Манипуляция | Қытайда жаңа қауіпті вирустың өршуі туралы хабарланды

Желіде Қытайдағы «жаңа вирустың» өршігені туралы жаңалық қарқынды түрде тарап жатыр. Биыл оны 60 адам жұқтырып, 7 адам қайтыс болған. Тромбоцитопениялық синдромы бар өткір безгекті тудыратын вирус (SFTS) негізінен кененің шағуы арқылы жұғады, сондай-ақ адамнан адамға қан немесе шырышты қабат арқылы да берілуі мүмкін. Коронавирустық пандемия жағдайында бұл жаңалықтың қазақстандықтар арасында алаңдатқаны түсінікті, оның үстіне кейбір БАҚ осы вирус пен SARS-CoV-2 вирусының ұқсастығы туралы хабарлап жатыр.

Үкім: Манипуляция

Мұндай вирус расымен бар. Ол туралы айтылған ақпаратты сенімді деуге болады. Бірақ кейбір БАҚ пен басқа да желі жазбасында айтылғандай жаңа вирус емес. Ол алғаш рет Қытайда 2009 жылы анықталды. Бұл ретте бірқатар зерттеулер вирустың бірнеше жылдан бері бар екенін көрсетеді. Бұл вирустың симптоматикасы коронавирустың белгілеріне ұқсауы мүмкін, бірақ ол SARS-CoV-2-ге ұқсамайды.

Толығырақ

Вирустар таксономиясы жөніндегі Халықаралық комитетке сәйкес, қазір Даби бандавирус деп аталатын (Қытайдағы Даби таулары аймағында пайда болған) STFS-вирус (SFTSV) Bunyavirales отрядының Phenuiviridae тұқымдасының бандавирус түріне жатады. Вирус геномы – үш сегменттен (S, M, L) құралған теріс полярлығы бар біртізбекті РНҚ.

Қытайда 2009-2010 жылдары адамдардың белгісіз патогенді жұқтыруы жағдайынан кейін ғалымдар тобы вирусты анықтай алды. Оны анықтау процесі 2011 жылы Жаңа Англияның медициналық журналында жарияланған Сюэ-Цзе Ю мен әріптестерінің мақаласында сипатталған. Сол мақалада қызба, тромбоцитопения, лейкоцитопения және асқазан-ішек белгілері (жүрек айну, іш өту) сынды негізгі клиникалық белгілер сипатталған. Олардан басқа протеинурия, гематурия және полиоргандық жетіспеушілік жиі байқалды. Ғалымдардың бақылауында болған пациенттер кластерінде өлім-жітім 12% құрады.

Одан кейінгі мақалалар көптеген зерттеулерге сүйене отырып, өлім-жітімді 6-30% аралығында болуы мүмкін деп хабарлайды. Қытайдағы өлімнің орташа деңгейі 5,3% құрайды. Мұнда қарт адамдар үшін қауіп жоғары. Симптомдардың тізімі кеңейтілді және бас ауруы, бас айналу, миалгия және ауыздан қан кетуді де қамтуы мүмкін. Эпидемияның негізгі кезеңі мамыр-шілде айларына келеді (басқа мәліметтер бойынша, сәуір-шілде). Инкубациялық кезең 6 күннен 13 күнге дейін болуы мүмкін. 2010-2016 жылдар аралығында жиналған мәліметтер вирустың өлім-жітімі жыл сайын өсіп келе жатқанын көрсетеді. Осыған байланысты қытайлық ғалымдар профилактикалық вакцина мен вирусқа қарсы препараттарды әзірлеу қажет деп санайды.

  • Бастапқыда вирустың тасымалдаушылары ретінде Ixodidae тұқымдасының H. Longicornis түрінің кенелері аталды, олар көптеген сүтқоректілерде, оның ішінде ешкіде, ірі қара малда, қойда, қоянда, есекте, шошқада, бұғыларда, мысықтар мен иттерде, егеуқұйрықтарда, тышқандарда, кірпілерде, аққұлақтарда, түлкі тәріздес күзендерде және адамдарда және кейбір құстарда паразиттейді. H. longicornis кенесі Азия-Тынық мұхиты аймағында, оның ішінде Қытай, Корея, Жапония, Аустралия, Тынық мұхиты аралдары мен Жаңа Зеландияда кең таралған.
  • Кейінгі зерттеулер вирус векторларының тізімін кеңейтті. Осылайша, 2012 жылы Юнь-Чжэн Чжан мен әріптестерінің зерттеуі R. microplus кенелерінің H. Longicornis-тен әлдеқайда аз болса да, тасымалдаушы екендіктерін көрсетті. Сонымен бірге, вирус R. microplus кенелерінде эндемикалық аймақтарда да, эндемикалық емес көрші аймақтарда да табылды, ал H. Longicornis жұқтырған адамдар тек эндемикалық аймақтарда болған.
  • Шивен Ван мен әріптестерінің 2015 жылғы зерттеуі H. Longicornis пен R. microplus вирустың екі негізгі тасымалдаушысы екенін растады. Оның үстіне вирус өсімдіктерден жиналған бірдей түрдегі кенелерге қарағанда жануарларды паразиттейтін кенелерде жиі кездескен. Мұндай тұжырымдар вирустың оның сақталуы мен таралуына ықпал ететін зоонозды иелерін анықтау қажеттілігіне әкеледі. Зерттеу авторларының өздері әлі күнге дейін бастапқы иелердің сүтқоректілер екендігіне күмәнмен қарайды.
Манипуляция | Қытайда жаңа қауіпті вирустың өршуі туралы хабарланды
Сурет: H. Longicornis – нимфа және ересек аналық (дереккөзі – cdc.gov)

Анығында, вирустың ықтимал иелері мен тасымалдаушылар әлдеқайда көп болуы мүмкін. Вирус Қытайда ғана емес, Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа бөліктерінде де кездесетіндіктен, басқа елдердің ғалымдары да өз зерттеулерін жүргізіп, жаңа қызықты тұжырымдарға келуде. Мысалы, Оңтүстік Корея ғалымдары вирусты кенелердің тағы екі түрінен – I. nipponensis және A. Testudinarium кенелерінен тапты. Сонымен бірге, бұл кенелер кесірткелер мен жыландардан да жиналды, бұл бауырымен жорғалаушылардың осы түрлерін SFTSV ықтимал иелерінің тізіміне қосады.

Вирус науқас адамнан сау адамға да жұғуы мүмкін. Қазіргі уақытта жұғу қан немесе шырышты қабат арқылы жүреді деп болжануда. Ғалымдар фермерлерді қауіпті топта деп санайды, өйткені олар жануарлармен жиі байланысады және егістікте көп уақыт өткізеді.  Сонымен қатар ветеринарлар мен қасапшылар да қауіпті топта.

Қазіргі уақытта Қытайда вирусты емдеу үшін Рибавирин жиі қолданылады. Әр түрлі дәрі-дәрмектердің (рибавирин, фавипиравир, гексахлорофен және т.б.) тиімділігін талдау туралы жапон ғалымдары Муцуе Такаяма-Ито мен Масаюки Сайдзенің Frontiers in microbiology журналындағы зерттеуінен оқуға болады.

Шын мәнінде вирус қашан пайда болды?

Соңғы зерттеулер Қытайда, Жапонияда және Оңтүстік Кореяда вирустың 122 штаммын талдау арқылы вирустың уақыттық және кеңістіктегі таралу жолдарын бақылай алды. Есеп көрсеткендей, вирус шамамен 20-87 жыл бұрын орталық Қытайдың Даби таулары аймағында пайда болды және сол жерден елдің басқа бөліктеріне, Жапония мен Оңтүстік Кореяға таралды.

Вирустың 2009 жылға дейін бұрыннан бар екенінің айғақтары Цзяньли Ху мен оның әріптестерінің PLOS Neglected Tropical Diseases журналында жарияланған зерттеулерінде де көрсетілген. Ғалымдар 1996 жылы безгек және тромбоцитопения белгілері бар белгісіз аурумен ауырған науқастар тобының эпидемиологиялық және клиникалық мәліметтеріне ретроспективті талдау жүргізуді ұйғарды. 1996 жылғы қарашада жиналған 6 науқастың сарысуының иммуноферменттік талдауы барлық пациенттерде SFTSV-ге IgM антиденелері болғанын көрсетті. Одан бөлек, IgG вирус антиденелері инфекциядан тірі қалған 4 науқастан 14 жыл өткен соң табылды.

Қорытынды

  • SFTSV жаңа вирус емес. Зерттеулерге сәйкес бірнеше жылдар бойы Қытай мен көрші елдерде болған.
  • Вирус пен SARS-CoV-2-нің ұқсастығы туралы хабарлардың еш негізі жоқ. SFTSV вирустардың басқа тобына кіреді және ауа тамшыларымен жұқпайды. Вирустың негізгі тасымалдаушысы – H. Longicornis кенесі.
  • Әзірге вирустың жаһандық тұрғыда қауіпті екенін көрсететін деректер жоқ.


Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz