Коронавирустың жаңа түрі тарады

Ғалымдар дүниежүзінде ковидтің XEC деген жаңа түрі тарап жатқанын айтты. Дәл осы түрі коронавирустың негізгі түріне айналуы мүмкін. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады.

Америкалық ғалым және Скриппс зерттеу институтының директоры Эрик Тополдың айтуынша, бұл вирустың түрі алғаш рет биыл маусымда Германияда табылды, содан бері XEC-ке қатысты жағдайлар Ұлыбританияда, АҚШ-та, Данияда және басқа да бірқатар елде тіркелді.

“XEC негізгі ауру түріне айналғаны анық. Бірақ ол қарқынды тарауы үшін бірнеше ай қажет”, – деді Топол.

Ғалымдардың айтуынша, XEC басқа вирустың басқа түрлеріне қарағанда тез тарайды. Дегенмен олар қолданыстағы вакциналар аса ауыр зардаптардың алдын алуға көмектесуі керек деп есептейді.

Фармацевтика өнеркәсібі коронавирусқа қарсы вакциналарды үнемі жаңартып отырады. Бірақ оларды әлі жаңа нұсқаға бейімдеген жоқ.

Лондон университеттік колледжінің генетика институтының жетекшісі, профессор Франсуа Балудың болжамы бойынша, XEC келесі қыста Covid-19-дың негізгі нұсқасы болуы мүмкін.

Factcheck.kz