Жақында Factcheck.kz редакциясы Алматы әкімдігінің қызметкерлері бюджет ақшасын пайдаланып, шетелдік блогерлерге екінші рет пресс-тур ұйымдастырғанын жазған еді. Шенеуніктер қаланы әлеуметтік желіде жарнамалайтын 50 шетелдік қонақты әкелу үшін 90 миллион теңгеге жуық ақша бөлген.
Бір қызығы, бұл әкімдіктің Алматыны жарнамалауға жұмсамақшы болған қаржының аз ғана бөлігі. Шетелде Алматының имиджін арттыру үшін қанша теңге керек екенін көрейік.
Видео жарнама
Шетелдік аудиторияға Алматының жарнамасына қатысты жарияланған барлығы алты тендер таптық. Ең қомақтысынан бастайық. 22 ақпанда Алматының туризм жөніндегі бюросы интернетте жарнама қызметтерін сатып алу туралы 312 500 000 теңгеге тендер жариялады.
Техникалық ерекшеліктерге сәйкес, интернет-жарнама Алматының халықаралық нарықта бренд ретінде танылуына ықпал етуге тиіс. Ол негізінен Түркия, БАӘ, Катар, Сауд Арабиясы, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Ұлыбритания, Италия, Германия және Малайзиядан келген отбасыларға бағытталған.
Жарнама кампаниясы бейнероликтер топтамасынан, әлеуметтік желі мен іздеу жүйелеріндегі контекстік және баннерлік жарнаманы қамтиды. Мысалы, Google іздеу жүйесінде жеткізуші visitalmaty.kz. сайтын насихаттайтын баннерлік жарнаманы орналастыруы керек. Мұндай жарнама кемі 500 000 клик жинайды деп жобаланған.
Facebook, Instagram, Tik-Tok, Weibo және WeChat сынды әлеуметтік желілер үшін жеткізуші Алматыны «Қазақстанның негізгі туристік орталығы» ретінде таныстыратын, әрқайсысы 15 секундтан аспайтын роликтер сериясын түсіруі керек. Роликтер кемінде 250 000 000 көрсетілім жинап, клик саны 300 000 жетуі қажет.
Facebook-тегі жарнама лүпіл мен пікірді қосқанда кем дегенде 15 000 000, ал YouTube-тегі пре-ролл және пост-ролл түріндегі әртүрлі бейнелер үшін кемінде 4 000 000 рет көрсетіліп, кемінде 2 000 000 көрілім жинауы керек екендігі бөлек айтылған.
Осы жоспарды ойдағыдай жүзеге асыру үшін әкімдік қосымша бес жарнамалық ролик түсіруге 53 660 710 теңге бөлді. Олар Алматыны Қазақстанның гастрономия астанасы ретінде танытуы, тау демалысының алуандығы туралы айтуы, сонымен қатар қаланың тарихы мен қазіргі жергілікті мәдениетті көрсетуі керек. Бұл бейнематериалдардың әрқайсысында қазақ, ағылшын, араб және қытай тілдеріндегі дауыс және субтитр болуы керек.
Танымал сайттардағы жарнама
Шетелдік туристерді қызықтыру үшін әкімдік мемлекеттік сатып алу сайтында танымал Tripadvisor туристік платформасында баннерлік жарнаманы орналастыруға 84 598 210 теңгеге тендер жариялады.
Тендердің сипаттамасына сәйкес, жеткізуші баннерлік жарнама үшін төрт суретті, логотип және жергілікті жарнама үшін 30 таңбалы тақырып әзірлеуі керек. Маркетиңдік кампания Алматыдағы гастрономия туризмнің мүмкіндігін, мәдени-танымдық жерлерді көрсетеді.
Сонымен қатар, жеткізуші Алматы туралы бірегей фото архив жинап, уеб-сайтта көрсетілетін тұнықтығы 4K, ұзақтығы 15 секундтық ролик түсіруі керек. Жалпы алғанда, мұндай жарнама шетелдік туристерге кемінде екі миллион көрсетілуі керек.
Туризм бюросы тағы бір танымал Expedia сайтында 70 500 000 теңгеге тағы бір осындай жарнама кампаниясын бастауды жоспарлап отыр.
Бұл жерде 15 секундтық имидждік бейнеролик түсіріп, порталда баннерлік жарнаманы орналастыру кіреді. Жарнамалық кампания АҚШ, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Германия азаматтарына бағытталған. Негізгі аудитория – жалғызбасты және отбасымен саяхаттайтын туристер.
PR кампанияның бір бөлігі ретінде платформа кемінде 50 000 000 пайдаланушыны қамтуы керек. Сонымен қатар, мақсатты нарықтарда кемінде екі миллион рет көрсетіледі деп жоспарланып отыр.
Екі маркетиңдік кампания үш айдан аспайды. Нәтижелер бойынша жеткізуші Алматы қаласының уеб-сайтына жарнамалық әсер мен өту бойынша статистика мен атқарылған жұмыс туралы есеп беруі қажет.
Оффлайн жарнама
Алайда әкімдік желідегі жарнамамен шектеліп қалмады. Бұдан да жақсы нәтижеге жету үшін туризм бюросы алты шетелдік әуежайда сыртқы жарнаманы орналастыруды жоспарлап отыр. Бұл үшін 116 943 750 теңге бөлінді.
Сипаттамаға сәйкес, Алматы туралы жарнама ролик Дубай әуежайында 134 статикалық LED экранда көрсетіледі. Стамбул халықаралық әуежайында жарнама 14 LED экранда көрсетіледі. Франкфурттағы Rhein-Main-Flughafen әуежайында жарнама тек бір экранда, сондай-ақ Лондондағы Хитроу және Париждегі Шарль де Голль әуежайларында көрсетіледі. Бірақ Сингапур әуежайында бейнеролик 11 экранда көрсетіледі.
Роликтердің ұзақтығы 10 секунд болады. Тәулігіне көрсетілім саны 2 250-ден 1 000-ға дейін өзгереді. Жарнамаларды таратуға арналған экрандар Duty Free аймағында, күту залдарында және ұшу терминалдарында орналасады.
Бұған қоса, шенеуніктер қалаға шетелдік «қоғамдық пікір лидерін» әкелуге қосымша 42 650 000 теңге жұмсамақшы. Бұл термин алыс және жақын шетелдерден келген блогерлер, музыканттар, әншілер, суретшілер және басқа да БАҚ өкілдеріне қатысты.
Туризм бюросы жыл бойына кем дегенде 50 селебритиді әкелуді көздеп отыр. Олар үшін премиум-класс трансфері ұйымдастырылады, төрт және бес жұлдызды қонақүйлердегі нөмірлер төленеді, сонымен қатар күніне үш мезгіл тамақтану және гидпен экскурсиялық турлар төленеді. «Қоғамдық пікір лидері» Алматыда барлығы 150 күн жүреді. Соңында олардың әрқайсысына ұлттық нақыштағы сыйлық қораптары беріледі.
Бұл жоба танымал жұлдыздармен ынтымақтастықты дамытуға және халықаралық деңгейде қаланың қолайлы имиджін қалыптастыруға бағытталады.
Қорытынды
Біздің есепке сәйкес, Алматы туризм бюросы небәрі 2024 жылы қаланы жарнамалауға 680 852 670 теңге жұмсауды жоспарлаған. Сонымен қатар, бұл шетелдіктерді тартуға кететін шығындардың қорытынды сомасы еместігін ескереміз.
Бұрын жазғанымыздай, мұндай сатып алулардың проблемасы – мұндай шығындардың елге келетін туристік ағынның өсуіне қаншалықты ықпал ететінін тексеру мүмкін емес. Мемлекет бұл мәселе бойынша статистика ұсынбайды, алайда «туристік өнімді насихаттауға» жұмсалатын қаржы жылдан жылға өсіп келеді.