Қытайда локдаунға қарсы митиң өтіп жатыр

Қытайдың бірнеше қаласында коронавирусқа қатысты локдаунға наразылық акциясы жүріп жатыр. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.

Наразылық білдірушілер биліктен коронавирус инфекциясына байланысты енгізілген шектеулерді алып тастауды талап етті. Оған қоса олар Си Цзиньпиннің отставкаға кетуін, елде демократиялық реформалар жүргізуді, цензураны жоюды талап етіп жатыр. Олардың мұндай әрекетіне Шыңжаң ауданы Үрімжі қаласындағы көпқабатты үйдегі өрт себеп болған.

24 қарашада Шыңжаң ауданы Үрімжі қаласында көпқабатты үйде өрт болып, салдарынан 10 адам қаза тапты, басқа тұрғындар жарақат алды. Куәгерлердің айтуынша, локдаунға байланысты пәтерлердің есігі жабық болғандықтан апат кезінде тұрғындар сыртқа шыға алмаған. Оған қоса шектеу шаралары құтқарушылардың қызметіне кедергі келтірген.

Алайда Қытай билігі бұл ақпаратты жоққа шығарып отыр.

The Guardian басылымының мәлімдеуінше, Қытай билігі елде коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты Шыңжаң ауданында локдаун енгізген. Үрімжінің төрт миллион халқының көпшілігіне үш айдан астам уақыт үйден шығуына тыйым салынған.

Шыңжаң — қазақ, ұйғыр сияқты азшыл этника өкілдері шоғырланған аудан. Осы күнге дейін батыс елдері мен құқық қорғаушылар Қытайды мұсылман азшыл топ өкілдеріне қысым көрсетті және мәжбүрлі түрде лагерде ұстады деп айыптады. Алайда Қытай үкіметі мәлімдемелерді мойындамай келеді.

Factcheck.kz