Нан мен макарон көзге зиян ба?

24 қаңтарда stan.kz сайтында көзге ең зиян тағам өнімдеріне нан мен макарон жатады деген ақпарат жарияланды. Factcheck.kz бұл ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Окулист Уитни Селтманның айтуынша, көз саулығы үшін ең нашар өнімге макарон мен нан жатады. Дәрігер бұл тағамдардың көмірсулар мен қандағы қант деңгейін арттырып, көздің тор қабығындағы көру өткірлігін төмендетeтінін түсіндірді. Бұл өнімдер жасқа байланысты дегенерацияны мезгілінен бұрын арту қаупін туындатады. Ал қалыпты жағдайда бұл процесс 50-60 жас аралығындағыларға тән. Осыған орай адамда оқу мен көру барысында мәселелер туындап, галлюцинациялардың пайда болуы мүмкін. Қандағы қанттың көтерілмеуі үшін ақ нан мен макарондарды дәнді сорттағылармен алмастырған дұрыс. [Автордың стилі сақталды – ред.]

stan.kz

Үкім: Манипуляция

ДДСҰ дерегінше, қанда глюкоза артық болуынан туындайтын диабеттік ретинопатияда көздің торлы қабығындағы қан тамырлары зақымдалатындықтан, көру қабілеті нашарлайды. Ал галлюцинацияға келсек, Чарльз Боннет синдромы макулярлы дегенерация, глаукома, диабеттік ретинопатия кезінде болып, 50-60 жастан асқан қарттарда ғана емес, жастарда да кездеседі. Яғни, галлюцинация нан мен макарон өнімінің тікелей әсерінен емес, диабетпен ауыратын адамның ағзасындағы глюкоза артқанда пайда болады.

Контекст

ДДСҰ дерегінше, қандағы глюкоза деңгейі көмірсу мен қант әсерінен қаншалықты жылдам көтерілетіні гликемия индексімен (ГИ) өлшенеді. Тағамның ГИ-і жоғары болса, қандағы глюкоза көрсеткіші тез көтеріледі. Мұндай тағамға жоғарғы сұрыпты ұннан жасалған нан мен макарон өнімдері ғана емес, жануар майы, сыра, тәттілер, фаст фуд та жатады. ГИ-і жоғары тағам диабетпен ауыратын адамдарға зиян, ал егер ұйқы безі мен бауыр қалыпты жұмыс істесе, қандағы глюкоза деңгейі уақытша жоғарылап, біраздан кейін тұрақтайды.

ДДСҰ-ның диабетпен ауратын адамдарға берген ұсынысына сай, ГИ-і жоғары тағам қандағы глюкоза деңгейін және инсулин секрециясын тез көтереді. Сондықтан ГИ-і төмен тағам ағзаға пайдалырақ, мысалы қара нан жоғарғы сұрыптан жасалған ақ нан немесе макарон өніміне қарағанда қандағы глюкозаны тұрақты деңгейде сақтайды.

Factcheck Academy 2021 түлегі.

Factcheck.kz