Қазан айының соңында мемлекеттік сатыпалым порталында Алматы қаласының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы қаланың үлкен макетін жасау үшін тендер жариялады. Әдетте мұндай құрылымдар жоғары лауазымды шенеуніктерге қаланың құрылыс жоспарын көрсету үшін пайдаланылады. Алайда әкімдік бұл макет арқылы инвесторлар мен туристерді де тартуды жоспарлап отыр. Factcheck.kz редакциясы бұл тендердің мәнін және оған қандай сұрақтар туындауы мүмкін екенін түсіндіреді.
Өздері тапсырыс беріп, өздері орындайды
Тендер туралы хабарландыру 29 қазанда мемлекеттік сатыпалым сайтында жарияланып, бастапқыда ашық конкурс әдісімен өткізіледі деп жоспарланған болатын. Алайда жарияланғаннан кейін екі күн өткен соң қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы жеткізушімен тікелей келісімшартқа отырды. Жеткізуші ретінде «Алматыгенжоспар» ғылыми-зерттеу институты таңдалды.
Бұл конкурстың мүлде өтпегенін білдіреді. Келісімшарттың жалпы сомасы 709 820 000 теңге.
Техникалық ерекшелікте жұмыстар аяқталғаннан кейін макетті Абай көшесі, 90 мекенжайына жеткізу керек деп жазылған. Онлайн карталар бойынша бұл мекенжай қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының, сондай-ақ жеткізуші «Алматыгенжоспар» институтының мекенжайы.
Бұл жағдай түсінікті, себебі «Алматыбасжоспар ҒЗИ» ЖШС-нің құрылтайшысы ретінде Алматы қаласы әкімдігі мен оның қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы әрекет етеді.
Мини-қала, 3D-карталар және бейнеролик
Тапсырыстың егжей-тегжейіне тоқталсақ, техникалық ерекшелікке сәйкес макеттің көлемі 546 шаршы метр (NBA баскетбол алаңынан сәл үлкенірек). Макет Алматы қаласының 1:2000 масштабындағы егжей-тегжейлі моделін көрсетеді. Конструкцияда жер бедері, тау, өзен мен жоталар болуы тиіс. Сондай-ақ көше, ғимарат, саябақ, тарихи ескерткіш пен басқа да нысандардың нақты орналасуы мен масштабы ескеріліп жасалуы қажет.
Жоба мақсаты ретінде қаланың 2040 жылға дейінгі бас жоспарына сәйкес жоспарлау құрылымын көрнекі түрде көрсету және макетті сәулет және жоспарлау мақсатында пайдалану аталады. Сонымен қатар бұл макет инвесторлар мен туристерді тартуға бағытталған.
Макеттегі бедер МДФ материалынан жасалады (қалыңдығы кемінде үш миллиметр), ал ғимараттар ПВХ материалынан жасалады. Маңызды нысандар, мысалы, сәулет ескерткіштері, 3D-принтерде басып шығарылады. Негізі металл құбырлардан жасалады. Конструкцияны оңай тасымалдау үшін екіге бүктеліп, ал нысандар алынбалы болуы тиіс.
Жеткізуші макетке проекция жасауға арналған бейнемэппиң контентін де дайындауы қажет. Барлығы 108 бейнеролик әзірленеді, олардың жалпы ұзақтығы 8 минут. Контент жеті блокқа бөлініп, сейсмикалық қауіпсіздік, экология, құрылыс және қаланың басқа да ерекшеліктері туралы баяндалады.
Сонымен қатар Алматының дамуын бейнелейтін анимациялық ролик дайындалады. Роликте қала дамуының 1854 жылдан бастап «болашақ цифрлы Алматыға» дейінгі кезеңдері көрсетіледі. Бұл футуристік биік ғимараттар, жеңіл рельсті көлік, ақылды технологиялар мен экологиялық көліктерді қамтиды.
Тапсырыс беруші желтоқсан 1986 жылғы митиңдер мен полиция арасындағы қақтығыстарды да көрсетуді жоспарлап отыр, себебі бұл «тәуелсіздік үшін күрестегі маңызды кезең» деп бағаланады.
Барлық жұмыстар 15 желтоқсанға дейін аяқталуға тиіс болған. Демек, Алматы макеті қазірдің өзінде дайын болуы керек.
Сұрақтар
Мұндай тендер бірқатар сұрақтар тудырады. Ашық конкурс өткізу жоспары бола тұра, жеткізушінің тікелей таңдалғаны түсініксіз. Сонымен қатар хабарландыру жарияланып, келісімшартқа қол қойылған аралықта неге бар болғаны үш күн ғана өткен? Әдетте мұндай процестерге екі аптадан бір айға дейін уақыт қажет.
Мемлекеттік орган мен оған бағынысты мекеме арасындағы келісімшарт сыбайлас жемқорлық қатерін арттырады. Қазақстанда мемлекеттік құрылымдардың күмәнді келісімшарт жасасқан жағдайлары бұрыннан белгілі. Мұндай келісімшарттар кейде мемлекеттік қаражатты жымқыруға бағытталған алаяқтық схемаларға айналып, ал кей жағдайда, кем дегенде, ашықтықтың болмауымен және бөлінген қаражат көлеміне сай келмейтін нәтижелермен аяқталады.
Осындай жағдайлардың бірі туралы біз төрт жыл бұрын «За нами уже выехали» арнасымен бірлескен зерттеуімізде баяндаған едік. Ол кезде Қазақстанның киелі орындарының 3D-модельдерін жасауға миллиардтаған қаражат жұмсалған күмәнді сатыпалым туралы айтылған-ды.