Жалған | Вакцина алғандар қыста карантинге жату керек

Қыс жақындаған сайын желіде қазақстандықтарды алаңдататын «маусымдық» жалған ақпараттың жаңа түрлері пайда болып жатыр. Бұл материалда Factcheck.kz сондай таралған ақпараттың бірін талдайды.

Әлеуметтік желіде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық консультациялық эксперттер тобының бұрынғы вице-президенті, профессор Кристиан Перронн «барлық вакцинацияланған адам қыс айларында карантинге жатқызылуы керек, әйтпесе олар қатты ауырып қалуы мүмкін» және «вакцинацияланған адамдар басқаларға қауіпті» деген мәлімдесі тарады.

Үкім: Манипуляция және жалған

Француз дәрігері және профессор Кристиан Перронн, шынымен де, бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық офисіндегі Иммундау жөніндегі еуропалық техникалық консультациялық эксперттер тобының мүшесі болған (бұл қызметтен 2016 жылы кетті – ред.). Ал қазір ол – құрметті конспиролог. Вакцинацияланған адамдар басқаларға қауіпті және олар оқшаулануы керек екенін айтқан.  Ол UK Column деп аталатын Ұлыбританияның қастандық басылымына берген бір жарым сағаттық сұхбатында осындай мәлімдеме жасады (Media Bias/Fact Check ресурсының талдауы мына жерде).

Манипуляция туралы: содан кейін қастандық БАҚ-тың бірі COVID Global News бұл мәлімдемені жаңалық ретінде жариялап, әсерін күшейту үшін Перронның айтуынша, «барлық вакцинацияланған адам қыс айларында карантинге жатуы керек, олар қатты ауырып қалуы мүмкін» дегенді қосты. Хабарлама желіде кеңінен тарады. Шын мәнінде, профессор мұндай сөзді аузына да алған жоқ. Алдағы қыс туралы сұхбат берушілердің бірі айтқанымен, Перронның өзі оқшаулану туралы жалпы мағынада айтты.

Жалған туралы: қалай болғанда да жоғарыда айтылған сөздердің ешқайсы шындыққа жанаспайды. Вакцинацияланған адамдарға, әрине, вирус жұқтырмаса, қыста да, жылдың кез келген басқа уақытында оқшауланудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, Перронның вакцинацияланған адамдар басқаларға қауіпті деген мәлімдемесі де жалған.

Кристиан Перронның өзі ұзақ уақыт бойы жалған ақпарат таратып келеді. Пандемия кезінде ол клиникалық зерттеулерде коронавирусқа қарсы тиімділігі дәлелденбеген гидроксихлорохин мен ивермектин препараттарымен емдеуді белсенді түрде насихаттады.

Толығырақ түсіндірейік…

Вакцинацияланған адамдар вирусты жұқтыруы мүмкін, бірақ олар вакцинаны алмаған адамдарға қарағанда үлкен қауіп тудырмайды. Керісінше, вакцина салдырмағандарға қарағанда вакцинацияланған адамдардың COVID-19 жұқтыру ықтималдығы аз. Адам «Дельта» нұсқасын жұқтырса, біріншісі де, екіншісі де вирусты басқаларға жұқтыра алады. Алайда CDC мәліметі бойынша, вакцинацияланбаған адамдарға қарағанда, вакцинацияланған адамдарда вирус жүктемесі тез төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар, вакцинаның артықшылығы – аурудың ауыр ағымынан, ауруханаға жатқызудан және өлімнен жақсы қорғайды, бұны клиникалық зерттеулер дәлелдеді. Демек вакцинацияланбаған адамдарға қауіп төнеді. Бұл сұрақтар туралы толығырақ мына жерден оқуға болады.

Сондықтан вакцинацияланған адамдар (COVID-19-бен ауырмаған, – ред.) жылдың қай мезгіліне қарамастан оқшаулануы немесе карантинге жатқызылуы керек деген ақпараттың еш негізі жоқ.

Желідегі хабарламада Перронның мына айтқаны да келтірілген:

…Қазір бұл Израильде дәлелденді – мен ол жерде көптеген дәрігермен сөйлесемін – олардың проблемасы үлкен, ауруханалардағы ауыр жағдайлар вакцинацияланған адамдар арасында байқалады. Ал Ұлыбританияда вакцинация бағдарламасы кеңірек және проблемалар да бар.

К. Перронн

Біз дезинформаторлардың статистикаға қалай манипуляция жасайтынын, атап айтқанда, Израиль мысалында жеке мақала етіп жаздық. Мәселе мынада: қисынды түрде, халықты вакцинациямен қамту ұлғайған сайын, COVID-19 келесі жағдайының вакцинацияланғандар қатарында болу ықтималдығы артады, өйткені вакцина салдырғандар көп. Қарапайым мысал: 100% иммунизациясы бар қоғамда ауруханаға жатқызылатындардың барлығы – екпе салынғандар. Сондықтан жағдайлар, ауруханаға жатқызу және өлім туралы деректер халықтың иммунизация деңгейі мен вирустың нақты нұсқасы тұрғысынан қарастырылуы керек.

Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрлігі ауруханаға жатқызылғандар мен өлім-жітім туралы деректерді жариялай отырып, бұл деректер вакциналардың тиімділігін анықтау үшін пайдаланылмауы керек деп ескертеді. Өйткені халықтың басым бөлігі вакцина салдырғанын ескерсек, қате түсіндіру қаупі бар.

Дегенмен біз Кристиан Перронн айтқан екі елде де жағдайдың қалай болып жатқанын қарастырайық дедік. Осы мақаланы жазу кезіндегі деректердің пайдаланылғанын ескертейік.

Бүгінгі таңда Our World In Data ресурсы мәліметінше, Израильде халықтың 65%-і толық вакцинацияланған, ал халықтың 71%-і вакцинаның бір дозасын алған. Бір қызығы, Израильдің Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасаған Haaretz басылымы хабарлауынша, бүгінде ауыр жағдайлардың (73%) және өлімнің (65%) көпшілігі вакцинацияланбаған адамдарда болады.

Жалған | Вакцина алғандар қыста карантинге жату керек

Израильдегі COVID: ауыр жағдайлар (график – Haaretz)

Ұлыбританияға ұқсас жағдайды көріп отырмыз. Our World In Data мәліметі бойынша, елде халықтың 67 проценті толық вакцинацияланған, 73 проценті бір реттік вакцина салдырған. 12 жастан асқан тұрғындарды алатын болсақ, онда екпенің екі дозасын халықтың 79 проценті қабылдаған.

Төменде Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылдың 37 мен 40-аптасы (13 қыркүйек – 11 қазан) кезеңіндегі кейінгі есебі берілген.

Бізді 13-18-беттер қызықтырады. 13-беттегі кестеде көптеген жас тобында 100 000 адамға шаққанда вакцинаның екі дозасын салдырғандар арасында аурушаңдық жоғары екенін көрсеткенімен, келесі беттердегі цифрлар басқаша мәлімет көрсетеді. 100 000 адамға шаққанда барлық жас тобындағы вакцинацияланбаған адамдардың жедел жәрдем бөліміне түсу ықтималдығы вакцинаның екі дозасын салдырғандарға қарағанда әлдеқайда жоғары (соңғы екі бағанды ​​қараңыз). Екпе алмағандар арасында өлім-жітім де жоғары. Көрнекі графиктер 17-беттен басталады.

Контекст

Перронның кейбір ақпаратынан және COVID Global News мақаласының өзінен израильдік дәрігер Коби Хавив туралы жалған ақпаратты табуға болады, ол ауыр науқастардың 95%-і вакцинацияланғандар деп «мәлімдеді». Шын мәнінде, Хавивтің Израиль телеарнасына берген сұхбаты адамды жаңылыстыру үшін өңделген. Толығырақ талдауды мына жерден оқуға болады.

UK Column-ге берген сұхбатында Кристиан Перронн гидроксихлорокин, азитромицин, ивермектин, мырыш және D витамині сияқты препараттар коронавирусты емдейтінін мәлімдейді. Бұл бізге дәл осындай емдеуді қолдайтын, бір жылдан астам қауіпті жалған ақпарат таратып келе жатқан «Алғы шептегі Америка дәрігерлері» ұйымын еске түсірді. Олар туралы досьені мына жерден оқи аласыз.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz