Абай облысының әкімдігі ШҚО әкімдігінен тікұшақты 41 млн теңгеге жалға алды

Factcheck.kz редакциясы бірнеше рет «Мемлекеттік сатыпалым хабаршысы» айдары аясында Шығыс Қазақстан облысы билігінің тікұшақты бюджет есебінен жалға алуы жайлы жазған. ШҚО-дан бөлінгеннен кейін Абай облысының әкімдігі де қалыс қалған жоқ. 2025 жылы Берік Уәлидің ведомствосы тікұшақ жалдауға 41 миллион теңге бөлді, ал жеткізуші ретінде ШҚО әкімдігінің қарамағындағы мекеме таңдалды. Біз келісімнің шарттары қандай болғанын және бұл сатыпалымға қатысты қандай сұрақтар туындауы мүмкін екенін айтып береміз.

Баламасыз жеткізуші

26 ақпанда Абай облысының мемлекеттік сатыпалым басқармасы экипажы бар әуе көлігін жалға алу қызметін сатып алу туралы хабарландыру жариялады. Әкімдік оған 41 337 500 теңге бөлді. Шарт жасалғаннан кейін сома 41 228 747 теңгеге азайды.

Қызығы, бұған дейін тікұшақ жалдау әрекеттері екі рет жасалған. Бірінші жарияланым 26 қаңтарда шықты, бірақ онда бірде-бір қатысушы табылмады. Ақпан айының басындағы екінші әрекет те нәтижесіз аяқталды. Үшінші жолы ғана бір жеткізуші — Шығыс Қазақстан облысының Авиациялық бөлімшесі пайда болып, нәтижесінде жеңімпаз атанды. Бұл — ШҚО әкімдігіне қарасты мекеме, бұрынғы өңір басшысы Даниал Ахметов және кейін оның орнына келген Ермек Көшербаев ұзақ уақыт бойы осы мекемеден тікұшақ жалдап келген.

Сатыпалымдағы бәсекелестіктің болмауы әсіресе тапсырыстың ауқымы мен ерекшелігін ескерсек қызық көрінеді.

Келісімнің шарттарына сәйкес, жеткізуші Абай облысы аумағында көлік қызметін көрсету үшін өз тікұшақтарын үнемі дайын күйде ұстауы тиіс. Қызметтер күн сайын, демалыс және мереке күндеріне қарамастан, жыл бойы көрсетілуі керек. Жекелеген тармақ ретінде жедел ұшу шарты көрсетілген: тапсырыс берушінің ауызша немесе жазбаша өтінімінен кейін тікұшақ 3 сағат ішінде ұшуға дайын болуға тиіс.

Жеткізуші жолаушылар мен жүктерді (жолаушылардың салмағы мен қажетті отын көлемін қоса алғанда) жалпы салмағы 3 000 килограммға дейін тасымалдауды ұйымдастыруға міндетті. Тікұшақтар жазық және таулы жерлерде 2 000 метр биіктіктен жоғары ұша алуы керек.

Әуе кемелері жеткізуші аумағында орналасуға тиіс, ол сонымен қатар жедел өтінімдерді орындау үшін қажетті отын қорын қамтамасыз етуі керек. Қызмет көрсету мерзімі 2025 жылғы 31 желтоқсанына дейін белгіленген. Қажетті қызмет көлемі — кемінде 26 сағат 30 минут.

Егер келісімшарттың жалпы сомасын қызмет көрсету уақытының ең аз мөлшеріне бөлсек, тікұшақты жалға алудың бір сағаты шамамен 1 555 255 теңге болады.

Тікұшақ туралы қосымша мәліметтерді тендердің біліктілік талаптарынан табуға болады. Ең әуелі жеткізушіде қажетті тіркеу құжаттары бар, өз меншігіндегі және жарамды әуе кемелері болуы керек. Сонымен қатар сипаттамада тікұшақ 12-ден 22-ге дейін жолаушы сыйуы керек делінген. Тапсырысты орындау үшін тиісті сипаттамалары бар бір әуе кемесі қажет.

Жеткізушінің қонуға болмайтын жерге қонатын арнайы рұқсаты бар ұшқыштары болуы — жеке талап ретінде көрсетілген, бұл тапсырысты орындау үшін кемінде екі білікті ұшқыш қажет екенін білдіреді.

Қызығы, тендердің шарттары бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қойған талаптармен бірдей — жолаушылар саны мен әуе кемесінің жүк көтергіштігі жағынан ұқсастық бар (мысалдар мұнда). Айырмашылық тек ұшу уақытының көлемінде, ол аймақтың қажеттілігіне қарай жеке белгіленеді.

Осы жағдайлардың барлығы Абай облысының мемлекеттік сатыпалым басқармасы өткізген тендер нақты бір жеткізушіге — Шығыс Қазақстан облысының Авиациялық бөлімшесіне арналған болуы мүмкін деген әсер қалдырады.

Абай облысы әкімінің аппараты кемінде 2023 жылдан бері осы жеткізушіден тікұшақ жалдап келген. 2023 жылы кемінде 12 сағат қызмет көрсету үшін 12 996 825 теңгеге әуе кемесін жалға алу туралы келісімшарт жасалды, алайда нақты төлем 8 212 910 теңгені құрады. 2024 жылы келісімшарт сомасы 35 сағат қызмет көрсету үшін 41 337 812 теңгеге дейін өсті, бірақ нақты жеткізушіге төленген сома 19 487 825 теңге болды.

Бұл кәсіпорынның қызметін басқа жергілікті атқарушы органдар да пайдаланған. Мысалы, 2023 жылы ШҚО-ның Күршім ауданы әкімдігі тікұшақ жалдауға 1,2 млн теңге жұмсады, ал 2024 жылы Абай облысының Көкпекті ауданы әкімдігі осындай келісімшартты 3,7 млн теңгеге жасады. Өз кезегінде, Риддер қаласының әкімдігі әуе кемесін жалдауға 1,8 млн теңге төледі.

Журналистердің неге барлық келісімшарттар дәл ШҚО Авиациялық бөлімшесімен жасалады деген сұрағына 2021 жылы Даниал Ахметов: «Қазақстанда бәсекелестік орта жоқ» деп жауап берген. Ол бұл кәсіпорын – бүкіл өңірге (сол кезде Абай облысының аумағы ШҚО құрамында болған – ред.) жасыл желектерді қорғау және халықтың денсаулығын сақтау мақсатында қызмет көрсететін жалғыз ұйым екенін айтқан.

Әкім тікұшақты не істемекші?

Орындалған жұмыстардың электронды актісі бойынша, осы материал жарияланған сәтке дейін Абай облысының шенеуніктері үш рет әуе сапарын жүзеге асырған. Ол үшін мемлекеттік бюджеттен 10 310 360, 6 969 992 және 9 292 741 теңге төленген. Әкімдік өкілдері нақты қайда ұшқаны туралы ақпарат ашық дереккөзде жоқ.

Әкімдіктер дәстүрлі түрде тікұшақ жалдауды орман өрттеріне бейім табиғи аумақтарды бақылау қажеттігімен түсіндіреді. Әсіресе 2025 жылғы көктемде өңірде сегіз ірі орман өрті болғанын ескерсек, Абай облысының әкімі Берік Уәли де осы себепті жалдаған болуы мүмкін. Ең үлкен өрт – «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының аумағын шарпыған.

Ресми деректерге сәйкес, өртпен күреске 350-ден астам адам, шамамен 130 техника және тікұшақ жұмылдырылған. Алайда әңгіме төтенше жағдайлар министрлігіне (ТЖМ) тиесілі, арнайы өрт сөндіруге жабдықталған әуе кемесі туралы болды. Бұл дерек министрліктің баспасөз қызметінің ресми хабарламаларында да атап өтілген.

Сәуір айының басында медиада Берік Уәлидің өрт ошағының үстінен тікұшақпен ұшып бара жатқан кадрлар тарады. Бұл видео ТЖМ-нің ресми арналары арқылы жарияланды, алайда онда нақты қай тікұшақ пайдаланылғаны көрсетілмеді. Әкім ТЖМ-не қарасты тікұшақты пайдаланған болуы мүмкін деген жорамал жасауға да болады.

ШҚО-ның бұрынғы әкімі Даниал Ахметов те жыл сайын тікұшақ жалдап, мұны өрт қаупі жоғары жағдайды бақылау қажеттігімен түсіндіретін. Алайда оның ұшуына қатысты құжаттар рейстердің өңірдегі қала арасында болғанын көрсеткен. Оның орнына келген Ермек Көшербаев, керісінше, жалданған тікұшақты жұмыс сапарлары үшін пайдаланғанын көпшілік алдында жоққа шығарды. Оның айтуынша, әуе техникасы құтқару операциясы, науқастарды тасымалдау және табиғи апаттарды, ең алдымен орман өрттерін, бақылау үшін пайдаланылған.

Қымбат тікұшақты жалдаудың орнына дрондарды қолдануға бола ма деген сұраққа Көшербаев: таулы аймақта және күрделі ауа райы жағдайында дрондар жиі сигнал жоғалтады немесе мүлде істен шығады деп жауап берген.

Родился в городе Алматы. Окончил факультет журналистики в КазНУ им. Аль-Фараби. С 2017 года работал корреспондентом в нескольких казахстанских изданиях.

Factcheck.kz