Мигранттар туралы мифтер

«Мигранттар жұмыс орындарын тартып алады», «жалақыны төмендетеді», «қылмыстық жағдайды ушықтырады» деген сияқты пікір күнделікті таласқа айналып, әлем саясаткерлерінің де жиі айтатын мәселесі болды.

Мысалы, миграцияға қарсы ұстанымымен танымал Дональд Трамп қараша айының басында сайлауалды сөзінде АҚШ-ты «оккупацияланған ел» деп атады. Бұған дейін, сәуірде, ол шекараны заңсыз кесіп өткен мигранттарды «жануар» деп атап, ал 2023 жылғы қазанда мигранттар «еліміздің қанын улайды» деп мәлімдеген болатын. Осыған ұқсас пікірді Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан да айтып, қыркүйектің басында миграция Еуроодақты «құртатынын» айтты.

Мұндай шулы мәлімдемелер антимигранттық риториканың бір бөлігіне айналып, қорқыныш пен стереотиптерді күшейтеді. Бірақ бұл мәлімдемелердің қаншалықты негізі бар? Осы материалда мигранттарға қатысты танымал мифтерді талдадық.

№1-миф: «Мигранттар жұмыс орындарын тартып алып, жалақыны төмендетеді»

Факт: Зерттеушілер миграцияның еңбек нарығына әсері көбіне елеусіз, кейде оң нәтиже беретініне көз жеткізген. Сонымен қатар, миграция жалпы экономикаға да жақсы әсер етеді деп баға береді.

Еңбек нарығына миграцияның ықпалын бағалау үшін әр елдің жағдайын жеке қарастыру, жергілікті статистика мен зерттеулерді зерделеу қажет. Бұл әсер уақытқа, орынға және миграция түріне байланысты әртүрлі болуы мүмкін.

Мысалы, ұзақ оқуды қажет ететін жалақысы жоғары мамандардың миграциясы төмен жалақылы салаларға қарағанда әсері басқа.

Калифорния университетінің халықаралық экономика профессоры әрі Ғаламдық миграция орталығының директоры Жованни Перридің зерттеулері көрсеткендей, мигранттар жергілікті жұмысшыларды ығыстырмайды, керісінше, оларды толықтырады.

Төмен білікті мигранттар көбінесе жергілікті тұрғындар істегісі келмейтін жұмыстарды атқарады. Олар өндіріс орындарында физикалық және ауыр жұмыстарды өз мойнына алып, білікті мамандарға күрделі тапсырмаларға шоғырлануға мүмкіндік береді. Бұл жалпы өнімділікті арттыруға септігін тигізеді.

Мысалы, балаларға күтім жасау саласындағы мигранттардың көбеюі осындай жұмыс орындарына бәсекелестікті арттырумен қатар, аналық міндеттерімен жұмысты қатар алып жүретін әйелдердің жұмыспен қамтылуын да арттырады.

Білікті мигранттар, профессор Жованни Перридің айтуынша, инновацияға стимул береді, жергілікті мамандардың тапшылығынан болған олқылықтарды толтырады және өздері жаңа жұмыс орындарын ашуға себепші болуы мүмкін.

Осылайша, миграция тек «жұмыс күшінің ұсынысын» көбейтіп қана қоймай, жұмыс күшіне деген сұранысты да арттыра алады. Себебі экономикадағы жұмыс орындарының саны тұрақты емес («жұмыс көлемі өзгермейді» деген жаңсақ пікір).

АҚШ-тың Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының (National Bureau of Economic Research, NBER) көлемді зерттеуі миграцияның жергілікті халықтың жалақысына әсері мардымсыз екенін, әсіресе жоғары білікті мамандар арасында байқалатынын көрсетті. Тіпті кейбір секторларда, АҚШ экономикасында өнімділіктің артуына байланысты жалақының өсуі тіркелген.

Ұзақ мерзімде аздаған теріс әсерлер экономикаға әкелетін пайдасымен өтеледі (шығынның азаюы, міндеттерді мамандандыру, өнімділіктің артуы).

Жұмыс берушілер миграцияның арқасында көбірек адам жалдауға болатын секторларда (мысалы, ауыл шаруашылығы немесе қарттарға күтім жасау) өндірісті арттырып немесе еңбекті көп қажет ететін әдістерді қолдана алады.

Сондай-ақ зерттеулер миграцияның халықаралық саудаға да оң әсер ететінін көрсетеді. Мигранттар коммуникациялық, мәдени, институционалдық және логистикалық кедергілерді азайтып, іскерлік байланыстарды кеңейтеді және өз елдерінің тауарларына сұраныс тудырады. Олар жергілікті азаматтар сияқты тұтынушы және тауарлар мен қызметті сатып алады.

№2-миф: «Мигранттар қылмыс пен терроризм деңгейін арттырады»

Факт: Мигранттар, соның ішінде миграциялық мәртебесі реттелмегендер де, жергілікті тұрғындарға қарағанда қылмыс жасау ықтималдығы төмен (әлемнің барлық елінде, соның ішінде Қазақстанда да).

«Құл сияқты жұмысқа салады», «Ресей – орыстар үшін», «Тәртіп орнату керек» — Орталық Азиядан келген мигранттарға қарсы Ресейде айтылатын ұрандар. Ал шын мәнінде жағдай қалай?

РФ Ішкі істер министрлігінің ресми деректеріне сүйенсек, 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Ресейде шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар 703,2 мың тергелген қылмыстың 30,2 мыңын жасаған, бұл жалпы алғанда шамамен 4,3%. 1 қазандағы жағдай бойынша Ресейде 6,5 миллион шетелдік азамат тұрады, бұл ел халқының шамамен 4,4%-іне тең. Осындай статистика жыл сайын қайталанып отырады. Мысалы, 2017 жылы «Такие дела» басылымы 2010-2016 жылдардағы ұқсас көрсеткіштерді келтірген.

Мұндай жағдай тек Ресейге ғана тән емес. Еуропада мигранттар қылмыс пен терроризмді көбейтеді деген түсінік те көбіне қорқынышқа негізделген. GLOBSEC ұйымының «Еуропада терактілерді кім жасайды?» атты есебіне сәйкес, Еуропадағы терроризм негізінен жергілікті сипатқа ие.

Есепте «ЕО-да ұсталған, өлтірілген немесе елден шығарылған террористердің көбі өздерінің террористік әрекеттерін бастамай тұрып, ұзақ уақыт бойы Еуропада өмір сүрген» делінген. Есепте сипатталған 197 жағдайдың 144-інде күдіктілер өмірінің көп бөлігін ЕО аумағында өткізген. Еуропаға келген миллиондаған босқындардың арасында террористік шабуылдарға қатысы барлар саны 0,2%-тен аз.

2023 жылы Қазақстанда құқық бұзғандардың арасында шетелдіктердің үлесі 3%. Олардың ең көп таралған құқық бұзушылықтары: ұрлық (шетелдіктер жасаған барлық құқық бұзушылықтың 23%-і), контрабанда (14%), шекараны заңсыз кесіп өту (12%), алаяқтық (6%), ұсақ ұрлық (6%). Бұл құқық бұзушылықтардың жиынтығы шетелдіктер жасаған барлық құқық бұзушылықтардың 61%-і. Бұл деректер Қазақстандағы мигранттардың қылмыстық белсенділігі жоғары деген мифті жоққа шығарады.

АҚШ-тағы жағдай да осындай. Америкалық иммиграция кеңесі 19802022 жылдар аралығындағы деректеріне сәйкес, иммигранттар санының артуымен қылмыс деңгейі төмендей берген. Мысалы, 1980 жылы халықтың 6,2%-і иммигранттар болған, ал қылмыс деңгейі әр 100 000 адамға шаққанда 5 900 болған. 2022 жылы иммигранттардың үлесі 13,9%-ке дейін өсті, ал қылмыс деңгейі 60%-ке азайып, 2 335-ке жетті.

Әрине, қылмыс деңгейінің төмендеуіне әсер ететін көптеген фактор бар. Алайда, ФБР мен Халық санағы бюросының мәліметтеріне негізделген зерттеулер штаттардағы иммигранттар үлесі мен қылмыс деңгейі арасында корреляция жоқ екенін көрсетті. Бұл бұрынғы зерттеулердің нәтижелерін растайды: иммигранттардың көбеюі қылмыс деңгейінің артуына әсер етпейді.

Қылмыс пен терроризм ұлтқа немесе миграциялық мәртебеге емес әлеуметтік-экономикалық факторларға байланысты.

№3-миф: «Шекарадағы шектеулер миграцияны азайтады»

Факт: Шекараларды жабу миграцияның автоматты түрде азайтпайды.

Шекараны жабу оңай шаруа емес. Миграцияға қатысты шектеулер көбінесе күтпеген салдарға әкеліп, бастапқы мақсатты бұзады.

Біріншіден, миграциялық шектеулер адамдарды айналма жолдарды іздеуге мәжбүр етеді. Мысалы, еңбек мигранттары жұмыс визасын заңды түрде ала алмаған жағдайда, отбасын біріктіру механизмдерін қолдана бастайды. Бұл ресми түрде заңды арна болып саналса да, іс жүзінде шетелде жұмыс істеуді жоспарлағандардың миграция құралына айналады. Осылайша, қатаң шаралар миграцияны жоя алмайды, тек оның форматын өзгертеді.

Екіншіден, шекаралық бақылаудың күшеюі контрабандашыларға сұранысты арттырады. Мысалы, егер бұған дейін мигранттар құрлықтық жолдар арқылы шекарадан өте алса, қатаң тексерулер енгізілген соң олар теңіз жолдарын пайдалануға мәжбүр. Бұл Африка мен Еуропа арасындағы заңсыз қайық миграциясының өсуіне әкелді. Шекараларды күшейту ағынды тоқтатпады, керісінше, оны бақылаусыз әрі мигранттар үшін қауіпті етті, сонымен қатар ұйымдасқан қылмыстық желілердің пайда болуына ықпал етті.

Үшіншіден, шектеулер «қазір немесе ешқашан» принципі бойынша миграцияның күрт өсуін тудырады. Мысалы, 1975 жылы Суринам Нидерландтан тәуелсіздік алған кезде, Нидерланд үкіметі суринамдықтар жақын арада голланд азаматтығын алу құқығынан айырылатынын жариялады. Мұны естіген Суринам халқының 40%-і виза режимі енгізілгенге дейін Нидерландқа көшуге асықты. Бұл шара миграцияны азайтудың орнына, оны күшейтті.

Ақыры, шектеулер миграцияның табиғи циклдік сипатын бұзады. Бұрын мигранттар маусымдық жұмыс аяқталғаннан кейін үйлеріне оралатын. Мысалы, 1991 жылға дейін марокколықтар Испанияда осылай істейтін. Ол кезде елдер арасында еркін қозғалысқа мүмкіндік бар еді, сондықтан миграция уақытша сипатқа ие болды. Бірақ Шенген келісімі аясында виза режимі енгізілген соң, мигранттар Еуропаға қайта келе алмай қалудан қорқып, бір жола сол жерде қалуды жөн көрді. Кейін олар отбасыларын көшіріп әкеліп, Испаниядағы марокколық диаспораның саны 700 мың адамға дейін өсті.

Бұл үкіметтердің миграцияны бақыламауы керек дегенді білдірмейді. Бірақ либералды саясат жаппай миграцияға әкелмейді, ал нашар ойластырылған шаралар кері нәтиже береді. ЕО елдеріндегі тәжірибеден байқағанымыздай, еркін миграция әдетте циклдік сипатқа ие: адамдар келеді, жұмыс істейді, содан кейін қайтады. Ал ереже қатаңдаған сайын, мигранттардың тұрақтап қалуға деген ұмтылысы күшейеді. Бұл күтпеген әсерлер саясаткерлер үшін күрделі дилеммалар туғызып, бақылау мен икемділіктің арасындағы тепе-теңдікті қажет етеді.

Қорытынды

Миграция – күрделі әрі көпқырлы процесс. Әртүрлі елден алынған мысалдар мен деректер қоғамда антимигранттық көңіл-күй тудыратын көптеген пайымдаулардың шындыққа жанаспайтынын және шындықты емес, көбінесе алдын ала қалыптасқан көзқарастарды көрсететінін дәлелдейді. Мигранттар экономикада маңызды рөл атқарады, олар кадрлар жетіспейтін салаларды толтырып, бос орындарды жабады.

Сонымен қатар, миграция әр өңірдің ерекшеліктерін ескеретін жүйелі тәсілді қажет етеді. Мигранттар тап болатын мәселелер көбінесе қолдаудың жетіспеуімен, білім беру бағдарламаларына шектеулі қолжетімділікпен және кемсітушілікпен байланысты. Миграцияны шектеудің немесе стереотиптерді күшейтудің орнына, өзара бейімделу, әлеуметтік бірлік пен даму үшін қолайлы жағдай жасау маңызды.

Мигранттар қабылдаушы елдерде өз орындарын тауып қана қоймай, олардың экономикасының, мәдениетінің және қоғамының ажырамас бөлігіне айналады. Олардың қосқан үлесін мойындау және кедергілерді жою – тұрақты әрі әділетті әлемге апаратын жол.

Исследовательница миграции и национализма в Paperlab

Factcheck.kz