәтиже бар ма?
Бөлінген қаражат көлемі мен біртіндеп ұлғаятын мақсатты көрсеткіштерге қарамастан, Алматы қаласының дін мәселелерін зерттеу орталығының әлеуметтік желілердегі жарияланымдарының қамту ауқымы көңіл көншітпейді.
Мысалы, орталықтың Instagram-дағы парақшасында 25 мың жазылушысы бар, алайда жарияланымдар көбіне 100 лайктан аспайды. Дегенмен кейде жүз немесе мың лайк жинаған жазбалар да кездеседі. Бұл өсімнің органикалық жолмен болғаны не ақылы жылжыту нәтижесі екені белгісіз.
Сонымен қатар жарияланып жатқан ақпараттың бәріне бірдей фактчек жасалмайды. Мәселен, парақшада 9 жасар қыз бен 35 жастағы ер адамның Ирактағы үйлену тойы туралы жалған ақпарат та кездеседі. Бұл фейк туралы біз мына материалда егжей-тегжейлі жазған едік.
Facebook-тағы жағдай бұдан да айқынырақ. Мұнда Орталыққа 1 700-ден астам қолданушы жазылған, бірақ көптеген жазба 10–20 лайкпен шектеледі. Мұның себебі платформаның өз ерекшелігіне де байланысты болуы мүмкін. Себебі кейінгі бірнеше жылда Facebook алгоритмдерін өзгертіп, ақпараттық ресурстар мен медианың қамту ауқымын азайтып, «отбасылық контентке» басымдық бере бастаған.
Ал Telegram-да Орталықтың бар-жоғы 645 жазылушысы бар, сәйкесінше жазбалардың қаралымы да төмен.
Орталықтың YouTube-арнасындағы статистика біркелкі емес. 4,05 мың жазылушысы бола тұра, көп видео 200 қаралымнан аспайды, ал пікірлер мүлде жоқтың қасы. Алайда «танымал» бөлімінен 26, 16 немесе 15 мың қаралым жинаған видеоларды көруге болады — бірақ олар бір жылдан астам уақыт бұрын жарияланған.
TikTok-тағы аккаунттың жағдайы YouTube-пен салыстырғанда сәл жақсырақ. 13,4 мың жазылушысы бар парақшадағы ең танымал видеолар (профильде бекітілген) 500 мыңнан 800 мыңға дейін қаралым жинаған. Дегенмен, басым көпшілігі мың қаралымнан аса алмайды, бірақ TikTok-та басқа желілермен салыстырғанда бұл шекті еңсеруге болады.
Бұл алгоритм жұмысының ерекшеліктері мен ақылы жарнамалардың нәтижесі болуы мүмкін екенін тағы да айта кетейік.
Соған қарамастан, жалпы көрініс жұмсалған қаражаттың қаншалықты орынды екені туралы және оның экстремизмнің алдын алуға шынымен әсері бар ма деген сұрақ туындатады.
Әлеуметтік желілерге тағы қанша қаржы жұмсалады
Бірақ бұл — Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасы мен оған қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығының әлеуметтік желілердегі ақпараттық жұмысына бөлетін жалғыз жағдай емес. 2025 жылғы наурызда басқарма 25 330 357 теңге көлемінде қаражат бөліп, экстремизм қатері туралы жазатын және дінге қатысты резонансты оқиғаларға пікір білдіретін танымал сарапшыларды тартуды көздеді. Жеңімпаз ретінде анықталған «Фариза» деген жеке кәсіпкермен келісімшарт әзірге жасалмаған.
Техникалық сипаттамаға сай, мердігер кемінде бес сарапшыны тартуға тиіс. Олар Instagram немесе Facebook желілерінде белсенді аккаунттарға ие болуы керек (сәйкесінше, кемінде 10 мың және 4 мың жазылушы). Әр сарапшы айына кемінде екі жазба жариялауы қажет және әрқайсысы 200 сөзден кем болмауға тиіс. Жалпы саны 100 жарияланым жоспарланған, олардың бір бөлігі ай сайын 2 миллионнан астам аудиториясы бар ірі пабликтер мен блогерлердің парақшаларында орналастырылады.
Бұл жолы Орталықтың аудиторияны кеңейту мүмкіндігі әлдеқайда жоғары екенін болжауға болады.
Мұндай тендерлер жыл сайын өткізіледі: 2024 жылы басқарма осындай қызметтерге 10,5 млн теңге, 2023 жылы — 9,9 млн теңге, 2022 жылы — 8,5 млн теңге, ал 2021 жылы — 9 млн теңге жұмсаған.