Соңғы күндері әлеуметтік желілерде коронавирус жаңа варианттарының алдын ала жоспарланғанын, тіпті әрқайсының күндеріне дейін жазылғаны туралы түрлі алып-қашпа әңгімелер тарап жүр. Суретте бейнеленген кестеде әрбір штамның қай айда “пайда болатыны” туралы ақпарат және вирустың тарауы 2023 жылға дейін жалғасыпты-мыс. ДДСҰ, World Economic Forum және Johns Hopkins Университеті бірлесіп жасаған деген де сілтемелер де бар. Осы ақпаратты Factcheck.kz сайты тексеріп көрді.
Үкім: Фейк
Суретте бейнеленген ақпаратқа қарайтын болсақ, “Дельта” вариант 2021 жылдың маусымында “анықталады” деп жоспарланған. ДДСҰ ресми мәліметінше, бұл вариант алғаш рет Үндістанда 2020 жылдың қазанында анықталған. Сонымен қатар, кестеде вирустың “Альфа” мен “Бета” варианты жазылмапты. Ал “Ета”, “Йота”, “Каппа” және “Лямбда” варианттары 2020 жылдың соңғы айларында анықталды.
ДДСҰ мамырдың соңында COVID-19 вирусын тудыратын SARS-Cov-2 вариантының пайда болған түрлерін белгілеудің жаңа әрі қарапайым жүйесіне көшкен болатын. Атап айтққанда, варианттарды түсінікті тілмен жеткізу үшін грек әліппесін пайдаланғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, кестенің жанында ДДСҰ, World Economic Forum және Johns Hopkins Университетінің логотиптерін пайдаланып, осы жоспарды бірлесіп жасады дегенге келтірген, алайда ешқандай ғылыми дәлел жоқ әрі конспирология екенін көреміз. Кестенің өзінде де ешқандай сілтеме не болмаса дәлелдейтін құжаттар жоқ. Сондықтан ақпаратты арандату үшін жазылған деуге толық негіз бар.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.