Полигон куәлігі бар Семей тұрғындары тегін емделе ала ма?

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде полигон куәлігі бар Семей тұрғындарына қатысты: “Алматы қаласындағы Кекілбаев 129а көшесінде орналасқан полигондықтарға арналған поликлиника бар екен, сонда барсаңыздар любой нәрсе тегін” деген ақпарат тарап жүр. Әсіресе семейліктер арасында бұл ақпарат резонанс туғызды. Осы орайда Factcheck.kz сайты ақпаратты тексеріп көрді.

Құрметті қыздар, апайлар және семейліктер! Кімде Семейлік полигонская бар болса Алматыда Кекілбаева 129а, вот сонда қазір мен заведующийдің номерін жіберем, семейліктердің полигонскаясына арналған поликлиника бар екен. Вот сол поликлиникаға барсаңыздар тегін дәрі, кез келген бағада, қымбат болсын, арзан болсын, система, укол, шприцқа дейін түгел тегін, өздері салып береді, физ.лечение бар екен әлгінің ішінде және стомотология бар екен. Соған любой семейліктерді шақырыңдар деп жатыр екен. Заведующий хабарласыңдар, қазір жіберем, оған сіздердің книжкаларыңыз бен удостоверениелеріңіз ғана керек екен. [автордың стилі сақталған – ред.]

WhatsApp-ғы хабарлама

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, Кекілбаева 129а мекен-жайында полигондықтарға арналған поликлиника емес, ҰОС мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь орналасқан. Екіншіден, ҚР “Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы” Заң аясында куәлігі бар азаматтар тегін емделе алады, алайда кез келген уақытта емес, алдымен мемлекеттік порталға тіркелу арқылы жолдама алу керек.

Сонымен қатар, госпитальде ҰОС ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатынан және радиациядан зардап шеккен азаматтар емделе алады. Осыған сәйкес Госпитальде емделушілер:

  • Госпитальде емделу үшін өзінің тұрғылықты емxанасынан порталмен жолдама алу керек;
  • Госпитальде 10 күн жатып, емін алады;
  • Госпитальге келіп жатқан адам емді тегін алады;
  • Дәрі қолына берілмейді;
  • Күндізгі стационарға келушілер осында келіп, тамақсыз, тегін емін алып кетеді.

Госпитальдің директоры Дамир Даулетбаевтің айтуынша, жылына 3 мыңға жуық науқас емделе алады және жылына бір рет немесе сырқатының түріне қарай жылына екі рет емделуге болады.

ҚР “Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы” Заңы 1992 жылы 18 желтоқсанда шыққан. Осы заңның “Халыққа медициналық көмек ұйымдастыру” 17-бабы бойынша:

Семей полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету және оларға кешендi медициналық тексеру жүргiзу iсiн солар тұратын немесе жұмыс iстейтiн жердегі денсаулық сақтау мекемелері жүзеге асырады. Бұл адамдарға кезектен тыс мамандандырылған медициналық қызмет көрсету iсiн Қазақстан Республикасы аумағындағы барлық мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерi жүзеге асырады.

Сонымен қатар, осы бапта “оларды жеке есепке алу iсiн қамтамасыз ету үшiн Мемлекеттiк регистр құрылады” деп жазылған. Соған сай ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2012 жылы 2 тамызда №522 бұйрығын шығарған. Бұйрықта Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарды дербес есепке алу және бірыңғай тіркеуді жүргізу арқылы зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету қарастырылған.

Қорытынды: Семей тұрғындары арнайы ем алу үшін алдымен жергілікті денсаулық сақтау мекемелеріне барып портал арқылы жолдама алу керек. Кейін ҚР аумағындағы кез келген мамандандырылған медициналық мекемеде емделуге құқы бар.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz