Полиция COVID-19 туралы жалған ақпарат жасап, таратқан күдіктілерді ұстады

Ақмола облысында полицейлер коронавирус туралы жалған ақпарат жасап, таратқаны үшін екі күдіктіні ұстады. Ақкөл қаласының тұрғыны COVID-19 жұқтырған қазақстандықтар туралы ақпарат ойлап тауып, оларды астанадан Ақкөлге көшіріп жатыр деген фейк таратты. Бұл жайлы «Казинформ» хабарлайды.

“Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жалған хабар авторының жеке басы анықталды. Ол 48 жастағы Ақкөл қаласының тұрғыны болып шықты. Күдікті туысқанына мессенджер арқылы аудиожазба жіберген. Сондай-ақ, күдіктінің туысы да тексерілмеген ақпаратты басқа чаттарда таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады”, – дейді полиция.

Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 274-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (жалған ақпарат тарату).

Контекст

Қаңтар айында Ақтөбе облысының полицейлері коронавирус туралы жалған ақпарат таратты деген күдікпен фармацевтикалық компанияның қызметкерін тұтқындады.

Компания қызметкерінен жауап алу барысында ол жалған ақпаратты тарату фактісін мойындады. Қазір полиция департаменті ҚР ҚК 274-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуі ісін бастады.

Factcheck.kz