Коронавирус жайлы фейк таратқан фармкомпанияның қызметкері тұтқындалды

Ақтөбе облысының полицейлері коронавирус туралы жалған ақпарат таратты деген күдікпен фармацевтикалық компанияның қызметкерін тұтқындады. Бұл жайлы Polisia.kz порталы хабарлайды.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында 29 қаңтарда “Whatsapp”әлеуметтік желісі арқылы жалған ақпарат тарату фактісі анықталды.

Тексере келе мессенджерде дауыстық хабарлама таратқан қызметкердің жеке басы анықталды. Ол фармацевтикалық компанияның жұмысшысы болып шықты.

Компания қызметкерінен жауап алу барысында ол жалған ақпаратты тарату фактісін мойындады. Қазір полиция департаменті ҚР ҚК 274-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуі ісін бастады.

ҚР ҚК 274-бабының 2-бөлігіне сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жалған ақпарат таратқан азамат үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Factcheck.kz