Мемлекеттік сатып алу сайтын талдау барысында Factcheck.kz редакциясы Алматы әкімдігінің туризмді дамытуға арналған жыл сайынғы халықаралық қонақүй форумын өткізуге 100 млн теңгеден көп қаржы бөлгенін анықтады. Бұл шара жайлы және оған бөлінген қаражат қаншалықты орынды жұмсалатанын анықтап көрдік.
Форум туралы толығырақ
Алматы қаласының туризм басқармасы 12 шілдеде «Жетінші халықаралық қонақүй форумын» өткізу туралы хабарландыру жариялады. Оған 113 392 857 теңге бөлінген. Материалды жазу кезінде SLV-group.kz ЖШС жеңімпаз болып таңдалды. Алайда, келісімшарт әлі жасалмаған.
Форум жылдың екінші немесе үшінші тоқсанында өтеді және 2 күнге созылады. Жарияланған мақсаты – қонақ үй бизнесі мен туристік саланы дамыту үшін диалог алаңын құру. Іс-шара 500 адамға арналған. Оны өткізу үшін тапсырыс алушы бесжұлдызды қонақүйдің мәжіліс залын және тағы 2 шағын залды жалға алуға тиіс. Форумның тұжырымдамасын әзірлеу, рәсімдеу және техникалық жарақтандыру да тендер жеңімпазының мойнында.
Техникалық сипаттамаға сәйкес, биыл форумға 10 халықаралық сарапшы және ШЫҰ делегация елдерінің 16 мүшесі шақырылады. Олардың виза, екі жаққа ұшу, әуежай трансфері және бесжұлдызды қонақүйде тұру ақысы төленеді. Сондай-ақ, әкімдік әрқайсысына қала бойынша сапары үшін жоғары санатты автокөлік береді.
Сарапшылардан басқа форумға бірқатар шенеунік шақырылған. Атап айтқанда: Туризм және спорт министрлігі, Алматы әкімдігі, туризм жөніндегі өңірлік басқарма қызметкерлері, сондай-ақ Қазақстанның қонақ үй және туристік нарықтарының өкілдері.
Іс-шарада дәрістер, пікірталастар, баспасөз конференциялары мен шеберлік сыныптар сериясы өткізіледі. Ұйымдастырушылардың ойынша, шара қаладағы қонақ үй саласының дамуын ынталандырады. Сонымен қатар, форум үшін бірнеше жүргізуші, ресми ашылу және жабылу салтанаты, 5 музыкалық нөмір және барлық кездесуде музыкалық сүйемелдеу жалға алу қарастырылған.
Сондай-ақ, форумға қатысушылар үшін тегін тамақ ұйымдастырылады: таңертеңгі кофе, күніне екі рет кофе-брейк, толыққанды түскі ас және қаладағы 50 адамға арналған премиум мейрамханада лайв-бэнд тобы мен арнайы жүргізушісі бар кеш өткізу. Кешкі асқа тек шенеуніктер мен шетелдік қонақтар шақырылады. Сонымен қатар, іс-шара соңында шетелдік сарапшыларға кәдесыйлар мен естелік сыйлықтар табыс етіледі. Форум жайлы пікірлерінен шағын видео сұхбат жазылады.
Форумды жариялау үшін 20 интернет-БАҚ өкілі, бір телеарна мен блогерлер шақырылады. Нәтижесінде жаңалықтар сайттарында 40 ақпарат, блогерлерден 10 пост және радиода 25 жарнамалық спот жариялануы керек. Бұқаралық ақпарат құралдарында 13 миллион көрсетілім болуы шарт.
Форум қалай қымбаттады
Қонақ үй форумы Алматыда 2014 жылдан бастап тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ол үшін бастапқыда The Ritz-Carlton Almaty қонақ үйі таңдалды, бірақ 2016 жылдан бастап ұйымдастырушылар Rixos қонақ үйінің мәжіліс залын жалға алады. Бұған БАҚ пен әлеуметтік желідегі көптеген фотосурет дәлел (мысалдар осында, мұнда және осы жерде). Шақырылған сарапшылар мен делегаттар осы қонақүйде тұруы да ықтимал.
Көбіне спикер ретінде форумға Ресей, Грузия, Әзербайжан және жақын шет елдерден қонақ үй бизнесі саласындағы сарапшылар шақырылады. Туризм басқармасы шенеуніктерінің сөзінше, кейінгі жылдары форумға, тіпті, Үндістан, Сингапур, БАӘ, Германия, Грекия, Кипр, Польша және Франциядан қонақтар келген.
Биыл Алматы әкімдігі форум өткізуге рекордтық көп ақша жұмсағанын айта кетейік. Бұл үшін 2023 жылмен салыстырайық. Былтыр осы іс-шараға мемлекеттік бюджеттен 54 616 071 теңге бөлінгенімен, яғни, биыл бөлінген сомадан 2 есе аз жұмсалған. 2022 жылы форум өткізуге 53 571 428 теңге, 2019 жылы — 16 071 428 теңге, ал 2018 жылы 14 642 857 теңге бөлінді. 2020 және 2021 жылдары коронавирус пандемиясына байланысты форум өткен жоқ.
Яғни, 2018 жылдан бастап форумды ұйымдастыру құны 8 есеге жуық өсті. Билік тарапынан қонақтар санын көбейту шешімі оның «қымбаттауының» бір себебі болуы мүмкін. 2022 жылға дейін форумға тек 5 халықаралық сарапшы және жалпы 100 қонақ шақырылған. Одан кейін шақырылғандар саны 10 сарапшыға және 300 қонаққа дейін өсті, ал биыл 10 сарапшы, ШЫҰ-дан 16 делегат және жалпы 500 қонақ келеді.
Туризм дамып жатыр ма?
Factcheck.kz редакциясы туризмді дамытуға арналған бюджет шығындары — түрлі шоу, шетелдік блогерлерді шақыру, қаланы жергілікті және шетелдік БАҚ-та жарнамалау туралы бұған дейін де жазды. Осы жағдайдың барлығын, қонақ үй форумын қоса алғанда, қомақты шығын шығарып, туризмді қаншалықты дамытуға болатыны туралы айту қиын.
Ең дұрысы, тексеруді қажет ететін туристтер санының өсімі жайлы есептерден басқа, аталған іс-шаралар мен туризмнің дамуы арасындағы байланысты талдай алатын сапалы зерттеу қажет. Мәселен, 2023 жылғы қарашада Алматы әкімдігі туристік көрмелер мен фестивальдар әсерімен бірінші жартыжылдықта туризм 25,5%-ке өскенін баяндады, алайда ведомствоның мұндай қорытындыға қалай келгені мәтінде түсіндірілмеген.